
Сурет: facebook.com/sirekkitap
Алқалы жиын барысында аталған көштің тікелей куәгері болған, Пәкістандағы қиын өмірді бастан кешіріп, естеліктерін өлең түрінде жеткізген Зейнел Сүрмелі қазақ және түрік тілдеріндегі «Көш және сағыныш» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Еске салсақ, 2022 жылы Қолжазбалар жəне сирек кітаптар ұлттық орталығының ғалымдары «Архив – 2025» жобасы аясында Түркияға барған іссапарында Зейнел Сүрмелінің көш барысында жазылған төте жазудағы өлеңдерінің түпнұсқа қолжазбаларын, хаттарын, құжаттарын алған еді. Орталық мамандары ақын өлеңдері мен хаттарын төте жазудан қазіргі жазуға көшірді, ал түрік тіліндегі нұсқасы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның қолдауымен басылып шықты.
Сондай-ақ Ұлттық орталық ғалымдарының өткен жылдары Түркия, Үндістан, Ұлыбританияға ғылыми экспедициясы барысында аса маңызды ғылыми жаңалықтар ашылған еді. Атап айтсақ, қазақтардың XX ғ. 40–50 жж. Алтайдан басталған көштің Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткендігі жөніндегі тың архив құжаттары қолға түсті. Ғалымдар осы көш арқылы қазақ тарихы әлемдік мәнге ие тарихи кезең жан-жақты терең зерттеліп, зерделенуі қажет екенін айтады. Тарихтың жаңа беттерін ашатын құнды архив деректерін ғылыми айналымға енгізу – басты міндет.
Конференция барысында Үндістан, Қазақстан және Түркияда сақталған архив құжаттарының негізінде қазақтардың қаралы көш тарихын терең зерттеу үшін халықаралық деңгейде бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізу келісілді.
TÜRKSOY ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев бұл еңбектерді түркі мәдениетіне қосқан елеулі үлес деп бағалап, еңбегі сіңген азаматтарға Алғысхат табыстады.
Маржан ҚУАТҚЫЗЫ,
журналист