Аймақтар • 22 Қаңтар, 2025

Төтенше жағдайға тастүйін дайындық

61 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Келелі кеңесте азаматтық қорғаудың аумақтық күштері мен құралдарының көктемгі ықтимал су тасқынының алдын алу дайындығы, сондай-ақ қажет болған жағдайда халықты эвакуациялау мәселелері қаралды. Гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, су тасқынының алдын алу шаралары, қираған нысандарды қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстары талқыланды.

Төтенше жағдайға тастүйін дайындық

Өткен жылы жалпы ұзындығы 2 ша­қырым болатын жер­гілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 24 учаскесіне тас­қын судан нұқсан келіп, облыс аумағындағы 3 көпір бүлінді. Соның ішінде Кіндікті ауылына апаратын жолдағы көпір қайта қалпына келтірілді. Тассай ауылындағы көпірге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, Бозай ауылындағы көпірді қалпына келтіру жоспарланған.

Автомобиль жолдарындағы су тасқынының салдарын жою барысында «Семей жолдары» ЖШС мердігерлік ұйымы «Ақсуат – Шыбынды – облыс шекарасы» жол учаскесінде 6 су өткізу құрылысын орнатты. Бүгінде ықтимал төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 70 арнайы техникасы бар 7 апаттық бригада тәулік бойы кезекшілік атқаруды бастады. Қажетті материалдар қоры жасақталып, 1000 текше метр құм, 1047 текше метр құм-қиыршық тас қоспасы, 260 текше метр тасты топырақ жиналды. Мотопомпалар, күрек, етік, басқа да жабдықтар сатып алынып, құтқарушылардың әзірлігі пысықталды.

2024 жылғы су тасқынын талдау негізінде «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» авто­жолдарының учаскелерінде су өткізу құбырларын жөндеу жоспарланған. Жұмысты аяқ­тау 2025 жылғы тамызға жоспарланып отыр. Бұған қоса, мол сулы Ертіс өзенінің су дең­гейіне күнделікті мониторинг жүргізіліп, жағдай бақылауға алынған. Барлық іс-шараларды іске асыру су басу қаупін азай­туға, су тас­қыны кезеңінде жол инфра­құры­лы­мының қауіпсіздігін, көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

 

СЕМЕЙ