Қаржы • 08 Қараша, 2024

Биржа біршама өзгерді

78 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан қор биржасы (KASE) көрсеткіш­тері мен сау­да белсенділігіне қатысты бірнеше маңызды өзгеріс болды. Қыркүйек айында KASE индексі 2,5%-ға төмендеп, 5 171,79 тармаққа дейін жетті. Бұған «Kaspi.kz» АҚ акциялары бағасының 14,8%-ға түсуі себеп.

Биржа біршама өзгерді

Өзгерістердің көптігі­нен акциялар нарығының капиталдануы 4,5%-ға, яғни 1,5 трлн теңгеге азайып, 31,5 трлн теңгені құрады. Акциялармен сауда-сат­тық көлемі өткен аймен са­лыстырғанда 19,0%-ға ар­тып, 10,8 млрд теңгеге жет­ті. Жалпы алғанда, сау­да-саттық көлемінің өсуі негізінен «KEGOC» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Баян Сұлу» АҚ акцияларымен байланысты. Ал корпоративтік обли­гациялардың сауда-саттық көлемі биыл қыркүйекте 0,1%-ға азайып, 14,2 трлн теңгеге жетті. Бұл төмендеу негізінен кор­поратив­тік облигациялардың бас­тап­қы на­рығындағы сау­да-саттық көлемінің тө­мендеуінен болды. Себебі сауда-саттық көлемі қайта­лама нарықта 50,9%-ға тө­мен­­деген.

Мемлекеттік баға­лы қа­­ғаз­дар мен сау­да-сат­­­тық көлемі 0,8%-ға өсті. Оған мемлекеттік обли­га­циялардың сатылуы мен сау­да кө­лемінің ұлғаюы әсер етті. Биыл 1 қазандағы жағдайда инвестиция­лық пай нарығындағы басқа­рудағы активтер 0,1%-ға азайып, 297,7 млрд теңгеге дейін төмендеді. Бағалы қағаздар нарығының кәсі­би қатысушыларының ак­тив­тері 0,7%-ға, яки 4,9 млрд теңгеге артып, 742,1 млрд теңгеге жетті. Бұл өзге­ріс негізінен борыштық ин­вестициялардың әрі заңды тұл­ғаларға жасалған капитал са­лым­дарының артуымен байланыс­ты.

KASE индексі мен қар­­жы на­рық­тары биыл түр­лі фактордың әсері­нен өз­герістерге ұшыра­ды. Ак­циялар мен облига­ция­лардың сауда көлемі бірқатар эмитентпен бай­­ланысты ұлғайса да, кей­бір акциялар, әсіресе «Kaspi.kz» акцияларының төмендеуі жалпы нарық капиталдануына әсер етті.

1 қазандағы ахуалда KASE сау­да тізімдерінде 85 отандық эми­тенттің 100 атауының акция­сы бар-тұғын. Оның ішінде 2 эми­тенттің 2 атауының акциялары «Листингтік емес бағалы қағаздар» секторында айналысқа жіберілді. «KASE Global» секторында 46 түрлі акция, 55 шетелдік эмитенттен 12 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі негізінен «Microsoft Corporation», «Apple Inc», «Advanced Micro Devices» акцияларының сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен бір айда 17,0%-ға, яки 0,5 млрд теңгеге азайды. Сонда жалпы сомасы 2,4 млрд теңге болды.

KASE-де мемлекеттік бағалы қа­ғаздармен сау­да-саттықтың жиын­­тық кө­лемі бастапқы нарық­тағы сауда-саттық көлемінің қысқа­руы нәти­жесінде бір айда 14,8%-ға немесе 440,6 млрд теңгеге азайып, 2024 жылғы қыркүйек айының қорытындысында 0,5 трлн теңгені құрады.

Мемлекеттік бағалы қағаздар бастапқы нарығын­дағы сауда-саттық көлемі 33,1%-ға төмендеді. Оның ішінде Қаржы министр­лігі 7 облигациялар шығары­лы­мын орналастырып, өтеуге табыс­тылығы 13,16-13,43%-ды құрайтын 203,1 млрд теңгені тартты. 11 облыс­тың және Алматы, Шым­кент қа­лаларының әкім­діктері мемле­кеттік бағ­дар­ламаларды іске асыру шең­берінде 54,0 млрд теңге тартты.