
Маэстро Деметрио Колачи – әлемнің жетекші сахналарында өнер көрсеткен, оқытушылық қызметпен айналысқан танымал орындаушы-педагог. Оның шеберлік сабақтары әлемнің түкпір-түкпірінен келген музыкалық оқу орындарының студенттері арасында зор сұранысқа ие, өйткені профессор тек техникалық дағдыларды ғана емес, музыкалық интерпретацияны терең түсінуді де үйретеді.
Шеберлік сабағы академиялық вокалдың қыр-сырын және әйгілі опералардағы басты партияларды орындаудың ерекшеліктерін талқылауға арналды. Аталған іс-шара консерваторияның вокалдық өнер кафедрасының студенттері мен магистранттарына және оқытушыларына вокалдық техника мен орындаушылық шеберліктерін шыңдауға арналған.
Қатысушылар дауыспен жұмыс істеу, тыныс алуды дұрыс қою және ән айту техникасының ерекшеліктерін әлемдік деңгейдегі маманмен бірге жұмыс жасау арқылы машықтанды.
Айта кетейік, маэстро Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен табысты ынтымақтастық жасап келеді. Еске салсақ, былтыр вокалдық өнер кафедрасының студенттерімен екі күндік интенсивті сабақтар өткізген еді.