
Сурет: opennews.kz
Павлодарлық «Ertis» футбол командасы келер жылы Бірінші лигада ойнайды. Футбол чемпионатындағы жолын қайтадан «нөлден» бастауға мәжбүр болған ұжым биыл Екінші лигада жеңімпаз атанды. Клуб директоры Сейітбек Сембаевтың айтуынша, команданың топ-менеджменті жыл бойы ескі қарыздарды жабумен шұғылданған.
«Ertis»-тің бұрынғы футболшылары мен бапкерлері алдыңда біраз борыш жиналып қалғаны мәлім. Мұндай қарыздың саны – 37. Біз облыс басшылығының қолдауымен барлық мәселені реттедік. Соның ішінде болгариялық бапкер Димитар Димитровпен де толық есеп айырыстық. Ол өзге футболшылар секілді қарыз сомасын жеңілдетуге келісті. Клубты сақтап қалу маңызды екенін барлығы түсінді. Қазір бір ғана футболшының, атап айтқанда түрікмендік легионер Руслан Мингазовтың борышы жабылған жоқ. Футболшы қарыз сомасын шегеруден бас тартты. Оның мәселесі келер жылдың басында шешіледі», дейді С.Сембаев.
Қазір Павлодарда команда құрамына жаңадан ойыншыларды іріктеу жұмысы жүріп жатыр. Клубта ойнап жүргендер, облыс орталығындағы футбол мектептерінің шәкірттері жаттығу жиындарында өнер көрсетіп, көзге түскендерімен жаңадан шарттар жасалуы мүмкін. Жаңа бапкерлік штаб әлеуетті ойыншыларды таңдайды. Жаңа жыл мерекесінен кейін команда Шымкент, Ташкент қалаларында оқу-жаттығу жиындарын өткізуді көздеп отыр. Желтоқсан айының ортасында клубтың бас бапкері Николай Гавриш командасымен қош айтысты. Әзірше павлодарлық команданың тізгінін ұстайтын маман табыла қойған жоқ. Келер жылы «Ertis»-тің құрылғанына 60 жыл толады.
Павлодар облысы