Әдебиет • 09 Қараша, 2024

Қайыспас қайыңдай қайсарлық

228 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ақын боп ғұмыр кешу оңай деймісің, қарағым»... Иә, әр тағдыр – жеке-жеке сәттер жиынтығы. Әр таланттың өзіне ғана тән тағдыры бар. Мәселен, Рубен Дарио мен Поль Верленнің жаны нәзік болғанымен, кешкен ғұмырлары сан салалы.

Қайыспас қайыңдай қайсарлық

Нұртас Исабаев есімі көзіқарақты оқырманға ерте күннен-ақ таныс. Ақынның шуақты, қайсар жырлары заман­дастарына жігер отын құйып, жылылық үлестіріп келеді. Исабаев поэзиясы туралы сөз болғанда, өз басым «Қимаймын сені» әнін еске аламын. Мұң мен наз аралас толқымалы әнді естіп тебіренбеу мүмкін емес. Ал ән тарихына үңілсеңіз, ақынның тұтас аңсар-сағынышының қайнар бұлағына кезіккендей боласыз. Расында, «талантты тұлғалар тағдырлы болады» деседі. Елі­нен жырақта бәдәуилік ғұмыр кешкен Рембоның аяныш­ты кейпі, Пушкиннің жиырмадан асқан шағында-ақ патша тарапынан қуғын көріп, айдауға түсуі, Аполлинердің майдан шебінде жанталасуы – ақын­дық ғұмырдың бір сарынды болмайтынының айғағы.    

«Бақытты жан неге өлең жазбасын,

Ойлай ма екен ақын жалғыз өз басын?

Бақыттымын деп қуанып жыр жазам,

Махаббаттың оты лаулап маздасын!

Бұл өмірде дей алмаспыз аз уайым,

Көктем өтсе, қарсы аламыз жаз айын.

Болу үшін әрқашан да бақытты,

Бақытты жан болып өлең жазайын!».

Бақытты әркім өзінше түсінгенімен, шын бақыт – жүрек тыныштығы, жан тояты. Ішкі сарайында шаттық таппаған жан оны басқа ешбір жерден таба алмақ емес. Қазіргі аласапыран қоғамда адамдар сырттан сыр іздеп сабылуда. Ал шығыс даналығы храмнан, ғибадатханадан таппаған жан бақытын жүректен іздеуге үндейді.

Ақын Нұртас Исабаевпен жиындарда, мерекелік кештерде кездескен сәтімізде, жан бақытына жеткен тұлға екенін бағамдадық. Неге десеңіз, айналасына шұғылалы қуат таратқан қайсар тұрпаттан қанағатты жүректің ізін көруге болады. Ал адам жүзі – алдай алмайтын бірден-бір нұсқа. Нұрлы ақылды, жылы жүректі шайырдың өзінен өлеңі көрініп тұрады.

«Қорқамын қала ма деп дауға басым,

Жақсылық жерге өзі жаумағасын.

Ақпанның аязы да өте шығар,

Жанымыз ешқашанда жаурамасын!»

Тән жарасы жазылар, бірақ жүрек дағы бұлақ суымен жуылмайды, теңіз суымен шайылмайды. Ақын осыны меңзеп отыр.

Нұртас Исабаев – бірнеше танымал әні сөздері­нің иесі. Мәселен, ақынның белгілі әнші Мақпал Жүнісова шырқайтын «Ақ тілектер» әні, әйгілі жұп Қанат пен Света Айтбаевтар орындайтын «Аңсау», «Қимаймын сені», Жеңіс Ысқақова сызылта салған «Қош келдің, жаңа жыл» сынды бірнеше әні ел ықыласына бөленген.

Автордың проза жанрында қалам тартқан «Өмірге құштарлық» романы қызықты әрі елеулі еңбек. Романда ақынның өз өмір тарихы баяндалады. Мәскеуден оқып келген бетте «Жигули» автокөлігімен тағдыр сынағына тап болған тұсы, онан кейінгі ащы да сындарлы, талпыныс мен құштарлыққа толы өмір легі кітапта қызықты, айшықты тілмен кестеленеді. Ақын романы туралы бүй дейді: «Өмірге құштарлық – өмірді сүю, өмір мен адамдарға деген махаббат, туған елге сағыныш. Бұл романда өмірге құштарлық арқылы адам басынан өтетін кез келген қиындық пен тауқыметті жеңуге болатынын көрсеткім келді. Әр адамның басында түрлі жағдайлар, алуан тағдырлар болады. Осының барлығын адам өмірге талпынысы мен ерік-жігерінің арқасында жеңіп шыға алады» дейді автор. Тағы бір сұхбатында романның оқырман санатынан үздіксіз сұранысын баян етіп: «Оқырман романды жақсы қабылдады, сұраушылар көп. Қаншама адам хабарласып, телефон соқты. Сұраушы оқырмандардың бәріне баспаның, кітап сатылатын дүкеннің мекенжа­йын айтып отырамын. Оқырмандардың мұндай қызу ынтасы маған үлкен жігер береді, қуаныш­қа бөлейді. Менің өмірім, тағдырым көп адамды қызықтырса керек» дейді. Расында, роман желісі кісіні Құдайдың әрбір нығметінің қадірін білуге жетелейді. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Баубек Бұлқышевтың майданда жазған өмірқұмар шығармалары секілді көкірекке күн түсті сәуле құяды. «...Міне, Нұрлан бүгін де күндіз үйдің алдындағы аула ішінде турниктің, темір брусының қасында отыр. Бағанадан бері соларға асылып, аяқтарын жерге тіреп, дене шынықтырумен айналысты. Айналасында Димаш пен басқа балалар, қыздар шулап ойнап жүр. Түнде ғана жаңбыр жауған. Ауа тұп-тұнық, таза. Күздің шуақты күні жадырап, дүниені нұрға бөлейді. Талдардың сарғайған жапырақтары тырсылдап жерге түсіп жатыр. Торғайлардың сайраған дыбыс­тары естіледі. «Жиырма бес жыл жүрдім, жиырма бес жыл отырдым, енді қалай да тұруым керек» деп Нұрлан өзін-өзі қайрап, екі темір трубадан ұстап қайтадан тұрып, арасымен жүре бастады. Қасында тәй-тәй басып жүрген сәбилерге, амандасып өтіп жатқан адамдарға қызыға, мейірлене қарап, мөлдір аспанға да құмарта көз тігеді. Кеудесін шаттық кернеп, жүрегі ән салады. Жарық дүние қандай тамаша! Өмір сүру неткен бақыт!».

Нұртас Исабаев – сан қырлы талант, рухы құрыш тұлға. Ол – адамдарға қанатымен мөлдір шуақ тасушы, өмір дидарын анығырақ көруге үндеуші. Бір өзі бүкіл жүрекке рухани «майдан» ашушы. Қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет замандасы жөнінде шабыттана толғайды.    

«Дүние жерге айналып түскен ұршықсыз,

Шіліңгір шөлде кірпіктен құлар ыршып тұз.

Сарқылмай қалған бір бұлақ болса жапанда,

Ол сенің ғана бұлағың болар кіршіксіз.

Қатыгез тағдыр заңдарын мейлі ұқтырсын,

Ықтырсын кейде, сесімен бізді бұқтырсын.

Сүрініп біздер, жығылып-тұрып жүргенде,

Қайыспас қайың, майыссаң-дағы нық тұрсың!»

Иә, қайыспас қайың, қабырғалы ақын, жазушы, қайсар тұлға Нұртас Исабаевтың өлеңдері ХХ ғасырдың соңы мен бүгінгі поэзиядағы сыршылдықтың, қайсарлықтың, тереңдіктің рәмізіндей екені анық. Уысына бар құндылықты сыйдырған төреші уақыт биылғы мерейлі жасында да «Ақтаңгер ақыным!» деп, сөзі мен намысына жоғары баға бергендей.