Еңбек • 24 Желтоқсан, 2024

Іргелі істің ұйытқысы

64 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Стахан Белғожаев туралы сөз бастасаң, есіңе бірден «Ғасыр жобасы» деп аспандатқан атау беріліп, айдай айдар тағылған атақты «Мойнақ» су электр стансасы түседі. Сол үлкен жобаны жүзеге асырған Стахан – болмысы таза, табиғаты мөлдір, сөйлескен сайын, ашыла беретін қазына іспетті терең жан, белсендi өмiрлiк ұстанымы бар атпал азамат, бойына ұлтымыздың асыл қасиеттерін молынан жиған дарын иесі. Кәсіптің көзін тапқан әрбір адам Белғожаевтай еңбек етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Іргелі істің ұйытқысы

Мен Стаханның даңқын бұрын сырттай білетінмін. Істеп жүрген ізгі істеріне іштей сүйсініп, риза болатынмын. Соңғы уақытта етене жақын араласып, жиі-жиі сырласып жүрміз. Мінезге бай, білімі терең ерен тұлға үнемі бір тынымсыз ізденісте жүреді. Ешқашан «болдым, толдым» деген астамшылыққа бой алдырмайды. «Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» демекші, тізгін ұстаған ұлдарын атқарған ісіне қарай бағалайтын халықпыз ғой. Сондықтан өз басым жарты ғасырдан астам еліміздің тәуелсіз энергетикасын нығайтуға үлес қосқан Стахан Белғожаевтың қажыр-қайраты мен еңбегіне тәнтімін. Өмір бойы өзі туып-өскен қасиетті жер мен киелі елдің ертеңі үшін барын салып, еселі еңбек етіп келеді.

Былайғы жұрт Белғожаевтай білікті маманның қандай іс тындырғанын білмеуі мүмкін. Өз басым Сәкеңді үндемей жүріп, үйдей іс тындыратын ірі азаматтардың қатарына жатқызамын. Көпшілігіміз бел жазбай еңбек ететін Белғожаевты жақсы білмеуіміз де мүмкін. Бірақ оның «Ғасыр жобасы» атанған «Мойнақ» су электр стансасын салуға бар күш-қайратын жұмсағанын айтсақ, жұрттың көз алдында ұзақ жылға созылған мехнат тірлік бір сәтте кинофильмнің әсерлі көріністеріндей жүгіріп өте шығатынына сенімдімін.

Стаханның айтуынша, Шарын аймағында су электр стансасын салу мәселесі өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап сөз бола бастады. Сол кезде арнайы мамандар келіп, өңірдің жер бедерін байыппен қарап, мұқият зерттеді. Оның шет-жағасын бала кезінде Стахан да көргенін үнемі айтып отырады. Содан кейін біраз уақытқа дейін су электр стансасын салу мәселесі тыншып қалады. Ол кезде кеңес одағының көсемдері Красноярск, Братск, кейіннен Саян-Шушенск сынды ірі су электр стансаларын салуға бар күшін жұмылдырып, бізге мойын бұратындай мүмкіндіктері болмапты. Осылайша, Жетісуда «Мойнақ» су электр стансасын салу мәселесі ұзақ жылдарға кешеуілдейді. Дегенмен аймақтың су электр стансасын салуға сұранып тұрғаны еліміздің басшыларының жадынан шықпай, үнемі назарында болған.

ап

Сол кезде Стахан гидротехника мамандығы бойынша оқуды тәмамдап, Братск су электр стансасының құрылыс жұмысына араласып жүрген еді. Жас маман Братск су электр стансасының құрылысы аяқталғаннан кейін дәл сондай қызу құрылыс Шарын шатқалында орын алатынына қатты сенді. Алайда оның көкейде жүрген арман бірден орындала қойған жоқ. Ресейдегі ірі су электр стансаларының құрылыстары аяқталған соң Екібастұз жылу электр стансасының құрылысы басталып кетті. Бұл уақытта Стахан Шардара су қоймасының құрылысын жүргізуге қатысты. Осы кезеңде ол гидротехникалық нысандар салуда зор тәжірибе жинақтаған маманға айналды. Ол қайда жүрсе де, бар ықыласы Шарын шатқалында су электр стансасының құрылысын жүргізу ісіне ауды да тұрды. Білікті маманның жаңа гидротехникалық нысанның құрылысы жайында көп ойлануының өзіндік себебі бар. Стахан Белғожаев оқу бітірген кезінде дипломдық жұмысын Шарын шатқалының гидротехникалық мүмкіндіктеріне арнаған еді. Ол дипломдық жұмысты жазардың алдында аймақтың тау-тасын, жер бедерін мұқият зерттеп шықты. Тау суының ағысын, тау жыныстарының геологиялық ерекшеліктерін мұқият зерделеп, қуат көзін өндіретін гидротехникалық нысан салуға сұранып тұрғанын дәл анықтады.

– Енді «Мойнақ» СЭС-ін салу туралы шешімнің қалай туындағанына келсек, – деп, әңгімесін сабақтай түсті Сәкең. – Бұл гидротехникалық нысанды салу турасында қоғамдық ортада жиі-жиі сөз болғанын әңгіме барысында айттық қой. Бұл ретте қырғыздарға алғыс айтуымыз керек. 70-жылдардың басында Ыстықкөлдегі су деңгейі төмен түсіп кеткеннен кейін айыр қалпақты ағайындар Кеген ауданындағы Қарқара өзенін Ыстықкөлге бұру турасында жоғарыға ұсыныс айтты. Ол кезде қырғыз, қазақ деп бөлінбегеніміз белгілі. Бәріміз де Мәскеуге бағындық. Осылайша, қырғыздар Шарынға құятын Қарқара өзенін бұруға барынша әрекеттенді. Бұл бағытта арнайы жоба да жасалынды. Кейіннен бұл іске Дінмұхамед Қонаевтың өзі араласып, сол кездегі КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Зия Нуриевтің жеке қабылдауында болып, бұл жоба еліміздің экологиялық ахуалына кері әсер ететінін дәлелдеп, Қарқара өзенінің арнасын Ыстықкөлге қарай бұрудан сақтап қалды. Егер сол кезде Қонаев ақсақал үнсіз қалғанда, Қарқара өзенін қырғыздар бұрып алып, біздер Мойнақ СЭС-ін салуды мүлде ұмытар ма едік, кім білсін? Сондықтан Димекеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сол кезде Д.Қонаев өзенді бұру мәселесіне тоқтау салғызды.

Шарын шатқалы аймағында Бестөбе су қоймасының құрылысын бастауға Мәскеуден арнайы қаржы бөлгізгенін естігенде, жас балаша қуанғаным-ай. Бұл енді «Мойнақ» СЭС-ін салуға бір-ақ қадам қалғанының белгісі еді. Сөйтіп, маған Бестөбе су қоймасымен айналысу жүктелді. Әу баста СЭС туралы сөз болған жоқ. Тек Шарынның төменгі ағысы тұсындағы 50 мың гектар жерді суландыру үшін су қоймасын салу ғана әңгіме болды. Бірақ болашақта міндетті түрде үлкен СЭС болатынын біліп, сол арманмен күні-түні жұмыс істедік. Содан әп-сәтте кеңес одағы құлап, құрылыс жұмыстарын қаржыландыру тоқтады. Негізгі жұмыс көлемі толықтай атқарылып біткен еді.

Мен тиісті орындарға нысанның ел экономикасы үшін маңыздылығын айтып хаттар жолдадым. Алайда естірге құлақ болмай, партия болса тарап кетті. Құрылысты су қоймасымен бірге Алматы облыстық су шаруашылығы басқармасына берді. Мұндай алып құрылысты аяқсыз, қараусыз, тиісті бекіту жұмыстарын жүргізбей тастап кетудің өзі қауіпті болатын. Сол кезде Шарынды уақытша ағызып тұрған тоннельде жарық пайда болды. Су ағыны ұлғайған жағдайда тоғанды бұзып, су тасқыны болу қаупі төнді.

2000 жылдары еліміздегі экономикалық ахуал бір қалыпқа түскеннен кейін бұлайша іштен тынып жүре беруге болмайтынын түсіндім. Содан көптеген кабинеттің есігін қағып, жүздеген шенеуніктермен «Мойнақ» СЭС-нің құрылысын жандандыру турасында ұсыныс айта бастадым. Бірақ бұл әрекетімнен түк шықпады. Осыдан кейін, 2001 жылдың қыркүйегінде, Мемлекет басшысына жағдайды баяндап, хат жазуға отырдым. Ақжолтай хабар да көп кешікпей келді. Президент көмекшісінің аузынан Мемлекет басшысы менің хатымды мұқият оқып шыққаннан кейін сол кездегі Үкімет басшысы Қ.Тоқаевқа ұсынысымның көңіл аударатын маңызды ұсыныс екенін айтып, бұл мәселені жедел қарастыру турасында тапсырма бергенін естігенде, төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы да тиісті ведомстволарға ұсынысым бойынша жұмыс істеуді тапсырды. Экономикалық жағдай біршама түзелгенімен, мұндай ірі жобаға қаржы табу әлі де қиындау еді. Жобаның маңыздылығын түсінгеннен кейін Мемлекет басшысы «Мойнақ» СЭС-ін салу мәселесін Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібіне ұсынды. Қытай мемлекеті жобамен танысып шыққаннан кейін «Мойнақ» СЭС-інің құрылысын қаржыландыруға келісім берді, дейді С.Белғожаев.

«Ғасыр құрылысы» аяқталғанда біз бір ғана адамның арман-мұраты мемлекетті қан­шалықты алға сүйрейтініне куә болдық. Егер бәріміз Стахан Белғожаевтай армандап, сол арманымыздың шынайы өмірде іске асуы жолында күресе білсек, еліміздің қаншалықты дамып кететінін жан-жүрегімізбен сезіндік. Сондықтан жақсылығымен тұтас аймақты мейірім-шапағатқа бөлеген Стаханға айтар алғысымыз шексіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына сапары барысында үкіметаралық келісім шеңберінде күн электр стансалары сынды үлкен жобалармен қатар «Ақтоғай» СЭС-ін салуға қол жеткізген-ді. Жоба генерациялаушы стансаға қуат жинағышты пайдалана отырып, бір тәулік ішінде өндірілген электр энергиясын біркелкі кестеде сатуға мүмкіндік беретін реттеуші жабдықты орнатуды көздейді. Оны іске асыруға қолайлы аудандар – Кеген, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандары. Өйткені жобада Шарын өзенінде жобаланатын «Ақтоғай» СЭС-ін пайдалануға болады. Тәптіштей айтсақ, жобаны жүзеге асыру мың мегаватт су электр стансасын, жобаланатын 220 КВ қосалқы стансаларға қосылуы бар бірегей энергия жүйесін құрады. Демек бұл – Алматы облысының электр қуатына деген қажеттілігін толығымен жабады деген сөз. Әрі өңірдегі туризмнің дамуына серпін береді. Өндіруші нысандарды салу, оларды бірыңғай кешенге біріктіру электр қуатының өтемдік көлемін жасайды. Өз кезегінде ол оңтүстік өңірде электр қуатына сұранысты арттырады, ең жоғары электр қуатын тиімді өндіруді һәм электр желісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

«Ақтоғай» СЭС-нің құрылтайшысы Стахан Белғожаевтың сөзінше, Қытай мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп баламалы энергети­каның үш жобасы әзірленген. Айталық, «Ақтоғай» СЭС-ін күн электр стансаларымен ұштастыра отырып, «Мойнақ» СЭС-інен кейін су қуатын толық пайдалана отырып, гибридті қуат көзін іске қосу көзделген. Жобаны іске асыру мақсатында топографиялық іздестіру, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жер телімдерін бөлу, техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Тартылатын инвестиция көлемі миллиондаған долларды құрайды. Жоба жүзеге асса мұнда екі жүзге жуық тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады.

Міне, заңғар замандасым, құрдасым Стахан осы іспетті ізгі істердің басы-қасында жүріп, ізін басып келе жатқан інілеріне, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп келеді.

 

Асанәлі ӘШІМОВ,

КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері