
Жазушының есімі оқырманға прозалық шығармаларымен жақсы таныс. Сондай-ақ суреткер қоғамдағы қалтарыс-бұлтарыстарды қалт жібермейтін көсемсөзге де жүйрік. Өмірдің шынайы көрінісін ақ параққа қаз-қалпында түсіреді. Жасандылық жоқ.
«Жан әуендері» атты кітап төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде тәуелсіздіктің арайлап атқан таңдарын көсемсөзбен бейнелеуге тырысқан. Әсіресе екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаев өмірінің айтулы сәттері, ақ күріш пен қара қойдан кейінгі тағдыры көркем суреттелген. Сонымен бірге шоң жазушы Шыңғыс Айтматов, сахна саңлағы Сәбира Майқанова, атақты дирижер Төлепберген Әбдірашев, әлем мойындаған математик Асқар Жұмаділдаев бейнелері шеберлікпен сомдалған. Осы жинаққа жазған арнау сөзінде автор: «Адам жаны толқып тұрған тоғыз балл теңіз дерсің. Ол толқымаса, ескексіз қайықтай болып қалар еді. Дүниедегі жақсылықтың бәрі адам жанының толқуынан туған. Кітаптың «Жан әуендері» аталуы да осыған саяды. Адам баласы толқыған дүниеге ие. Адам – ең биік құбылыс. Менің кейіпкерлерім де жан толқуын бойына дарытқан адамдар», дейді.
Ал «Менің көзім арқылы» атты кітабына да бүгінгі заманды зерделеген бірқатар публицистикалық дүниелері топтастырылған. Осындағы біртуар қаламгер Шерхан Мұртаза мен көрнекті қайраткер Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы эссесінде айтулы екі тұлғаның кісілік келбетін айшықты кестелеген. Сыршыл суреткердің ұлттық құндылық, руханият, әдебиет туралы ойлары да терең. Ешкімді бейжай қалдырмайды. Мәселен, «Кие кетіп барады» мақаласында: «Енді мемлекеттік тілімізді нан табу құралына айналдыратын кез келді, таба нанды жеген тарландарымыз өз тілінде сөйлеп, нотариустан анықтама ала алмай, аудармашы жалдап көздері бозарып жүрген жоқ па? Әр соғыстың жеңісі бар, кеңес адамының сапында жүріп, төрт жылда Рейхстагтің де төбесіне ту тіктік. Отыз жыл өтті, туған тіліміздің төбесіне көк туымызды желбірететін кез келді. Киеден аттамайық», дейді толғанып. Сондай-ақ автордың «Көзбояуы жоқ көріністері» де қызықты оқылады. Одан қазіргі қоғамның тынысын сезінесіз.
Қысқасы, екі жинаққа енген туындылар жып-жылы жазылған. Таңғы шықтай мөлдіреп тұр. Жаныңызды толқытады. Ой салады. Толғантады.