
Екі күн бойы 4-18 жас аралығындағы қатысушылар инженерия, бағдарламалау және роботтехника саласындағы білімдері мен дағдыларын көрсетті. Жасампаз оқушылар жарысатын білім додасын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «USTEM Foundation» қоғамдық қоры және SDU университеті бірлесіп өткізді.
Фестиваль жыл сайын әртүрлі тақырыпта өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл балалардың жаңа бағыттарға деген қызығушылығын дамытуға мүмкіндік береді. Биылғы маусым – суасты әлемін зерттеу және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған «DIVE» тақырыбына арналған. Кәделі конкурс «FIRST» халықаралық бағдарламасының төрт санатын қамтыды. Атап айтқанда, «FIRST LEGO League Discover», «FIRST LEGO League Explore», «FIRST LEGO League Challenge» және «FIRST Tech Challenge».
Мазмұнды іс-шара жоғары ғылыми-техникалық деңгейде ұйымдастырылып, таланттар арасында ерекше тайталас тудырды. Ең үлкен қызығушылық «FIRST Tech Challenge» санатында байқалды. Мұнда жас инженерлер механика, бағдарламалау және электроника саласындағы күрделі тапсырмаларды орындап, робот-сайыстың көркін қыздырды.
«Қазіргі жаһандану, инновациялық жаңару заманында роботтардың алатын орны өте ерекше. Себебі қазіргі заман – құлтемірдің дәуірі. Ақпарат алу, жәрдем беру, үй шаруасындағы қызметтердің 50 пайызын біз үшін роботтар жасайды. Мінекей, біз робототехниканың балалар мен жасөспірімдер арасында танымал бола бастағанын көріп отырмыз. «Daryn FIRST Championship» сияқты фестивальдер жастарға өз білімдерін практикада қолдануға таптырмас алаң», деді «USTEM Foundation» қоғамдық қорының директоры Асылбек Мырзахметов.
Сайыс соңында 32 команда бәсі биік «Central Asia FIRST Championship 2025» бәсекесіне қатысу квоталарын жеңіп алды.
Айта кетейік, қаңтарда дәл осындай чемпионаттар Шымкент, Ақтау және Астана қалаларында да өтеді. Біз бұдан нені аңғарамыз? Бір айда төрт бірдей ауқымды сайыстың өтуі роботтехниканың балалар мен жасөспірімдер арасында танымал бола бастағанының айқын дәлелі.
«Балалардың күрделі инженерлік тапсырмаларды үлкен ынтамен шешкенін көру – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл фестиваль тек жарыс қана емес, оқушыларға өз таланттарын көрсетуге және болашақ жобаларға жаңа идеялар табуға мүмкіндік беретін алаң. Робот құрастырумен айналысатын баланың зейіні ашылып, дәлдік пен тәртіпке үйренеді. Аталған сала ғылымның барлық заңы электроника, механика, телемеханика, мехатроника, информатика, радиотехника, электртехникамен тығыз байланысты», деді «Дарын» РҒПО бөлім басшысы Сайран Бақтияр.
Бекзат Мыңайдарұлы