Банк • 23 Қараша, 2024

«Отбасы банк» акциясын сату қаншалықты тиімді?

140 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекеттің экономикадағы үлесінің қомақты бөлігі тұрғын үй сегментінде еке­нін сарапшылар жиі айтады. Жақында Қаржы нарығын реттеу және да­мы­ту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова екінші деңгейлі банк­тер­ге де тұрғын үй жинағы үшін есепшот ашуға рұқсат берілуі мүмкін еке­нін мәлімдеді.

«Отбасы банк» акциясын сату қаншалықты тиімді?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Оның айтуынша, банктердің тұрғын үй жинағына мүмкіндік алуына қатысты ұсы­ныс Үкіметке енгізілген. Мұндай жағ­дайда депозитке мемлекеттік сый­лықақы «Отбасы банкке» ғана емес, барлық ком­мерциялық банкке беріледі. «Қазір банктер 16 пайыздық база­лық мөлшерлемеге бағдар жасай отыра қар­жыландырудың 80 пайызын халық пен компаниялардың депозиттерін тарту есебінен жүзеге асырып отыр. Бұл – «қысқа ақшаның» бағасы. Эко­номиканы несиелеудің жоғары мөлшерлемесі осы жерден басталады. Егер банк­тер «ұзын ақшаға» қолы жетсе, несиелеу мөл­шерлемесі де төмен­дейді», дейді М.Әбілқасымова.

Оған дейін де осындай бастамалар арагідік болса да айтылып қалатын. Бірақ мемлекеттік деңгейде биыл ғана на­зар аударыла бастады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров осы жылдың маусым айын­­да «Отбасы банк» отандық ипотека на­ры­ғы­ның 60 пайызын иемденіп отырғанын айтқан. «Монополиялар екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуына қолданыстағы тыйым салуға және бюджеттік қаржыландыруға қол жеткізуге ықпал етеді. Осыдан келіп сапа мен қызмет көрсету мерзімі бұзылады. Тұтынушыларға әр­түрлі қызмет, соның ішінде бағалау, нотариаттық қызметтер жүк­теледі. Мұндай мысалдар толып жатыр, ол қазір бүкіл саланы қамтыды», деді М.Омаров.

Енді экономиканың осы сег­менті на­рық­тың еркіне өтпек. Жақында «Бәй­терек» ұлттық холдингі «Отбасы банк­тің» 40 пайыз акциясын ІРО-ға (жеке­меншікке сатуға) шығаратынын хабар­лады. Ал «Бәйтерек» жалғыз акционері – Үкіметке тікелей бағынып, есеп беретіні белгілі. Негізі «Отбасы банк­тің» IPO-ға шығуы 2016–2019 жылдары қарастырылыпты. «Ол кезде оның қар­жылық-экономикалық жағдайы жеткі­ліксіз тартымды болатын (2018–2019 жылдар), осыған байланысты әлеуетті инвес­тор­лар тарапынан банк акцияларының пакетін сатып алуға қызығушылық бол­мады», дейді «Бәйтерек» таратқан ақпа­рат­та.

Кейінгі бес жылда «Отбасы банктің» қар­жы көрсеткіштерінде оң өзгеріс бар. 2019 жылы банк­тің таза пайдасы 27 млрд тең­гені, ал 2023 жылы 147 млрд тең­­гені құрады. Сондай-ақ оның активтері 1,3 трлн тең­ге­­ден (2019) 3,99 трлн теңгеге (2023) дейін өсті. «Қаржы инсти­ту­ты­ның бизнес-моделінің тиімді жұмысы және осы кезеңде қол жеткізілген көрсеткіштер – IPO-ға шығу мәселесін қарау үшін негіз», деп есептейді ұлттық холдингте.

Бұған қоса «Отбасы банк» биржаға шыққан жағ­­дай­да қаржы институты өзінің әлеу­мет­тік барлық функциясы мен мін­дет­­темесін сақтайтынын айтты. «ІРО қа­рыздар бойынша қолданыстағы жеңіл­дік­ті мөлшерлемелерге әсер етпейді. Біз мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды және жеке тұрғын үй жобаларын іске асы­руды жалғастырамыз», деп хабарлады банк­тен.

2024 жылы 1 қазанда «Отбасы банк­­те­гі» салымшы­лар­дың жи­нақ­­тары 2,2 трлн тең­геден асты. Бұл ретте кредит­тік портфель 3,2 трлн теңгеден көп.

Сарапшылардың сөзінше, Үкі­мет­тің тұрғын үй нарығындағы үлесін азайтуға ұмтылуын нарық та құп көреді. Сәулетші Алмас Ордабаевтың айтуынша, бұл ше­шім – мемлекеттік монополияның ықпа­лын азайтуға бағытталған батыл қадам. Бірақ шешім қабыл­дамас бұрын біраз жайт­ты зерттеп алмасақ, халықты әуре­ге саламыз. Мысалы, құрылыс индус­трия­­­­­сының өкілдері Салық кодексіне қа­тыс­ты жеңілдіктерді алып тас­таса, үй құры­­­лысының шаршы метрі кемі салық мөл­­шеріне қарай қымбат­тайтынын айтты.

Сәулетші маманның айтуынша, құ­ры­лыс компаниялары салық жеңіл­дік­те­рін қолданып жүрген кезде де, сапаға қатысты мәсе­­лелерге иелік ете алмай қалған. Тұр­ғын үй саласында жүр­ген кейбір ком­па­нияның не инженерлік құрамы, не өндірістік базасының жоқтығы – ең қор­қы­нышты фактор. Сондықтан Үкімет бас­пана нарығындағы үле­сіне қатысты шешім қабыл­дамас бұрын құрылыс индус­трия­сын­да­ғы тәртіпті ретке келтіріп алуы керек.

«Нарық «Отбасы банкті» тұр­ғын үй нарығының операторы деп таниды. Үкімет банктің 40 пайыз акциясын жекеменшікке сатса да, 60 пайыздық басымдықты өзіне алып, жекеменшіктегі құ­рылыс компанияларына да нарықты ретке келтіруге мүмкіндік беріп отыр. Құрылыс индус­триясын дәл қазіргідей бейберекет жағ­дайда жекеге тапсыруға болмайды», дейді А.Ордабаев.

Бірінші несие бюросының мәліметін­ше, биылғы қаңтар-мамыр аралығында 558,8 млрд теңгеге ипотекалық несие рә­сім­­де­ліпті. Жалпы соманың 70,4 па­­йызы «Отбасы банк» берген несиелерге (393,3 млрд теңге немесе 22,6 мың несие) тиесілі болса, 65,3 пайызы банктің тұр­ғын үй құрылыс жинақ жүйесі бо­йынша берген несиелерге (365,1 млрд теңге немесе 19,9 мың несие) тиесілі. 11 екінші дең­гей­лі банк банктердің серіктес бағдар­ла­ма­лары мен жеңілдетілген мем­ле­кет­тік бағдарламаларына кірмей­тін ипотекалық несие берумен айналысады.

«Ranking» мәліметінше, бұл сег­менттегі ең төменгі кредит бо­йынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14,9 па­йыздан («Банк ЦентрКредит») 26,5 пайызға (Қазақстандағы Қытай Банкі) дейін ауытқиды. Бұл мөлшерлемелерді қарапайым халықтың қалтасы көтере ал­майтыны белгілі. Бірақ қазір елдегі 4 екінші деңгейлі банк серіктес ипотека ұсынып отыр. Олар – «Altyn Bank», «Фридом Финанс банкі», «Halyk Bank» және «Банк ЦентрКредит». Сарап­шылардың сөзінше Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігінің «Отбасы банктің» құзыретін өзге банк­термен бөлісу керек деген шешіміне сол төрт банктің нарықтағы әрекеті себеп болғаны анық.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуын­ша, «Отбасы банк­тің» тұр­ғын үй жинағындағы мемле­кет­тік моно­полиясын жою өте маңызды. Себе­бі ипотекалық қоржынды басқа банктерге бөлу мен олардың тұрғын үй жинағы бағдарламасына қатысуын реттеу нарықтағы бәсекені күшейтіп, көр­сетілетін қызметтер сапасын жақсар­тады. «Отбасы банктің» 40 пайыз акциясын ІРО арқылы жекеменшікке сату тура­лы ұсы­нысы – стратегиялық шешім. Бірақ «Отбасы банк­тің» тек мемлекеттің ғана қаржысымен күн көріп отырған банк екенін ұмытпайық. Меніңше, бұл шешім халықтың ІРО-ға деген сенімін арттыру үшін қабылданып отыр», дейді сарапшы.

А.Чеботаревтің сөзінше, мемлекет бұл мәселеге ерекше мән беріп отыр­ған­­дықтан, 40 пайыз акция міндетті түрде сатылады. Бірақ сол үлесті сатып алған ЕДБ үшін «Отбасы банктің» қалып­тас­қан образынан басқа бағытты ойлас­тыр­ған маңызды. Мысалы, автокөлік индустриясының өкілдері ЕДБ-мен интеграцияланып, нарықтың осы сегментін өзгертуге ұмтылып жатыр. Оның айтуынша, қазір нарыққа басқа балама керек. Жылдық 17–19,5 пайыз халықты шаршатты. «Егер жаңа бағдарлама пайда болса, нарықта бәсеке орнап, банктің де, құрылыс компанияларының да қаржылық капиталы артады, нарықта құрылысқа қажетті тауар­ларды шыға­руға мүдделі жаңа ком­паниялар пайда болады», дейді А.Чеботарев.

Келесі сарапшы Алмас Чукиннің айтуынша, бәсекелес­тік­ті дамыту үшін ойын­шылар арасында тең жағдай жасау керек. «ЕДБ мемлекеттік банктермен бәсекелесе алатын деңгейге жетті. Ол үшін несиені субсидиялау үшін қол­данылатын демеуқаржы керек. ЕДБ-ға қаржы секторында ойын ережесін өзгерту үшін мемлекеттің қолдауы қарыз түрін­де берілсе де қажет. Егер мемлекеттің демеу­қаржысын үнемі алып келген банктер нарықта енді танылып, басымдыққа ие болған банктерден оқ бойы озық тұрса, бұл мәсе­ле туын­­дамайтын еді», дейді А.Чукин.

Қазақстан қаржыгерлері қауым­дас­ты­ғының төрағасы Елена Бахмутова бізбен әңгімесінде «Отбасы банктің» акциясына қатысты мәселенің әлі дайын­дық деңгейінде екенін айтады. «Мәселе әзірге ҚНДРА-да, «Бәйтерек» ұлттық холдинг дең­­­­гейін­де де талқыланды. Дәл қазір «Отбасы банк» ІРО арқылы екінші деңгейлі банктерге сатылса, нарық нәтижесін жақын арада сезбейді. Себебі 40 пайыз акцияға ие болған банктер нарықтың беталысын өзгерте алмағандықтан, Үкіметтің демеуқаржысына қол созады. Ал Үкімет банктерге қаржыны оңды-солды шашатындай жағдайда емес екені белгілі», дейді Е.Бахмутова.

Сондай-ақ Е.Бахмутованың пікірін­ше, Үкімет, Ұлттық банк «Отбасы банк­тің» акциясын жергілікті ЕДБ-ға емес, қаржылық капиталы жеткілікті халық­а­ра­лық қаржы ұйымдарына белгілі бір келісімшарттармен бергені дұрыс. Ипо­тека нарығындағы жағдайды тек қал­талы қаржы ұйымдары ғана өзгерте алады. «Әзірге «Отбасы банктің» 40 па­йыз акциясына қызығып тұрған шетелдік қаржы ұйымын да, өзіміздің ауқатты банктерді де көріп тұрған жоқпын. Үкімет пен Ұлттық банк бірінші кезекте банк жұмысын реттейтін жаңа заң қабылдап, қаржы секторын осыған дейінгі кедергілердің ықпа­лынан сауықтыру керек», дейді Е.Бахмутова.

«Halyk Finance» басқарма төрағасы­ның кеңесшісі Мұрат Темірханов мемлекеттік қаржы ұйымдары бәсекелес қаржы на­ры­­ғында дәстүрлі банк және қаржы қыз­меттерін ұсынбауға тиіс деп ойлайды. «Мұнымен жеке банк­тер мен қаржы ұйымдары ғана айналысуға тиіс. «Бәйтерек» ҰБХ тобына кіре­тін мемлекеттік қаржы ұйымдары нарық­та­ғыдан әлдеқайда төмен ставкалар бо­йынша кредиттер мен басқа да қаржы қызметтерін ұсына отырып, жосықсыз бәсекелестікпен айналысады. Мысалы, «Отбасы банк» жеңілдікті ипотекалық несиелер береді, ал Қазақстанның Даму банкі ірі бизнеске жеңілдікті несиелер береді. Банктер мұндай жеңілдікті пайыздық мөл­шер­лемелермен бәсекеге түсе ал­майды, сондықтан елімізде нарық­­­тық ипотека мен бизнеске нарық­тық несие беру өспейді», дейді М.Темірханов.

М.Темірхановтың айтуынша, егер Үкімет экономиканың белгілі бір секторына пайыздық мөлшерлемені субсидиялаумен көмектескісі келсе, оны қаржы жүйесіндегі нарықтық қатынас­тар­ды бұзбай-ақ жасауға болады. «Ол үшін мемлекет нарықтық пайыздық мөлшерлемені мем­ле­кеттік бюджеттен тікелей қарыз алушыға субсидиялауға тиіс. Бұл жағдайда қарыз алушы банк­тер­ден, басқа қаржы ұйым­дарынан нарықтағы кредит­терді нарықтық ставка бо­йынша ғана іздейтін болады. Мем­лекет қаржы нарығында төмен мөлшерлемемен несие ұсынуды тоқтатқан соң, «Отбасы банк» және Қазақстанның Даму банкі сияқты мемлекеттік қаржы ұйым­да­рын толығымен 100 па­йыз жекеше­лен­діруге болады», деп сөзін түйіндеді М.Темірханов.           

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03