
– Сіз үшін креативті экономика деген не және оның елдің дамуына әсері қандай?
– Бүгінде «креативті экономика» түсінігі көп отандасымыздың санасына сіңіп үлгерді. Яғни «креатив» сөзі «шығармашылық» деген мағына беретінін білсек, «креативті экономика» ұғымын там-тұмдап түсіну қиын емес. Басты тауар – шығармашылық өнім немесе контент. Демек адам қиялынан шығарылған өнімді сату, одан пайда табу. Былайша айтқанда, монетизациялау. Экономиканың басқа да салаларынан айырмашылығы әрі ұтымды тұсы да осы. Өйткені біздің ой-қиял, білім, интеллект сарқылмайтын ресурс саналады.
Сәл тарқатсақ, креативті экономика білім-ғылымға сүйенетін, өнер, мәдениет, бизнес және технологиялар ұштасатын индустрия деуге әбден болады. Бүгінде бұл нарықта «қасқырға» айналған елдердің біразы салаға 13 шығармашылық индустрияны кірістірген. Олар – реклама, маркетинг, сәулет өнері, қолөнер, дизайн, кинематограф, видео мен фотоөнер, медиа, IT, музей мен галереялар, музыка және бейнелеу өнері, баспа ісі.
Көшбасшы мемлекеттердің көшінен қалмас үшін Қазақстан Үкіметі де креативті экономиканы перспективалы бағыт деп қабылдап, 2021-2025 жылдарға арналған «Шығармашылық индустрияны дамыту» тұжырымдамасын бекіткен еді. Бұл таланттарды, ұлттық мәдениетті қолдауға және экономикалық өсімге үлес қосуға бағытталды. Сәйкесінше жаңа жұмыс орындары құрылды. Республиканың әр қиырындағы жастың өз қарым-қабілетін ашуына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік туды. Бүгінде қоғамда «шығармашылықпен ақша табу мүмкін емес» деген идея ескірді. Есепке салсақ, қазір креативті индустрия саласында 135 мыңға жуық азамат жұмыс істейді. Олардың саны алдағы төрт жылда екі есе артады деген болжам бар.
Ал егер оның ел дамуындағы басты кейстеріне тоқталсақ, Қазақстан үшін бұл мұнай мен газ секторына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Құндылықтарды сақтай отыра, төл мәдениетті жаңаша сипатта ілгерілетуге, оны жаһан жұртына танытуға жол ашады. Дүние жүзіне ортақ не ішкі проблемаларда заманауи шешімдерді ұсынады. Қоғамда жастардың белсенділігіне ықпалдасады. Шетел нарығында сұраныс артып, экспортты жүйелеуге және жаңа инвесторларды тартуға сеп болады.
– Енді нақты сіздің мысалға тоқталсақ. Қазіргі галереяңыз туралы айтып берсеңіз...
– Міне, биыл мәдениет саласында жұмыс істеп жатқаныма алты жылға жуықтайды. Негізі мамандығым – қаржы аудиторы. 2012-2016 жылы Алматы қаласындағы SDU университетін тәмамдадым. Оқуымды аяқтаған соң, туып-өскен қалам Атырауға оралып, үш жыл бойы халықаралық «Делойт» компаниясында еңбек еттім. Сол аралықта мұнайлы өлкеде қала тұрғындарына арналған галерея ашуды жоспарладым. Мәдениет, өнер саласынан арнайы білімім жоқ болса да, жаңа орта қалыптастыруды көздедім. Әртүрлі жобаларды, соның ішінде көрмелерді, дәрістерді, мәдени іс-шараларды өткізіп, біраз тәжірибе жинақтадым.
Осылайша, 2019 жылы өзімнің заманауи сарындағы «Ait Gallery» атты жеке галереямды энтузиазммен аштым. Мақсат – жас суретшілерді қолдау. Яғни делдал ретінде қылқалам шеберлерінің туындыларын көпшілікке ұсынып, сату. Біз сатылған өнер туындыларынан қызмет көрсету ақысын ғана аламыз.
Бастапқыда 150-ге тарта өнер туындысының авторы, отандық жас суретші Ғани Көбейдің маржандарын «Ou Art» атты көрмеде ұсындық. Жаңалығы сол – өнер иесінің әр картинасын көрермен белгілі бір әуеннің сүйемелдеуімен қарауға тиіс. Сонда ілінген картиналар жанға тыныштық ұялатып, әркімнің өз жанының түкпіріне үңілуіне септеседі. Бұл бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыт деуге болады. Қылқалам шеберінің шығармашылығының іргетасы ою-өрнектерден қаланған. Әр туындыда ұлттық құндылықтардан сыр шертер тарих пен тереңдік бар. Біздің басты мүддеміз – халықаралық аренада да ұлттық мәдениетті кеңінен танымал ету.
Бүгінде жас суретшінің композициялық туындылары Нью-Йорк, Сеул, Лондон қалаларындағы көрмелерде қойылып, АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің жетекші галереяларымен серіктестік құрып үлгерді. Одан қалды өзіміздің Астана, Алматы сынды шаһарларда өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді. Біраз картиналарын да саттық.
– Мұнайлы өлке жастарының қызығушылығы қандай? Қазір көпшілігі бос уақытын қалай өткізеді?
– Атырауда да креативті ойлайтын, озық ойлы лек қалыптасып келеді. Поэтикалық кеш ұйымдастырушылар, неше түрлі интеллектуалды ойындар мен жастардың қарым-қабілетін арттыруға бағытталған жобалар, музыкалық қырын ашуға көмектесетін «Kilen Hub», «Аtyrau music community» сынды қауымдастықтар, кітап, киносүйер оқырман я көрерменге арналған диалог алаңдары бар. Басым көпшілігі мемлекеттік қолдау негізінде емес, жеке азаматтардың, қандай да бір қоғамдық ұйым, әлеуметтік жобалардың бастамалары ретінде сәтті жұмыс істеп жатыр.
Өзім де галереядан бөлек, Атыраудың ішкі туризмін дамытуды қолға алдым. «Afisha travel» атауымен өңірдің мәдени брендін ілгерілетуге атсалысып, облыс маңындағы неше түрлі тарихи мекендерге турлар ұйымдастырып тұрамын. Өйткені жастар мұндай бастамаларға «аш» деуге болады. Сондықтан аймаққа жас отандастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуге септесетін, идеяларын кәсіп көзіне айналдыратын, креативті жастар шоғырын қалыптастыратын ортақ алаң керек-ақ. Мұндай орталық құруға біздің «Ait Gallery»-дің қауқары жеткенімен, галереяның ауқымы мүмкіндік бермей тұр. Жалпы, қазіргі жастарда өздерінің шығармашылық қабілеттерін кәсіпке айналдырып, инновациялық стартаптар мен жаңа жобаларды бастауға интеллектуалдық әлеуеті бар. Тек кей өңірлерде инфрақұрылым осалдау келеді.
– Дүйім республиканың шығармашылық нарығында жастарға қандай жағдай жасалып отыр?
– Креативті экономикада идея тапшы. Ал тапшылық бар жерде баға жоғары болады. Еліміздің осы индустрияға зейін қойып, қаржы бөліп, бағыт-бағдарын, мақсат-міндетін айқындап алғалы бес жылға жуықтады. Тек былтырдың өзінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ) тығыз ынтымақтастық орнатылды. Азаматтарға оқыту семинарлары, тренингтер өткізіліп тұрады. Бұған қоса ДЗМҰ, СІМ және ӘМ қазақстандық креаторлар үшін білім беру платформасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ креативті тауарлар мен қызметтерді коммерцияландыруды қолдау үшін оларды Қазақстан банктерінің маркетплейсіне орналастыру жөнінде уағдаластыққа келісім жасалды. Президент тапсырмасы негізінде еліміздің барлық ірі қаласында хабтар жоспарлы түрде ашылып жатыр. Қазіргі уақытта мұндай орталықтар Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент, Атырау, Қызылорда, Петропавл, Ақтөбе және Алматы облыстарында жұмыс істеп тұр. Алаңдар жастардың шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға, бір-бірімен тәжірибе алмасуға, инновациялық бастамаларды қолдауға арналған.
Оған қоса Корпоративті қор да құрылып жатыр. Оның негізгі міндеті – халықаралық нарыққа креативті тауарлар мен қызметтерді шығару, таланттарды қолдау, өнімдер, зияткерлік қызмет нәтижелерін экспорттау және коммерцияландыру.
Еуропалық комиссияның мәліметтері бойынша, Еуропа елдерінде креативті индустрияларда жұмыс істейтіндердің 40%-ы 18-34 жас аралығындағы жастарды құрайды. Бұл көрсеткіш көптеген дамыған елде жоғары, себебі жастардың цифрлық және әлеуметтік медиадағы белсенділігі олардың шығармашылық әлеуетін арттырып келеді. 2023 жылғы «Linkedіn» зерттеуінде еліміздегі контент жасаушылар мен әлеуметтік медиа менеджерлерінің сұранысы 2022 жылмен салыстырғанда 35%-ға артқан. Бұл өзгеріс жастардың жаңа медиа мен цифрлық платформаларды пайдалану дағдыларының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Демек креативті өндірістің дамуымен жаңа мамандықтар да пайда болып жатыр. Мәселен, контент жасаушылар, цифрлық маркетологтер, фотографтар мен видеографтар, UX/UI дизайнерлер сияқты мамандар сұранысқа ие. Сонымен қатар параллель шынайылық (augmented reality), виртуалды шынайылық (virtual reality), жасанды интеллект және блокчейн технологиялары сынды бағыттар жастарға түрлі жаңа мүмкіндіктер ашады. Өз кезегінде бұл жұмыссыз жастардың легін азайтуға көмектеседі.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»