Аймақтар • 24 Қаңтар, 2025

Жұмыскерге автокөлік сыйлады

56 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында «Ер-қанат» шаруа қожалығының жетекшісі Қуаныш Қайбушев қарауындағы жұмысшыға автокөлік тарту етті.

Жұмыскерге автокөлік сыйлады

Аудан орталығынан 80 шақы­рым шалғайда жатқан Қараоба ауылындағы Қайбушевтар әулетін ауылдастары жақсы біледі. Талай жылдан бері қайырымдылық пен қамқорлықтың, қарапайым­дылықтың үлгісін көрсетіп жүр­ген отбасының ізгі ісі атадан ба­лаға жалғасып келе жатыр. Осы ауылдың атымтай-жо­марты атанған, «Ақбота» шаруа қожалығының жетекшісі, марқұм Мереке Ермекұлы да еңбек­қор жұмысшыларын үнемі қолдап, тіпті автокөлік мінгі­зіп те жіберетін. Ауылдағы мұқ­таж жандар, ардагерлер әр­дайым Мереке Қайбушевтің көз қырында, қамқорлығында жүре­тін. Міне, осы үлгі бүгінде Қуаныш Мерекеұлына да жұғыпты.

Ауыл шаруашылығында та­лай жылдан бері тер төгіп жүр­ген қарапайым еңбек адамы Серікқали Сәрсенғалиұлы үшін 2025 жыл үлкен қуанышпен басталды. Қожалық жетекшісі қызметкерінің ұзақ жылғы адал еңбегін бағалап, автокөлік сыйға тартты. Ұжымда он жыл қыз­мет атқарған Арайлым Ерма­ғанбетқызы бұл күні су жаңа жатын бөлме жиһазына ие болды.

Көпшілік жақсы біледі, ауыл шаруашылығында демалыс болмайды. Маусымдық жұмыстар бірінен соң бірі алмасып келеді де отырады. Дәл қазір шаруа қожалығы қыстың қысымынан аман шығу үшін барын салып жатыр. Өткен жаздың қуаңшылығы, есепсіз көбейген ақбөкеннің салдарынан мал азығының тапшы болуы ауылдағы ағайынға оңай тиіп отырған жоқ. Соған қарамастан, қарапайым жұмысшыларды қолдап, еңбегін бағалап отырған қожалық жетекшісіне халық ерекше риза болды.

Қазталов аудандық мәслиха­тындағы «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі, «Ер-қанат» шаруа қожалығының жетекшісі Қуаныш Қайбушев биыл Президент бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылын» осындай бастамамен ашып отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы