Аймақтар • 17 Қаңтар, 2025

Мемлекет қаржысы майшелпек емес

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балаларға қосымша спорттық, шығармашылық білім беріп, олардың қарым-қабілетін ұштау мақсатында қолға алынған «Артспорт» бағдарламасының айналасындағы әңгіме таусылар емес. Былтыр Қызылорда облысында түрлі айламен мемлекет қаржысын қалтаға басқандардың қулығы әшкереленіп, біраз кәсіпкер алғанын қайтарып, жұмысын тоқтатқандары да болып еді. Бүгінде облыс прокурорының өкімімен құқық қорғау, жергілікті атқарушы, уәкілетті органдардың өкілдерінен құрылған жұмыс тобы бұл мәселені жіті қадағалап отыр.

Мемлекет қаржысы майшелпек емес

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Соңғы 3 жылда облыс­тық бюджеттен мем­­лекеттік тапсырыс аясында шығар­машылық үйір­мелер мен спорттық секция­ларға 11,6 млрд теңге бөлініп, игеріліпті. Осы қаржыны жұм­сағандар арасында шығарма­шы­лық үйірмелердің үлесі басым. Бағдарлама аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді тек­серуді қаражат көп бөлін­ген Қызылорда қаласы, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандарынан бастаған топ біраз былықтың бетін ашты.

Тексеру кезінде басындағы үйін  – үйірме, ауласындағы са­ра­йын – секция ретінде тіркеп, ақ­ша алып келгендер анықталып­ты. Тіпті, қағазда бар үйірмеге 200 шақырым қашықтағы өзге аудан оқушыларын, басқа облыс­та­ғы балаларды «қатыстырып» қойған­дар да бар. Бір баланың бірнеше кәсіпкердің есебінде жүргені өз алдына бөлек әңгіме.

Топ өкілдері Жаңақорған ауданындағы 19 кәсіпкердің жұмысын саралап, олардың 127,2 млн теңге мемлекет қара­жатын заңсыз иемденгенін анық­тады. Оның 106,1 млн теңгесі мәдениетке, ал 21,1 млн теңгесі спорт саласына тиесілі болып отыр. Осы бас­қармалар басшылары 125 кәсіпкермен келі­сім-шартты біржақты бұзып, оның ішінде 55 кәсіпкер жұ­мысын тоқтатты. Қазір олар­дың қулықпен қалтаға басқан қара­жаты қайтарылып жатыр.

«Прокуратура кәсіпкерлер құқы­ғын қорғайтын басты орган­ның бірі. Біз олардың жолындағы түрлі кедергілерді жоюға күш салып келеміз. Бірақ мемлекет қаржысын түрлі айла-шарғымен иемденбек болғандарға тосқауыл қоюға тиіспіз. Мысалы, тексеру кезінде Шиелі ауданында бұрынғы мектеп директорының балаларының атына тіркелген мекемелер арқылы мемлекет­тік спорттық, шығармашылық тапсырысқа жалған құжаттар ұсынып, бюджетке 13,3 млн теңге шығын келтіргені белгілі бол­ды. Жалпы, үйірмелерге қатыспа­ған 2 мыңнан астам бала анықтал­ды. Соның кесірінен бюджет қаржысын майшелпек қылғысы келгендер мемлекетке 450 млн теңгеге жуық залал келтірген. Бүгінгі күнге кәсіпкерлер 48 млн теңгені қайтарды», дейді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

«Даму бала» платформа­сы­на тіркел­гендер арасынан 5 740 баланың ата-анасы ті­зім­­де­гі­­лердің шын мәнінде шы­­ғар­­машы­лық үйірмелер мен спорт­тық секцияларға қатыс­пай­тынын растап отыр. Жалпы, өнім берушілер тарапынан 13 731 бала тізімнен алынып тасталды. Осын­дай фактілерге бай­ланысты Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қыл­мыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

 

ҚЫЗЫЛОРДА