Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді.
«Бүгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар Қазақстан − Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні – дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен ұштастыру. Сөз соңында екі ел байланыстарын өрбітуге қосқан тарихи үлесі үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздің сапарыңыздың қорытындысы сан қырлы мемлекетаралық ынтымақтастығымыз айрықша сипатқа ие екенін тағы да растады. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін бірге күш жұмылдырып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарымызды нығайтатын жолға батыл қадам басамыз», деді Қазақстан Президенті.
Ресей Президенті бүгінгі келіссөздердің іскерлік және конструктивті сипаты екі елдің достық және тату көршілік қарым-қатынасына сай келетінін айтты.
«Біз саясат, экономика, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықтың негізгі мәселелерін талқыладық. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды қозғадық. Қазақстан − Ресей байланысын нығайтудың басым міндеттері бекітілген бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Энергетика, қаржы секторларынан бастап, денсаулық сақтау және білім беру секілді түрлі саланы қамтитын маңызды үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар қабылданды. Келіссөздер барысында экономикалық ықпалдастыққа баса назар аударылды. Былтыр екі елдің тауар айналымы шамамен 29 миллиард долларды құрады. 30 миллиард долларлық межеге батыл қадам басып келеміз. Таяу арада бұл көрсеткішті де еңсеретінімізге еш күмән жоқ. Бүгінгі сапар мен келіссөздер халықтарымыздың игілігі үшін Ресей − Қазақстан сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға серпін береріне сенімдімін», деді Владимир Путин.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанға төрт Амур жолбарысының әкелінуін Ресей Президентінің мемлекеттік сапары аясындағы айтулы оқиға деп атады. Еске салайық, кеше Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.