Кәсіпорын өңірдегі құрылыс компаниялары мен жергілікті тұрғындарды сапалы, экологиялық таза және бәсекеге қабілетті отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның жалпы құны – 2 млрд теңге. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 6 миллион дана керамикалық кірпіш.
Бородулиха ауданының Новопокровка ауылында орналасқан жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Берік Уәли жаңа зауыт аймақ экономикасына тың серпін беретінін айтты.
«Бүгін біз өңіріміздің өндірістік келбетінің жаңа тарауын ашқалы отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық» деп өндірісті дамытудың мақсатын, инвестиция тартудың маңызын айқындап берген болатын. Бүгін өндірісі іске қосылып, өңір тұрғындарының қажеттілігіне қызмет еткелі отырған бұл кәсіпорын жылына шамамен 6 млн. дана кірпіш өндірмекші. Бұл облыс және аудан тұрғындарының құрылыс материалдарына тапшылығын азайтып, өңір экономикасына септігін тигізеді деп ойлаймын. Аудан экономикасына үлкен қолдауын көрсетіп, осындай ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан жеке инвестор Қайырлы Хасеновке алғыс айтамын. Қазірдің өзінде 65 адам жұмыс істеп жатыр екен. Елу адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – аудан халқы үшін үлкен көмек. Биылғы мамыр айында облыстың даму жоспарын жариялаған болатынбыз. Осы жоспарға сәйкес Семей қаласында жаңа ықшам аудан құруды қолға алдық. Мұнда көптеген жаңа құрылыс нысандары салынатын болады. Кірпіш зауыты құрылыс материалдарын дайындауға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан бүгін жұмысын бастағалы отырған өндіріске сәттілік тілеймін», – деді аймақ басшысы.
Аталған «Шыңғыс Тас» ЖШС-ның басшысы Қайырлы Хасеновтың айтуынша, зауыттың технологиялық процесі толық автоматтандырылған және энергия тиімділігі мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаттарына негізделген. Өндіріс циклы саз балшықты өндіруден бастап, оны кептіру мен күйдіруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Өнім сапасы ұлттық стандарттарға сай жоғары беріктік пен аязға төзімділікке ие.
«Жұмысымызды қарқынды түрде бастап кеттік. Бір миллион данадан астам кірпішті шығарып қойдық. Қазір бірқатар компаниялармен көп қабатты тұрғын үйлер мен мәдениет үйлерін салу жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысынан да біздің өнімдерімізге сұраныс бар», дейді кәсіпкер.
Жоба 2024 жылғы сәуір айында басталып, 2025 жылғы қазан айында толық аяқталған. Нысанда барлық құрылыс-монтаждау және іске қосу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар сынақтан өткен.
Биыл облысымызда жалпы құны 7,3 миллиард теңге болатын алты инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін құны 18,6 миллиард теңге болатын сегіз жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында қосымша 271 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Абай облысы,
Бородулиха ауданы