Спорт • 24 Желтоқсан, 2024

Рекорд жаңарса да, жүлде бұйырмады

45 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мажарстан астанасы Будапеште қысқа қашықтыққа жүзуден әлем чемпионаты аяқталды. Әлемнің әр қиырынан жиналған спортшылар алты күн бойы сайысқа түсіп, 46 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Нәтижесінде, «Дунай-Аренада» небәрі 14 мемлекеттің әнұраны шырқалып, барлығы 25 елдің туы биікте желбіреді.

Рекорд жаңарса да,  жүлде бұйырмады

Жалпы, жерлестеріміз аталған жарыста жаман өнер көр­сеткен жоқ. Мәселен, Софья Сподаренко 50 метрлік, Әділбек Мусин 100 метрлік қашықтықты баттерфляй әдісімен жап-жақсы жүзді. Құрамында Аделаида Пчелинцева, Әділбек Мусин, Глеб Коваленя, Ксения Игнатова сынды спортшылары бар командамыз 4х50 метрлік аралас эстафетада, ерлер құрамасы 4х100 метрлік еркін стильдегі бәсекеде көңіл көншітерлік көрсеткішке қол жеткізді. Сөйтіп, Будапеште еліміздің төрт бірдей рекорды жаңарды. Бірақ соның өзі жерлестеріміздің жеңіс тұғырына көтерілуіне жеткіліксіз болды. Себебі өзге елдерде спорттың бұл түрі әлдеқашан қарыштап дамып, тым жоғары деңгейге жеткен. Бүгінде АҚШ, Аустралия, Нидерланд, Қытай, Швейцария, Жапония, Италия, Швеция, Бразилия сынды елдермен тең дәрежеде айқаса алмаймыз.

Өкінішке қарай, елімізде жүзу спор­ты кенже қалған. Осыдан бірер жыл бұрын Дмитрий Баландиннің бақ жұлдызы жарқырай жанды. Ол Рио Олим­пиадасында айды аспанға бір-ақ шығарып, 200 метрге брасс тәсілімен малтуда бас жүлдені олжалады. Сол кезде еліміздің барша жанкүйері ерекше шаттанған еді. Шетелдіктер бастарын шайқап, оны «сенсацияға» балады. Оның алдында Вла­дислав Поляков халықаралық аренада елеулі табыстарға қол жеткізді. Ал қазіргі кезде отандастарымыздың кейбіреуі Азия құр­лығында үздіктер санатына қосылғанымен, әлемдік деңгейдегі додаларда даралана алмай жүр.

Будапешт бассейніндегі бәсекеде АҚШ-тың алдына түсетін команда табылмады. Олар 39 (18 алтын+13 күміс+8 қола) жүлде олжалады. Бейтарап команда ретінде қатысқан Ресейге 10 (6+4+0) медаль бұйырды. 15 (4+5+6) жүлдесі бар Канада үздік үштікті түйіндеді. Биік тұғырдан қол бұлғағандар қатарында Қытай (3+1+1), Швейцария (3+0+0), Аустралия (2+5+5), Мажарстан (2+2+0), Италия (1+5+3), Германия (1+3+0), Кайман аралдары (1+0+1), Тунис (1+0+1), Гонконг (1+0+0), Испания (1+0+0), Литваның (1+0+0) жүзушілер бар. Тағы 11 мемлекеттің спортшылары жүлделі орындарды иеленді.

Жекелеген жүзушілер арасынан Гретчен Уолш теңдессіз өнерімен тәнті етті. Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, екі дүркін күміс жүлдегері деген дардай атағы бар 21 жастағы АҚШ-тың аруы жеті рет (7+0+0) алтыннан алқа тағынды. Гретченнің екі жас үлкен туған әпкесі, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы Александра Уолш «Дунай-Аренада» бес рет (2+1+2) жеңіс тұғырына көтерілді. Олжаға молынан кенелгендер қатарында америкалық Реган Смит (4+2+1) пен Кейт Дуглас (4+2+1), канадалық Самер Макинтош (3+1+1) сынды сұлулар бар.

Ерлердің жарысында Мирон Лифинцев жасындай жарқылдады. Ресейдің өкілі бас жүлденің бесеуін (5+0+0) олжалады. Оның отандасы Кирилл Пригода (3+3+0), швейцариялық Ноэ Понти (3+2+1), аме­рикалық Люк Хобсон (3+0+0) өз елдерінің әнұрандарын үш мәрте шырқатты. Мажарстандық Хуберт Кош (2+2+1), қытайлық Цинь Хайян (2+1+1), америкалық Джек Алекси (2+2+1), Трентон Джулиан (2+0+0), Фиби Бэкон (2+0+0) екі реттен дәл сондай құрметке бөленді.

Чемпионат барысында әлемдік рекордтар бірнеше мәрте жаңарды. Гретчен Уолш (50 метр еркін тәсілмен жүзу, 100 метр баттерфляй, 50 метр кешен­ді жүзу) пен Самер Макинтош (200 метр баттерфляй, 400 метр еркін тәсіл, 400 метр кешенді жүзу) үш, Реган Смит (АҚШ, 50, 200 метр шалқалай жүзу), АҚШ құрамасы (4х100, 4х200 метр еркін тәсіл) екі реттен бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Ноэ Понти (100 метр баттерфляй) мен Люк Хобсонға (200 метр еркін тәсіл) бір-бір рекордтан тиесілі. Тағы бір айта кетерлігі, жарыстың жүлде қоры биыл 2,16 миллион АҚШ долла­рын құрады. Сол қаражатты жеңіс тұғы­рына көтерілген спортшылар өзара бөлісті. Сондай-ақ әрбір әлемдік рекордты жаңартқан спортшыларға 25 мың доллардан табыс етілді.

Қысқа қашықтыққа жүзуден әлем чемпионатының тарихы 1993 жылдан бастау алады. Сол кезден бер 17 мәрте жалауы желбіреген жарыста еліміздің өкілдері арасынан Владислав Поляков пен Евгений Рыжковтың ғана жұлдызы жанды. В.Поляков 2022 жылы Индианаполисте ұйымдастырылған байрақты бәсекеде брасс әдісімен 100, 200 метрге жүзуде қола медаль иеленсе, 2006 жылы Шанхайда бас жүлдені қанжығасына байлады. Дәл сол Қытайда Е.Рыжков қола медальды мойнын­да жарқыратты. Содан бері бақандай 18 жыл өтсе де, әлі бірде-бір жерлесіміз атал­ған жарыста жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Тіптен атақты Дмитрий Балан­диннің өзіне бұл белес бағынбады.

Жоғарыда аталған 17 әлем чемпиона­тының жалпыкомандалық есебінде АҚШ құрамасы 9 рет (2000, 2004, 2008, 2010, 2012, 2016, 2018, 2021, 2022, 2024 жылдары) алдына жан салмады. Аустралияның 5 мәрте (1995, 1997, 1999, 2002, 2006) мерейі үстем болды. Қытай (1993) мен Бразилия (2014) бір-бір реттен көш бастады. Бұл мемлекет өкілдерінің екінші және үшінші орынды иеленген кездері де аз емес. Швеция (1997, 2002), Жапония (1999), Ұлыбритания (1999, 2004), Германия (2000), Нидерланд (2008, 2014), Ресей (2010, 2016, 2018, 2024), Испания (2010), Мажарстан (2012, 2016, 2018), Канада (2021, 2024), Ита­лия (2021, 2022) құрамалары әр жылдары жал­пы есепте үздік үштіктің қатарына енді.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше