Аймақтар • 09 Қаңтар, 2025

Майқайыңдағы ескі тұрғын жайлар мәселесі шешіле ме

78 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жылдың басында Майқайың кентіндегі «Шанхай» шағын ауданындағы ескі үйлердің проблемасын, тұрғындардың әр күнін үреймен өткізіп келе жатқанын мәселе етіп көтергенбіз. Алтын кеніші кенттен 300–400 метр­дей жерде орналасқан. «Кеніште жер жару жұмыстары жүргізілгенде, үйіміз жер астына опырылып түсіп кетіп, бала-шағамызбен опат боламыз ба» деген қорқынышын жеткізгенбіз жұрттың.

Майқайыңдағы ескі тұрғын жайлар мәселесі шешіле ме

Бұл мәселе кейін Парламент мін­берінен айтылды. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы «Майқайыңалтын» маңында орналасқан ауылдың тұрғындарына барлық қауіп­сіздік жағдайын қарастыруды сұрады. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады. Осылайша, мәселе Үкімет деңгейінде көтерілді.

Дегенмен көпке дейін бұл мәселе басы ашық күйінде қалып келді. Шахта маңайын жағалай орналасқан көне үйлердің, атап айтқанда, «Шанхай» шағын ауданының жұрты кейінгі төрт-бес жылда жер астын­дағы дүмпулер мен бұрғылардың даусы айқын естіле бастағанына, үйлерінің іргетасы мен қабырғалары жарылып, үй төбесін ұстап тұрған ағаш тіреулердің қақырай түскеніне әлі де алаңдаулы. Олардың айтуынша, кеніш үйлердің астын кеулеп қазып, кен байыту комбинатына қарай жылжып барады. Көпшілік «Бір күні әлгі автобус құлаған сияқты жер опырылып, астына түсіп кетеміз бе?» деген үреймен өмір сүріп келеді.

щ

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жыл қорытындысына арналған брифингте бұл мәселені шешуге алғашқы қадамдар жасалып жатқанын хабарлады. Өңір басшысы ең әуелі шахтаның астына тәуелсіз зерттеу жұмыстары жүргі­зілгенін, соның нәтижесінде «Шан­хайда» орналасқан үйлерге қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізілгенін баяндады.

«Қазіргі уақытта «Майқайыңалтын» кәсіпорнының акционерлері ауысып, «Алтыналмас» АҚ жаңа инвестор болғаны мәлім. «Шанхай» жұртына шахтадан келер қауіп жоқ. Дегенмен олар шахтаның дәл түбінде орналасқанын, әрі үйлердің тозығы жеткенін ескере отырып, апаттық жерде тұрғандарға жаңа үй салып беруді ұйғардық. Менің тапсырмаммен жергілікті құзырлы органдар мен алтын кенішінің жаңа инвесторы бірлесіп егжей-тегжей жоспарлау жобасын бастап кетті. Ол үдеріс шамамен 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Мәселе көп үйдің құжатсыз тұрғанына байланысты. Адамдар үйді өз атына рәсімдеместен көп жыл тұра берген. Қаражат мәселесі шешіліп, құжаттық жобалау аяқталса, біз апаттық аймақта тұрған 70 үйдің тұрғындарына баспана салуды бастаймыз. Егер жер телімдері шектеулі болса, үш немесе төрт қабатты үйлер салынуы мүмкін. Алдын ала келісімге сәйкес үйлердің жартысы бюджет қаражатына, жартысы алтын комбинатының қаражатына тұрғызылады. Мәселені жүйелі әрі жан-жақты ойластырып шешкен абзал», деді А.Байханов.

н

Жақсы жаңалық кеніш аумағын мекен еткен халықты қуантты. Алайда кейбір тұрғындар әкімнің уәдесіне сенімсіздік танытып отырғанын да жасырмаймыз. «Бұл біздің көңілімізді тыныштандыру мақсатында алдын ала айтылған сөз болуы мүмкін. Мәселенің шешімі жүз пайыз қабылданған жоқ. Шахтадан 300 метр жерде тұрып жатырмыз. Жер астында күн сайын жарып жатады. Жер шайқалғанда үйіміз бірге қирап, бала-шағамызбен бірге жер астына түсіп кетеміз бе деп қорқамыз. Төбемізден топырақ саулайды, үй іргесі қақырап барады. Автобус құрдымға құлап кеткен уақыттан бері жанымызды шүберекке түйіп отырған жайымыз бар. «Шанхай» жұртын нақты көшіреді, жаңадан үйлер салынады» деп қағаз жүзінде шешім шығарылса, көңілімізге қуат болар еді»,  дейді Майқайың тұрғыны Айнаш Хакім.

г

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Аман­тайұлы Павлодар облысы басшылығы қабылдап отырған шешімдер құптарлық екенін айтады. Бұған дейін Майқайыңдағы апатты тексерген ведомствоаралық комиссия шын мәнінде кеніш маңайындағы үйлерге қауіп төніп тұрмағанын нақтылаған. «Майқайыңда ойыққа түсіп кеткен автобус пен ондағы төрт құтқарушының мүрдесін қазып алып шығу операциясы ұзаққа созылса да, сәтті аяқталды. Ендігі маңыз берілетін мәселе – апаттық жағдайда тұрған үйлер. Бүгін болмаса да, таяу жылдары қаусап тұрған баспаналар шетінен сөгіліп құлай бастауы ықтимал. Адамдардың амандығын ойластырып, оларды қауіпсіз аймаққа көшіруді жеделдетіп бастап кетуіміз керек. Үйлер өте ескі әрі иелері бірнеше мәрте ауысқан. Соған орай құжаттандыру мәселелері ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл жерде үй иелеріне құжаттық тұрғыдан бірреттік мүмкіндік берілуге тиіс. Кезінде Сәтбаев қаласында дәл осындай оқиға болған кезде құжаттандыру ресімдеріне екі жыл уақыт жұмсалыпты. Осы істі тікелей бақылауында ұстап, жанашырлық танытып отырған өңір басшылығына ризашы­лығымызды жеткіземіз», дейді депутат.

Біз өңір әкімі мен «Майқайыңалтын» АҚ басшылығының бірлескен іс-қимылы нәтиже әкеледі деген сенімдеміз. Айтылған жоспар құр уәде күйінде қалмай, «Шанхай» жұртының мәселесін шешіп берсе, құба құп.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше