Басылым • 18 Қаңтар, 2025

Иран қазақтары ізімен...

212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық кітапхана төрінде белгілі шығыстанушы, аудармашы, PhD Нияз Тобыштың «Иран қазақтары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған еңбек Иран қазақтары туралы жазылған бірнеше туындының басын құрайтын шағын энциклопедия үлгісінде жасалған. Тағдыр тауқыметін тартқан маңғыстаулық қазақтардың тілі бөлек, салты бөтен жат жерде өмір сүріп, қалай тілі мен салтын сақтап, ұлттық болмысын жоғалтпай жүргенін суреттейді. Қилы заманда әлемнің әр бұрышына тараған қазақтың туған топырақтан жырақтағы өмірін баяндайды.

Иран қазақтары ізімен...

Сурет: instagram.com/ulttyq_kitapkhana/

Алқалы жиынға Иран Бас кон­сул­ды­ғының мәдени атташе­сі, Алматы қаласын­дағы Иран мәде­ни орталығының директоры Аға­заде Хоссейн, Ислам ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының директоры Төреәлі Қыдыр, Ш.Уәлиханов атындағы тарих институты директорының орынбасары Жеңіс Жомарт, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті философия және сая­саттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс елдері ка­федрасының оқытушысы, PhD Батырхан Болатбек, шығыстанушы, парсы тілінің ­аудармашысы Гаухар Омарханова және басқа да ғалымдар мен зиялы қауым қатысты.

Жиын барысында Ұлттық кітапхана­ның қызметкері, Қазақ радиосының арда­гер-дикторы Аманжан Еркебайұлы құттық­тау сөз сөйлеп, жаңа туындының мазмұны­на тарихи тұрғыдан тоқталды.

1

Рухани іс-шарада модераторлық еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерт­теу орталығының директоры, профессор Ислам Жеменей аталған еңбек автордың осы тақырыптағы төртінші кітабы екенін атап өтті.

«Иранда тұрған қазақтардың тарихы айтылсын, жазылсын деген ниетпен 1980 жылдан бастап Иран қазақтарының мәдени қоғамын аштық. Мәдени қоғам жұмыстарының аясында журналда иран­дық ғалымдардың мақалаларын жария­ла­дық. Бұдан бөлек иран мәдениеті туралы деректі фильм түсірілді. Мәдени қоғам­ның жұмысына белсене атсалысқан иран­дық ғалымдар қазақты, қазақтың салт-дәс­түрін ерекше жақсы көрді. Кейін Ха­лифа Алтаймен байланыс орнатып, Иран­ға шақырдық. Бір ай қонағымыз болып, өзі­нің естелік кітабының бір тарауын Иран қазақ­тарына арнады», дейді Ислам Жеменей.

2Сондай-ақ Алматыдағы ИИР-дың Бас консулдығының мәдени атташесі, Иран Мәдени орталығының директоры Ағазаде Хоссейн екі елдің әдеби-рухани байланысы тереңдей түсетінін тілге тиек етті.

«Ирандағы қазақтар да, Қазақстанда­ғы ирандықтар да екі елдің де гүлденуі мен дамуына ерекше үлес қосты. Сондықтан бұл кітапты және осындай іс-шараларды мұқият оқып, назар аударуымыз керек. Айта кететін тағы бір жайт, ирандық журналист Хошанг Данаи Иран Мәдениет министрлігінің қаржылай қолдауымен Ирандағы қазақтар туралы деректі фильм түсірді. Қазіргі таңда монтаждау, дыбыстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жомарт Жеңіс мырза да өткен жылы Қазақстандағы ирандықтар туралы бірлескен зерттеу жүргізуді ұсынды. Егер кімде-кім Қазақ­стандағы ежелгі ирандықтар туралы зерт­­теу жобасымен айналысуға ұмтылса, Алма­тыдағы Иран мәдени орталығы бұл жоба­ларды қуана қолдайтынын айтқым келеді. Ислам Жеменейдің Шығыс әдебиеті мен Абай туралы парсы тілінде жазылған кітабы биыл Иранда жарық көретінін де хабарлаймын», дейді ол.

Нияз Тобыштың айтуынша, бұл кітап келешекте Иран қазақтары жайында зерт­теу жұмыстарын жүргізуге ынталы жан­дарға арналып құрастырылған.

«Көп қандастарымызға бір кездері өзде­рімен бірге ала кеткен қасиетті топырақты са­ғына иіскеп, сол жақта мәңгілік көз жұ­муға тура келді. Өмірден өтер алдында қасында отырған балаларына «Екі орта ашы­лып жатса, туған жерге оралың, боқ бай­лыққа алданып қалмаң, менің қасиет­ті мекеніме деген сағынышымды ала барың» деген аманатын айтумен кетті. Сол әке мен ана тапсырған аманат тек елі­міз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана орын­далды. Алғашқы көш 1995 жылы Ақтау қала­сына келген еді. Содан бері әлі жалға­сып жатыр. Бұл еңбек алпыс жылдан астам уақыт көз жасы құрғамаған, туған жер құдіретін құрандай қастерлеп өткен, жат жерде мәңгілік көз жұмған қандас­тарымыздың рухына арналады», дейді Нияз Тобыш.

3Сегіз бөлімнен тұратын кітап Ирандағы қазақтардың тарихы мен салтына, кәсібіне және өмірінің әртүрлі аспектілеріне (Горган, Гонбад-Кавус және Бандар-Түрік­менде тұратын) арналған. Шағын энцикло­педияда Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Ислам Жеменейдің «Иран қа­зақ­­тары», Отыншы Көшбайдың «Сы­быз­­­­ғы сыңсып жылайды», «Ұлттың ұлы пер­­зенті», Мансур Киаидың «Иран қазақ­та­­рының салт-дәстүрлері», Жетібай Жыл­қы­шы­ұлының «Тіл таңбалы ақындар», Та­ған Дәрібайұлының «Елге ел қосылса – құт», Ғарифолла Әнестің «Қ.Сыдиықұлы ең­бек­тері» атты туындылар қамтылып отыр.