
Сондай-ақ кітап оқу нейрондық байланыстарды күшейтіп, есте сақтау қабілетін шыңдайды. Гарвард университетінің зерттеулері көрсеткендей, көркем шығармаларды оқу альцгеймер мен деменция сынды дерттердің алдын алуға көмектеседі. Мидың белсенділігін арттырып, оның когнитивтік қабілетін ұзақ уақыт бойы сақтап тұруға ықпал етеді. Ғалымдар күн сайын кем дегенде 30–60 минут кітап оқуды әдетке айналдыруды ұсынады, өйткені бұл миға қажетті жаттығуды қамтамасыз етіп, жүйке жасушалары арасындағы байланысты нығайтады.
Ал Колумбия университетінің зерттеулері сөздік қордың молаюы мен тілдік қабілеттің жетілуі адамның жалпы интеллектісіне оң әсер ететінін дәлелдеді. Әсіресе күрделі мәтіндер мен түрлі жанрды оқу ойлау қабілетін тереңдетіп, талдау жасау және шығармашылық тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытады.
Кітаптың адам жаны мен тәніне пайдасы мұнымен бітпейді. Көркем шығарма тереңдігінен эмоцияның тұңғиығына сүңгіп, адам өз сезімдерін түсінуді үйренеді. Кейіпкерлердің тағдырына үңіле отырып, оқырман эмпатия қабілетін шыңдайды. Нью-Йорк университетінің ғалымдары да көркем шығармаларды жиі оқитын адамдардың әлеуметтік қарым-қатынаста жоғары деңгейде екенін анықтаған. Олар өзгелердің сезімдерін тереңірек түсініп, шиеленістерді шешуде икемділік танытады. Бұл қабілет жеке және кәсіби өмірде үлкен артықшылық береді. Жылы эмоциялар тудыратын кітаптар жүрек соғысын баяулатып, қан қысымын тұрақтандырады.
Сондай-ақ әдебиетпен серік болу ұйқының да сапасын жақсартады. Ұйықтар алдында кітап оқу сананы тыныштандырып, денені демалтуға көмектеседі. Йель университетінің ғалымдары ұйқы алдындағы оқудың күнделікті тынығуға оң әсер ететінін дәлелдеген. Тіпті 20–30 минуттық оқу ұйқының терең фазасына жылдам өтуге және демалыстың сапасын арттыруға ықпал етеді.
Көркем кеңістіктегі әрбір оқиға, әрбір сюжет оқырманды ойлануға, шешім іздеуге жетелейді. Кембридж университетінің зерттеулері шығармашылық ойлау қабілетінің адам өміріндегі табыстың маңызды бөлігі екенін көрсетті. Әдебиет адамның қиялын ұштап, жаңа идеялар мен тың шешімдер табуға шабыттандырады. Әсіресе фантастикалық немесе детектив жанрындағы шығармалар күтпеген шешімдер мен оқиғаларды түсініп, талдауға үйретеді.
Юнус ӨЗКАН,
Қ.А.Ясауи университетінің студенті