
Сурет: baq.kz
Маңғаз өлкедегі 247 МВт гибридті электр стансасының құрылысы былтыр басталған. Инновациялық жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Іске қосылған соң көмірқышқыл газының қалдықтарын азайтады әрі 70 адамды жұмыспен қамтиды. Бұл – «ҚазМұнайГаз» ҰҚ және италиялық «ENI» компаниясының бірлескен бастамасы. Бас мердігер – «Hi-Teck «Qazaqstan» серіктестігі. Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев сапар барысында осы станса басындағы жұмыс қарқынын бақылап қайтты.
«Күн электр стансасы 50 МВт, жел стансасы 77 МВт және газ стансасы – 120 МВт қуатпен жұмыс істейді. Гибридті станса Жаңаөзен қаласындағы кәсіпорындарды, мұнай өндіруші компаниялар мен «ҚазМұнайГаз» газ өңдеу зауытын электр энергиясымен тұрақты түрде қамтамасыз етеді. Станса құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарланған», деді Е.Жаңбыршин.
Құрылысшылармен әңгімелесу барысында депутаттар Парламентте қабылданған заңдардың жүзеге асырылуы жөнінде пікір алмасты. Әсіресе «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы заңның артықшылықтарын ортаға салып, бұл құжат Президенттің қоғамда әділдік орнатуға бағыттағанына назар аударды.
Ал «Amanat» фракциясының мүшелері Асхат Аймағамбетов, Никита Шаталов, Бауыржан Смағұлов, Үнзила Шапақ, Арман Қалықов, Құдайберген Бексұлтанов және Тілектес Адамбеков Теміртау қаласындағы газ тарату желілерінің құрылыс барысымен танысты.
«Қазіргі таңда 4 газ тарату стансасы іске қосылды. Жоспарда тағы 4 стансаны іске қосып, кейін абоненттерді қосу жұмыстары жүргізіледі. Мұның барлығы экологиялық және әлеуметтік жағынан оң әсерін береді, себебі көмірмен жылыту қиын әрі қымбат. Қазір көмірдің тоннасы шамамен 25 мың теңге тұрады, ал көгілдір отын одан арзан», деді депутат Б.Смағұлов.
Теміртауда табиғи газ 3 мыңнан аса үйге қосылған. Алдағы уақытта тағы шамамен 3 500 тұрғын үйді газбен қамту жоспарланып отыр. Арман Қалықовтың айтуынша, Президент азаматтарды «көгілдір отынға» қосу жұмыстарын жандандыруды бірнеше рет тапсырған болатын. Газдандыру көмір генерациясын пайдалануды едәуір қысқартады, ол ауа тазалығын қамтамасыз етеді.
Бұған қоса мәжілісмендер «Qarmet» металлургиялық комбинатының газға көшу барысымен танысты. Кәсіпорында сыртқы және ішкі газ құбыры салынады. Жұмыстардың 60 пайыздан астамы аяқталған. Комбинаттың газға көшуі мазутты пайдаланудан бас тартуға мүмкіндік беріп, атмосфераға зиянды шығарындыларды кем дегенде 30 пайызға қысқартуға жол ашады.
Депутаттар Жанарбек Әшімжанов, Максим Рожин мен Мақсат Толықбай Іле ауданы Өтеген батыр ауылына арнайы барып, Мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты. Өтеген батыр ауылындағы 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы бірнеше жылға созылып келеді. 2022 жылы басталған жоба бүгінде тек жартылай ғана аяқталған.
– Бұл – өңірдің әлеуметтік дамуы үшін өте маңызды жоба. Нысанның құны 2,2 млрд теңге деп бекітілген. Қаржы кезең-кезеңімен бөлініп келеді. Дегенмен жұмыс тиісті деңгейде орындалмаған. 2023 жылы пайдалануға берілуі керек еді, бірақ тек жартысы ғана дайын. Құрылыс тоқтап тұр. Бұл жерде бақылаудың жеткіліксіздігі анық байқалады. Халыққа уәде берілген болса, оны орындау – біздің ортақ міндетіміз. Біз бұл мәселені қатаң бақылауға аламыз және барлық жауапты тараптардан нақты әрекет талап етеміз, – деді депутат М.Рожин.
Іле аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Күнесбайдың мәліметінше, өткен жылдың сәуірінде мерзімді тағы ұзарту туралы келісім жасалып, жобаның аяқталу уақыты 2025 жылдың шілдесіне шегерілді. Қазіргі таңда құрылысты толық аяқтау үшін қосымша 805 млн теңге қажет. Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті қаржыны бөлу мәселесі Алматы облысының бюджет комиссиясына жолданбақшы.
«Respublica» партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Батыс Қазақстанның Ресеймен шекарадағы «Сырым» бақылау-өткізу бекетінде болып, шекаралық инфрақұрылымды жақсарту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ол облыс басшылығымен, кәсіпкерлермен және белсенді жастармен кездесулер өткізіп, өңір тұрғындарының өзекті проблемаларын тыңдады.
Жетісу өңіріне жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев «Талдықорған» индустриалды аймағында болды. Бірқатар кәсіпорынның, соның ішінде «Asma Industrial» аккумулятор зауытының жұмысымен танысты. Ал Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысып, бірнеше өрт сөндіру бекетін аралады.