Заң мен Тәртіп • 25 Қаңтар, 2025

Жемқорлықпен күрес жалғаса береді

241 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен қолға алынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жү­зе­ге асыру шеңберінде сы­байлас жемқорлыққа қар­сы саясатты іске асыру, оның алдын алу, заң үстемдігі мен жаза­ның бұлтартпастығын қам­тамасыз ету – мемлекет алдында тұрған басты міндет.

Жемқорлықпен күрес жалғаса береді

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «ЕQ»

Таяу күндері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен 2024 жылды қорытындылауға арналған кеңейтілген алқа отырысында жемқорлыққа қарсы жұмыс­тардың жай-жапсары тал­қы­ға салынды. Президенттің құқық­тық мәселелер жөніндегі көмек­шісі Ержан Жиенбаев, Президент әкімшілігінің, Бас прокуратураның өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан жиында агенттік төрағасы Асхат Жұмағали был­­тыр сыбайлас жемқорлық қатер­­лерін болдырмау үшін 238 сырт­қы талдау мен мониторинг жүр­гізілгенін айтты.

Оның айтуынша, былтыр қоғамда сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» қағидасын ілгерілету аясында 900 мыңнан аса түрлі мақсатты топ өкілдерін қамтыған 7,5 мыңға жуық іс-шара өткізілген, кәсіпкерлікті қорғау аясында «Бизнеске жол» жобасы жүзеге асып, 200 проблемалық мәселе шешілген, 24 мыңнан аса кәсіпкердің құқы қорғалған.

«Мемлекеттік сатып алу мен қаржының мақсатты жұм­салуына мониторинг жүргізі­ліп келеді. Агенттік 87,7 млрд теңге көлемінде тиімсіз шы­ғын­ның алдын алды. Маңызды инфрақұрылымдық және әлеу­меттік жобаларды сүйемелдеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазіргі таңда біздің агенттіктің бақылауында 182 нысан бар, оның 81-і аяқталған», деді ол.

Біз бұған дейін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында қабылданып жатқан түрлі шараның бірі – «ақшаны бояу» қанатқақты жобасы туралы жазған едік. «Цифр­лық теңге» платформасын­да жүзеге асып жатқан бұл жоба ауыл шаруашылығы, көлік және теміржол құрылысы сияқты әлеуметтік маңызды салалар да енгізіліп жатыр. Оның аясында бюджет қаражатын жоспарлаудан бастап, оның қозғалысының барлық циклі цифрландырылмақ.

«Жалпы, «ақшаны бояу» жобасы Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің белсен­ді қолдауымен іске асып жатыр. Қанатқақты жоба аясында әр теңгені «таңбалау» қарастырылған. Бұл қаражат қозғалысын соңғы жеткізушіге дейін бақылауға мүмкіндік береді. Оған автокөлік және теміржол құрылысы, ауыл шаруашылығы техникасы мен мал сатып алу мәселелері бо­йынша жекелеген аймақтар мен нысандар қамтылып отыр. Бұл тетік қазірдің өзінде жұмыс істей бастады, алғашқы цифрлық теңгелер жеткізушілер мен мердігерлерге жіберілді. Атап айтқанда, Қарағанды облысында «Достық-Мойынты» теміржолын салу шеңберінде 164 млрд теңге, Атырау облысында «Мұқыр-Кұлсары» автожолын жөндеуге 100 млн цифрлық теңге бөлінді», деп атап өтті А.Жұмағали.

Агенттік басшысы бұл өте маңызды жоба екенін және оның бүкіл салаға енгізілуі ақша жымқыруға қарсы үлкен кедергі болатынын айтты. Сондай-ақ мердігерлердің таңбаланған ақшамен «ашық» жұмыс істеуге дайындығы «Open Book» қағидаты бойынша адал бизнестің дамуына ықпал етеді деп күтіліп отыр.

Агенттіктің алқа отырысында бірнеше жылдан бері табысты жүзеге асып жатқан заңсыз активтерді қайтару жұмыстары жайында да кеңінен мәлімет берілді. Оның әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сәйкесінше, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам екені айтылды. Нақты санға жүгінсек, 2022 жылдан бері 1 трлн 120 млрд теңгеге жуық мүлік түріндегі активтер мен қаражат мемлекетке қайтарылған, оның ішінде өткен жылы 486,5 млрд теңге заңды орнына жеткен. Мем­лекет мүлкін заңсыз түрде қалта­ларына басқан адамдардан қай­тарылған осы қаражат есебінен елімізде 56 мектеп салынды.

Кез келген қоғамдағы сыбайлас жемқорлық ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайына соққы болып тиетіні рас. Сондай-ақ оған қарсы күрестің басты мақсаты да – тұрғындарды әлеуметтік тұрғыда қорғау. Осыған орай агенттік былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметін­дегі сыбайлас жемқорлық тәуе­келдеріне сыртқы талдау жүргізген. Кейінгі бес жылда әлеуметтік қорғау шаралары­на бюджеттен 23 трлн теңге бөлініпті. Алдағы екі жылға тағы 13 трлн теңге бөлу жоспар­ланған. Негізгі сыбайлас жем­қорлық тәуекелдері мүге­дектікті белгілеу, жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу және әлеу­­меттік төлемдер мен қыз­мет­­терге бюджет қаражатын игеру мәселелерінде анықталып отыр.

«Олар, әсіресе әлеуметтік көмекке жүгінетін азаматтар­дың осал санаттарына әсер етеді. Жосықсыз қызметкер­лер қолданыстағы олқылықтарды парақорлық пен қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану үшін жиі қолданады. Жоғары­да айтылғандар қылмыстық құқық­тық тәжірибемен де расталады. Мысалы, Шымкентте Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы мен қалалық емхана қызметкеріне қатысты үкім шығарылды. Олар мүгедек балалардың ата-аналарынан мүгедектік тобын белгілегені үшін жүйелі түрде пара алып отырған», деді А.Жұмағали.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сырт­қы талдау барысында шешу­ді қажет ететін бірқатар негізгі мәселе анықталды. Меди­циналық-әлеуметтік сарап­тамаға қатысты 5,2 мыңнан аса айла-шарғы жасау факті­сі, атап айтқанда негізсіз мүге­дектік тағайындаған немесе одан бас тарту жағдайлары бел­гілі болды. Мүгедектігі бар адам­дарға арналған тауарлар мен қызметтердің бағасын негіз­сіз көтеру, сондай-ақ жалған жет­кізілімдер фактілері тіркелген. Бұл 830 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына әкеліп соққан.

«Атап айтқанда, Шымкент қаласында гигиеналық құрал­дарға негізсіз төленген сома 200 млн теңгені құрады. 1,2 мыңнан аса жалған бизнес құру және әлеуметтік төлемдерді алу үшін кірістерді көбейту жағдайлары анықталды. Сонымен қатар жалған жұмыспен қамтудың 500-ден аса жағдайы белгілі болып, 168 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидия қағаз жүзінде ғана бөлінгені, бірақ іс жүзінде адамдар жұмысқа орналаспағаны анықталды», деп атап өтті агенттік төрағасы.

Осы және өзге де өзек­ті жайттарға тоқталған А.Жұмағали қоғамда «Заң және тәртіп» қағидаттарын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты сапалы іске асыру бойынша жұмысты жалғастырудың маңызын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу және себептерін жою, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және залалды өтеу, сондай-ақ бизнесті сыбай­лас жемқорлықтан қор­ғау негізгі бағыттар болып қала береді. Ведомство бас­шысы азаматтардың әл-ауқа­тын арттыруға және елдің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына бағытталған Президент тапсырмаларының бұлжытпай орындалатынын мәлімдеді.