
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Қашанда «шебердің қолы ортақ». Мамандарға деген сұраныс та жоғары. Былтыр 270 мыңнан аса бос жұмыс орнына сұраныс түскен. Көбіне жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда таптырмайды.
Кейінгі жасалған актуарлық модельдер негізіндегі болжамға сүйенсек, бірер жылда жұмысшы мамандарға деген қажеттілік бұдан да арта түспек. Алдағы алты жылда білікті кадрларға сұраныс 1,6 миллионға жетуі мүмкін. Оның ішінде еңбеккерлердің 400 мыңға жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар, жұмысшы мамандығын меңгерген болуға тиіс.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында кадрларды даярлауда, оның ішінде жұмысшы мамандықтарды неғұрлым тиімді жоспарлау мақсатында жобалардың инновациялық навигаторы әзірленгенін атап өтті.
«Платформа кадрларға деген қажеттілікті болжауға, сондай-ақ еңбек нарығының сұраныстарын Техникалық және кәсіптік білім беретін (ТжКБ) ұйымдарда мамандар даярлаумен үндестіруге мүмкіндік туғызады. Бүгінде платформада 755 инвестициялық жоба қамтылып, 150 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Талдау әртүрлі аймақтардағы еңбек нарығының қажеттіліктері мен колледж студенттері (ТжКБ) түлектерінің арасындағы үлкен алшақтықты көрсетті. Сондай-ақ Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция аяқталып, олардан деректер түскеннен кейін кадрларды даярлау мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын жобалар аясында іске асырылады», деді министр.
Кадрлардың дайындық сапасын жақсарту мақсатында министрлік жұмысшы мамандықтар жөніндегі 1,6 мың кәсіптік стандартты жаңартты. Нәтижесінде, білім беру бағдарламаларының 87%-ы жаңартылды. Еуропа стандартының (ESCO) қолданылуымен 12 мыңнан астам дағдыны қамтитын Электрондық дағдылар банкі құрылды. Биыл тағы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылады.
Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында қолға алынды. Биыл тағы осындай 5 орталық, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша 2 орталық ашу жоспарланып отыр.
«Enbek» платформасы жұмысшы мамандықтарына қатысты дағдыларды дамытуға да белсенді ықпал етеді. Кәсіби мансапты таңдау, өзінің мансаптық траекториясын басқару үшін мамандықтар, жалақы, білім беру талаптары, оқу орындарының рейтингтері, өзге де артықшылығы егжей-тегжейлі сараланған «Мансап компасы» жобасы іске қосылды.
«Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқыту және жұмыс орнында оқыту белсенді дамып келеді. Биыл 12 мыңға жуық адам осындай курстардан өтеді. Студенттердің практикалық дағдыларын игеру үшін біз Электрондық еңбек биржасында өндірістік практиканың функционалын іске қостық. Онлайн оқыту платформасында бүгінде 643 онлайн курс қолжетімді, оқытудан 410 мың адам өтті. Министрліктің жоспарында жұмысшы мамандықтары бойынша әрі өндірістік практика үшін VR, AR-технологияларды пайдалану міндетті. Қанатқақты жоба Қонаев, Өскемен, Түркістан, Астана, Шымкент қалаларының мансап орталықтарында іске асырылатын болады», деді С.Жақыпова.
Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес тәлімгерлік институтын дамыту, бос орындар жәрмеңкесін өткізу қолға алынбақ. Оқушылар мен техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелердің (ТжКБ) студенттерін жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру дағдыларына оқыту көзделіп отыр.
Қоғамда еңбек күшінің құқығы тапталатын жайттар да аз емес. Еңбекақысын айлап ала алмай жүрген, жұмыс орнынан себепсіз айырылып қалған, қызмет барысында оқыс оқиғаға ұшырап, жарымжан болған жандар да кейде әділдікке жете алмай шарқ ұрады. Сондықтан жұмысшылардың құқығын қорғауды күшейту әрқашан маңызды. Министрлік осы мәселеге қатысты мынадай қағидаларды ұстанады:
– еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау саласындағы цифрлық мониторинг арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру, кәсіпорындарға тәуекел класын бере отырып, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалау, сондай-ақ оқытуға һәм білімді тексеруге қойылатын талаптарды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту;
– еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің штат кестесін, еңбек шарттары, ұжымдық шарттар жасасу рәсімдерін электрондық форматқа ауыстыруды көздейтін еңбек қатынастарын декларациялау тетіктерін енгізу;
– халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсынымдарды көздейтін лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары іске асырылады.
«Былтыр халықаралық стандарттарды ескере отырып, ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу әдістемесі бекітілді. Биыл Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 Конвенциясын ратификациялау жоспарланып отыр. Жұмысшы мамандықтары саласындағы маңызды жобалардың бірі – Кәсіпорынның цифрлық картасы. Бұл нақты уақыт режімінде кәсіпорындардағы тәуекелдерді алдын ала анықтауға, алдын алу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Модельде 60-тан астам қаржылық, әлеуметтік, еңбек көрсеткіштеріне қатысты мәліметтер болады. Кәсіпорынның цифрлық картасын Отбасының цифрлық картасымен үйлестіру жаңа мүмкіндіктер ашады. Жұмыс беруші қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатын ескере отырып, тәуекелдерді автоматты түрде анықтай алады», деген сала басшысы бизнес үшін Кәсіпорынның цифрлық картасы – әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асыратын құрал екеніне де тоқталды.
Министр цифрлық технологияларды, кәсіби дағдыларды дамытуды әрі әлеуметтік қолдауды біріктіретін «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру аса ыждағаттылықты, тындырымдылықты қажет ететін, сан қырлы шаруа екенін ашып айтты. Осы тұрғыда бұл жоба жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып қана қоймай, азаматтардың әл-ауқатының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге де мүмкіндік беретін баталы бастама екенін мәлім етті.