
Жиын күн тәртібіне дауыс беру және құрамға жаңа депутатты таныстырумен басталды. Қазақстан Халық партиясынан Асылбек Жамашұлы Нұралин Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Мәжіліс депутаты атанды. Ол Қазақстан Халық партиясы фракциясы атынан өкілеттілігін тоқтатқан Гауһар Танашеваның орнына келді. Жаңадан сайланған мәжілісмен көп алдында ант беріп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына қосылды.
Әрі қарай депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағбандық шаруашылық серіктестіктерін мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қорытынды әзірлеуін қарады. Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, құжат бағбандық шаруашылық аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізуді, белгілі бір қызмет түрлері мен оның ішінде ара шаруашылығымен айналысуды реттейді. Дауыс беру нәтижесінде комитет заң жобасын жұмысқа алды.
Содан соң Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларының қорытынды әзірлеуін таныстырды.
Құжаттар былтыр 15 сәуірде Ереван қаласындағы келісім шеңберінде әзірленген. Оған сәйкес тараптарға бір-бірінің шекарасын кесіп өткен күннен бастап, 90 тәулікке дейінгі мерзімге келу және одан кету, транзитпен жүріп-тұру, аумағында болу құқықтарын береді. Сондай-ақ көші-қон бір тараптың азаматтарының екінші тарап аумағында құқықтарын қорғау, өзара іс-қимыл жасау, қос азаматтық және заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселелері қарастырылған. Мәжілісмендер бірауыздан қолдап дауыс беріп, қаулы қабылданды.
Бұдан кейін депутаттар қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат ұсынылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов баяндама жасады.
– Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу ескерілген. Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғам арқылы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылады. Мәліметтер тек заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде қосылады. Тізілімнен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім агенттіктің сайтына орналастырылады. Тізілімді жүргізуді агенттікке бекіту көзделіп отыр, – деді ол.
Заң жобасы аясында мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысы институтын жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың жеке мүдделерін декларациялауды енгізу, параны талап етуді, параны уәде ету мен ұсынуды қылмысқа жатқызу да қарастырылған. Оған қоса заңсыз сыйақыны қорқытып алу деректері қатаң бақылауға алынады және заңды тұлғалардың жемқорлық қылмыстарына жауапкершілігі күшейтіледі.
– Бұл бастаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын және Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясынан туындайды. Конвенция егер елде заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық үшін әкімшілік жауапкершілігі белгіленген болса да, оның қылмыстық санкцияларға пропорционалды болуын
міндеттейді. Қазіргі уақытта Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 678-бабы бойынша заңды тұлғалардың шенеуніктерге сыйақы бергені үшін 750 АЕК сомасында айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілігі қолданылады. Халықаралық стандарттарды ескере отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің осы бабының Қылмыстық кодекстің 367-бабына (пара беру) ұқсас еселенген айыппұл түріндегі санкцияларды көздейтін жаңа редакциясы әзірленді. Айыппұл сыйақы мөлшеріне байланысты заңды тұлғаның атынан немесе оның мүддесі үшін берілген материалдық сыйақының 30-дан 60 еселенгенге дейінгі сомасын құрайды, – деді агенттік өкілі.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруге арналған заң жобасын талқылау кезінде халықтың қаржысын жымқырғандарды шетелге шығармауды ұсынды.
– Капиталды қайтару жұмыстарының тәжірибесі көрсетті, шетелге шығуға тыйым салу жемқорлыққа тосқауыл болатын бірден-бір тәсіл бола алар еді. Себебі ірі сыбайлас жемқорлар ақшаны конвертпен алмайды. Әрине, олар оффшорлық аймақтарға шығарылады. Осылай жылыстатылған ақшаның ізін ашу оңай емес. Біздің мемлекеттік органдар, тіпті Қаржылық мониторинг агенттігінің оффшорда жемқорлардың қанша ақшасы бар екенін білмейді. Сондықтан бұл жолдастар тіпті ұсталатынын біле тұрып тәуекелге барады. Бірақ белгілі бір мерзімге сотталады да, біраздан кейін шартты түрде босатылады не жазасы айыппұлға ауыстырылады. Заң аясында тіпті жазасын өтеп шыққан сыбайлас жемқорлардың өзіне шетелге шығуға тыйым салу керектігін бірнеше рет ұсындық. Сонда ғана олар оффшорлық аймақтарда халықтан ұрланған миллиардтаған ақшасын алаңсыз пайдалана алмайды. Егер олар осында тұруға мәжбүр болса, бұл ақшаны елге қайтаруға мәжбүр болады. Өкінішке қарай, 2017 жылдан бері мемлекеттік органдар бұл түзетуді әлі күнге дейін қолдамады. Тіпті ол ұсынысымызға қылмыстық іс жүргізу кодексі туралы басқа заң жобасы аясында Үкіметтің оң қорытындысы алынды. Бірақ Әділет министрлігі ұсынысты қолдаған басқа мемлекеттік органдарға қарсы шығып, жұмыс тобы кеше бұл норманы қабылдауды кейінге қалдырды, – деді ол.
Ұлан Сарқұлов ұсынысты депутаттармен бірге жұмыс тобында талқылауға дайын екенін айтты. Ал депутат Еділ Жаңбыршин жемқорлықты тыятын заң жобасына еуропалық стандарттарды енгізерде қазақстандық аймақтың, отандастарымыздың психологиясы мен мәдениетін ескеру қажет екенін айтты. Осылайша, бір сағаттан аса талқыланған заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселе қаралған соң депутаттық сауалдарға кезек берілді. Алғаш болып Ауыл партиясы фракциясының депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Жигули Дайрабаев сөз алып, телеарналар мен мерзімдік басылым арқылы еңбек адамына арналған мазмұнды арттыру керек екенін жеткізді. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында ең төменгі айлықты инфляцияға сай индекстеуді ұсынды.
– Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан халқымыздың әл-ауқаты артпай тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс 112 мың теңге болып отыр. Оның 98 мың теңгесі тек азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, күріштің бағасы 31,3 пайызға, жұмыртқа 16,9 пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен. Картоп пен ірімшік өнімдерінің бағасы бір жылдың ішінде 35 пайызға өскен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа келсек, коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған. Еліміздегі ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден көтерілген жоқ. Бұл 1,8 млн адамның тұрмыс деңгейіне қатысты. Ең төменгі жалақыны көтеру – Үкіметтің басты міндеті. Жұмыссыздықтан сақтандыру сомасын арттыру арқылы ең төмен жалақы алатын адамдардың сақтандыру жүйесін жетілдіру керек. Әкімдер өңірлік ауыл шаруашылық өнімдерін жергілікті нарыққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет. Ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін мемлекеттік төлемдерді уақтылы әрі қажетті сомада толық төленуін қамтамасыз ету маңызды, – деді депутат.