Спорт • 04 Желтоқсан, 2024

Жарыс күнделігі

59 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жасөспірімдердің ІІІ жазғы Азия ойындарының алауы келесі жылы Ташкент қаласында тұтануға тиіс еді. Бірақ күні кеше ғана Азияның Олим­­пиадалық кеңесі аталған доданы Бахрейн­де ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады. Енді жас өрендердің дүбірлі додасы Парсы шығанағында өтетін болды. 

Жарыс күнделігі
  • Польшаның Томашув-Мазовецк қаласында конькиден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды. Бұл жарыста 500 метрлік қашықтықты 41.30 секундта жүгіріп өткен Арина Ильященко күміс медальді иеленді. Жерлесіміз тек италиялық Джорджия Айелодан (40.16) қалып қойды. Қола медальді гер­маниялық Марлин Эхселунс (41.37) еншіледі.
  • Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының «Төрттік финалында» өнер көрсететін командалар толықтай анық­талды. Дүбірлі доп додасында Ал­матының «Қайратынан» бөлек, Ис­панияның «Пальма» мен «Кар­тахена», Португалияның «Спортинг» клубтары күш сынасады.
  • Бибісара Асаубаева ФИДЕ-нің үш бірдей әлемдік рейтингінде жеке-дара көш бастады. Дарынды қыз 20 жасқа дейінгі ойыншылар арасында классикалық шахматтан, рапид, блицтен бірінші орында тұр. Ал әйелдер арасында ол 13-сатыға жайғасты. Сон­дай-ақ Бибісара ересектердің рапиді (9-орын) мен блицінде (7-орын) ТОП-10 шахматшының санатына еркін еніп отыр.
  • 12-15 желтоқсан аралығында Словакияда шайбалы хоккейден 2026 жылы алауы тұтанатын қысқы Олим­пия ойындарының іріктеу турнирі өтеді. Сол жарыста елімізде әйелдер құра­масы бақ сынайды. Негізгі іріктеу сынына жолдама алу жолында жерлестеріміз Словакия, Исландия, Словениямен сайысқа түседі.
  • Жеңіл салмақта күш сынасып жүрген 33 жастағы қазақтың кәсіпқой боксшысы Абылайхан Құсайынов 28 желтоқсанда Қытайдың Хайкоу қала­сында жергілікті былғары қолғап шебері Йонкианг Янгпен жұды­рықтасады. Қос саңлақ WBO Inter-Continental нұсқасы бойынша алтын белбеуге таласады.
  • Фристайл-акробатикадан еліміз­дің құрамасы жаңа маусымға дайын­дықты Шымбұлақта бастады. 5 жел­тоқсанда олар Финляндияда өтетін Еу­ропа кубогіне қатысады. Жастар келесі жылдың қаңтар айында Алматыда жалауы желбірейтін әлем біріншілігінде бақ сынайды. Аталған бәсекелерде Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Дінмұхаммед Райымқұлов, Ұланбәкір Өмірзақов, Асылақын Асан, Ардана Маханова, Аяна Жолдасқа айрықша сенім артылып отыр.
  • Футболдан 2025 жылы өтетін клуб­тық әлем чемпионатына қатысатын барлық 32 команда анықталды. Олар – «Челси», «Реал», «Манчестер Сити», «Ба­вария», «ПСЖ», «Интер», «Борус­сия», «Порту», «Атлетико», «Бен­фика», «Ювентус» «Ред Булл Зальц­бург», «Палмейрас», «Фла­мен­го», «Флу­­миненсе», «Ботафого», «Ривер Плейт», «Бока Хуниорс», «Мон­тер­рей», «Сиэтл», «Леон», «Пачука», «Интер Майа­ми», «Аль-Хиляль», «Урава Рэд», «Аль-Айн», «Ульсан», «Әл Ахли», «Ви­дад», «Сандаунз», «Тунис», «Окленд Сити» клуб­тары. Аталған доп додасы­ның жере­бесі 5 желтоқсанда тартылады.
  • Семсерлесуден еліміздің жастар құрамасы Гонгконгта жалауы желбірген Әлем кубогінің командалық сайысын күміс медальмен қорытындылады. Құрамында Богдан Лукин, Кирилл Проходов, Георгий Тинников, Нұржан Әбжанов сынды сайыпқырандары бар жерлестеріміз БАӘ, Оңтүстік Корея, Гонгконгты ұтып, финалда Қытайға бір ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберді.
  • Футзалдан еліміз кубогінің же­ре­бесі тартылды. 21-24 желтоқсан ара­лы­ғында Ақтауда жалауы желбі­рейтін жарыста мына клубтар өзара шеберлік бай­қасады: А тобы – «Семей», «Тұлпар», ТЧЕ-14, «Бәйтерек». B тобы – «Жетісу», «Ор­дабасы», «Биосфера», «Аят». C тобы – «Кас­пий», «Алатау», BS, «Ақтөбе». D тобы – «Қай­рат», «Аты­рау», «Омега», «Астана».
Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше