Аймақтар • Бүгін, 21:54

Мақтааралда әлеуметтік осал топтарға арналған 48 үй салынып жатыр

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында ауқымды әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Жоба аясында 1 қабатты, әрқайсысы екі пәтерлі 48 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарланған, деп жазады Egemen.kz.

Мақтааралда әлеуметтік осал топтарға арналған 48 үй салынып жатыр

Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме – «Building Group – 1» ЖШС-ы жүргізуде. Жеке кәсіпкердің есебінен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған соң, мемлекет тарапынан қарастырылған 1,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға барлық үйлер сатып алынады. Құрылыс алаңында болған аудан әкімі Бақыт Асанов нысанның сапасына, құрылыс қарқынына және жұмысшылардың еңбек жағдайына назар аударды. Сонымен қатар, мердігер компания өкілдерімен пікірлесіп, туындаған мәселелерді дер кезінде шешу, жұмыс кестесінен кешікпеу қажеттігін  айтты.

Айта кетейік, бұл үйлер бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, толық емес отбасыларға және тұрғын үйге мұқтаж өзге де санаттағы азаматтарға жалға берілетін болады. Осылайша, Фирдоуси елді мекенінде жаңа шағын аудан бой көтеріп, ауылдың әлеуеті арта түспек.

 

Түркістан облысы