Тарих • 16 Қаңтар, 2025

Көктөбеде Ұлттық пантеон жоспарланған

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық пантеон туралы көп айта бермейміз. Себебі оның елдік те, имандылық та, адами да жауапкершілігі бар.

Көктөбеде Ұлттық пантеон жоспарланған

Дәстүрімізге қарасақ, Ұлы далада ке­шегі күнге дейін ірі тұлғалардың (хан-сұлтан, батыр, би, діндар, т.б.) моласы яки тамы алыстан менмұндалап тұрған. Ата салтымызда «Жолда адассаң, бейіт­ке түне!» деген кеңес те, «науқас адамды, ауырған малды зират айналдырып жүргізеді» деген медет сөз де айтылады.

Біз Париждің әулие Женевьевтегі ұлттық пантеонына аузымызды ашып, көзімізді жұмып жүріп, Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіндегі игі жақсылар қорымын насихаттай алмағанымыз, сондай-ақ Әзербайжан астанасындағы Құрметті зират аллеясына таңғалып, Алматының Райымбек даңғылындағы ұлт зиялылары бейітін танымал етпегеніміз кейде опық жегізіп жататыны рас.

Неге? Халқымыз «Аш болсаң, базарға бар. Тоқ болсаң, мазарға бар» дейді. Мұның түпкі мағынасы – «ата-бабаңды қиналған кезіңде ғана емес, ақыл-есің барда ізде» дегенге саяды. Тоқ болу – тамақ қамы ғана емес, бар-жоқты ойлау, ісіңе ақылды жетекші ету.

Атеизмнің қылышынан қан тамып тұрған әрі шекара жабық кезеңде көре­ген ақсақалдардың «Түркістан – Меккеге баспалдақ» (қарапайым тілде «екін­ші Мекке») деген ойының астарында үл­кен тәлім жатыр. Осы арқылы олар дін мен дәстүрді де, ислам құндылығы мен Түркістан мәртебесін де насихаттаған.

Дәл осындай пікірдің зайырлы дең­­гейі ХХ ғасырдың 60–70-жылдары Қазақстанда елшіл, намысты партия-кеңес қайраткерлері мен сол шақтағы ғалым­дар тарапынан көтерілгені таңғалдыра­ды. Бүгінгі дін, мәдениет, дәстүр мәселесі­мен шұғылданып жүрген зерттеушілер бұл тақырыпты айналып өтпеуі керек.

Сонымен, бірауыз сөз кеңес өкіметі тұсында Алматының Көктөбесінде салынуы жоспарланған Ұлттық пантеон туралы.

Елімізде антропология (қазіргі еуро­палық кең мағынасында емес, таза кәсіби мәнде) саласының маманы саусақпен санарлық. Өйткені мұны меңгеру үшін бірінші биологиялық немесе медициналық білімді, екінші тарих білімін игеру шарт. Бізде осы саланың көшбасында бүгінде жасы 95-ке таяған қос ғалым – Ноэль Шаяхметов (Қазақстан басшысы болған Жұмабай Шаяхметовтің баласы) пен академик Оразақ Смағұлов тұр.

Ноэль Жұмабайұлы Алматы медицина институтын бітіріп, бастапқы жұмы­сын сот-медициналық сараптау саласы­нан бастаған. Кейін әйгілі Мәскеудегі антрополог Михаил Герасимов зертхана­сында істеп, қазақ ғылымына олжа сала­ды. 60-жылдардан бастап ежелгі үйсін адамы, Махамбет, Құрманғазы, Қобыланды, т.б. бассүйегін қайта қалыптайды (реконструкция). 1969 жылы «Из тьмы веков (портрет по черепу)» атты елеулі кітабы жарық көреді. Әйгілі дәрігер-ғалым Сайым Балмұхановтың зерттеу институ­тына шақырту алады. Сол шамада өзін жас күнінен білетін Д.Қонаев­тың қа­был­дауында болады. 1967 жылы Н.Ж.Шаяхметов жұмысы Ғылым акаде­мия­сында талқыланып, Ә.Марғұлан се­кіл­ді академиктерден жоғары баға алады.

Мұның бәрі – ғылым бағытын­дағы іс-шара. Ал Ноэль зерт­теулерінің ел­дік һәм идео­логиялық мақсат-мұраты бұдан да кең еді. Сол кез­дегі мәдениет ми­нистрі Ілияс Омаров Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаевтың келісімін алып, Н.Ж.Шаяхметов зерт­теу­лері негізінде (яғни қал­пы­на келтірілген тарихи тұлғалардың сүйегін қай­та жерлеу мен бейітіне сол заманның үрдісіне сай ес­керткіш орнату) Алма­ты­ның Көктөбесінде ұлт­тық пантеон тұрғызуды жоспарлайды. Бұл туралы Ноэль Жұмабайұлының естелік­тері кейінгі жылдары бір­не­ше мерзімді ба­сылымда, дерек­ті фильмде, YouTube ар­нала­рында, әлеуметтік же­ліде жа­рияланды.

Өкінішке қарай, бұл жоба Ілияс Омарұлының қазасы (1910–1970) мен Дін­мұхамед Ахметұлына одақ орталығынан айтылған түрлі сыннан ­ке­йін орындалмай қалады.

Сұрақ туады: аталған жоба орын­дал­­ғанда не болар еді? Әрине, ол 60-жыл­дар­дағы кеңестік «жылымықтың» аясын­да ұлт тарихын түгендеуге ықпал ете­тіні сөзсіз-тін. Мысалы, бұл жазушы әрі әдебиеттанушы Мұхтар Мағауиннің «Қо­быз сарыны» зерттеуі мен «Алдаспан» жинағын (жыраулар поэзиясы) толықты­ра түсер еді. Қалай дегенде осы жоба даярланып тұрып баспадан шықпай қал­ған «Кочевники. Эстетика (познание мира ­традиционным казахским искусством)» атты ұжымдық зерттеудің күйін кешті.

Енді бір сәт сондай пантеон Көктөбеде орнатылды деп есептеп көрейікші. Бұл ұлт дәстүріне қиғаш па? Жоқ, кеңестік зайырлы танымның ескерткіші ретінде тари­хымызды, ізденісімізді, алуан тағдыры­­мыз­ды айғақтап тұрар еді.

Өткенді еске алсақ, Вениамин Востров пен Марат Мұқановтың «Родоплемен­ной состав и расселение казахов» (1968), Халел Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке: тарихи-этнографиялық шолу» (1973), Оразақ Смағұловтың «Этничес­кая одонтология казахов» (1982) атты монографиясы жарыққа шыға салысымен Мәскеу мен республика идеолог­тері ұйым­дастырған ұртоқпақтың астын­да қалды. Кітап дүкені мен кітапханалар­дан алынып, кәдімгідей туралды. Тарих­шы аспиранттардың (әрине, жетекшілеріне байланысты) жаппай «КПСС пен колхоз-совхоз, завод-фабрика тақырыбына» бой ұруы, бет бұруы да осы шамада.

Иә, ғалымдар мен парасаттылар ерлігі ұмытылмайды. Мұны халық бірауыз сөзге былайша сыйдырған: «Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді». Міне, сондықтан да бүгін біз қиын кездегі зиялылар бастамасын ілтипатпен еске алып отырмыз.

 

Айтуған Досби