
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өкінішке қарай, елдегі медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасы бір деңгейде емес. Әрине, МӘМС-тің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, медициналық көмекті толығымен алып отырған тұтынушылар бар. Бірақ салыстырмалы түрде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына көңілі толмайтындардың қатары олардан асып түспесе, кем емес. Елде медициналық көмектің екі пакеті бар. Бірі МӘМС болса, екіншісі – тегін медицианалық көмектің кепілдік берілген көлемі. Емханаға тіркелген тұрғындарға «сақтандырылған» мәртебесінің артықшылығы көп. Өйткені сақтандыру жүйесі қосымша қызметтерді алу мүмкіндігін кеңейтеді. Мысалы, учаскелік дәрігер сақтандырылмаған науқасқа медициналық талдауларға немесе бейінді маманның консультациясына жолдама бере алмайды. Сақтандырылмаған азаматқа тек бастапқы медициналық көмек көрсетіледі. Қызметтің осы түріне дәрігердің қарауы немесе шұғыл медициналық көмек кіреді. Қажет болса стационарлық ем тағайындалады. Алайда мұндай жағдайда сақтандырылмаған науқас стационарлық емге өз қалтасынан ақы төлеуге тиіс. Бұл бізде ғана бар ереже емес, бүкіл әлемдегі тәжірибе. Астана қаласындағы №2 қалалық емхананың директоры Айдын Әшімханов пациенттердің медицина саласындағы түрлі жаңашылдық, жаңалықтардан құлағдар ету мақсатында әріптестерін түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыруға шақыратынын айтады.
«Біздің емханаға 58 мыңнан астам адам тіркелген. Олардың 10,6 мыңнан астамы, жалпы санның 18 пайызы сақтандырылмаған. Біз сонда да сақтандырылмаған адамдарға қоңырау шалып, МӘМС-тің артықшылығын, тиімділігін, маңызын түсіндіріп отырамыз. Тұрғындардың арасында «ауырып қалғанда сақтандырамын, әзірге осылай да жақсы» деген сыңайда пікір айтатындар табылады. Бұл дұрыс шешім емес. Әр адам сырқаты жанына батқанда шұғыл әрі қолжетімді медициналық көмек іздейді. Осындайда сақтандырылмаған науқас емнің ақысын уайымдап, шыр-пыр болады. Тұрғындар арасында МӘМС-ке көп ақша кетеді деп ойлайтындар кездеседі. Сақтандыруға пациенттерден ай сайын 4250 теңге аударылады. Мұны білген соң сақтандыруға келісімін беріп, ақылы қызметтердің көбін тегін алып отырғандар өте көп», дейді А.Әшімханов.
Қазірде №2 қалалық емханаға тіркелген тұрғындардың саны 60 мыңға жуықтапты. Олардың барлығына медициналық көмек көрсету оңай шаруа емес. Пациенттер МӘМС пакетіндегі скринингтік тексеру, жоспарлы госпитализация, оңалту, бәрі-бәрінің мүмкіндігін пайдалана алады. Сақтандырылған тұлғаның артықшылығы көп. Олар зертханалық зерттеулермен қамтамасыз етіледі. Мамандар барлық жоспарлы, скринингтік тексерулерді жүргізеді. Әлеуметтік мәні бар ауруларды уақытында анықтап, қажет болса стационарлық емдеуге жібереді. МӘМС пакетінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. Былайша есептегенде, олардың құны 1 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал МӘМС аясында пациентке бұл қызмет те тегін көрсетіледі.
– Біз МӘМС-ті насихаттағанда сақтандырудың барлық негізгі қағидаларын түсіндіреміз. Кейбір адамдар бір жылға төлем жасағысы келмей, зерттеулер мен дәрігерлердің кеңесіне жеке клиникаларда көп ақша жұмсайды. Бірақ кейін жұмсаған ақшаларын есептегенде, неге сонша көп кетті деп бізден сұрайды. Егер олар МӘМС-ке тіркелгенде қызметтерді тегін алар еді. Жыл сайын медициналық тексеруден бір мәрте өтіп тұруымыз қажет. Бірақ жағдайы күрт нашарлаған кезде ғана емханаға қайрылатындар бар. Негізі әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керек. Ал мемлекет қолжетімді медициналық қызмет пакеттерін ұсынып, тұрғындарға таңдау еркін ұсынып отыр. Иә, емханаға қаралу үшін кезек күтуге тура келеді. Бірақ қазір бұл үдеріс едәуір жақсарды. Бұрын пациенттер бейінді мамандарға жүгінуді 2 аптадан көп күтетін. Біз кезекті азайту мақсатында профильдер бойынша қосымша мамандар қабылдадық. Қазір 3 кардиолог, 2 эндокринолог, 3 травматолог, 2 онколог бар. Мұның өзі күту мерзімін 3-5 күнге дейін қысқартты, – дейді А.Әшімханов сөзін түйіндеп.
Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласының сапасын арттыру мақсатында ауқымды жоба-жоспар бекітті. Оның дені Президент тапсырмасымен іске асқалы тұр. Нәтижесінде, медицинаның тиімділігі артса әрі оны әрбір азамат сезінсе, МӘМС-ке қатысты көптің пікірі де оңалады.