
Бағдарлама аясында «HasSak» ансамблінің музыкасына шығарылған «Тойбастар» және «Аралым», сондай-ақ композитор Хамит Шанғалиевтің музыкасымен «Әлем» нөмірі орындалды. Аталған кеште көрермен «HasSak» ансамблі мультиаспапшыларының өнеріне куә болды. Музыканттар туындыларды жеке және
маэстро Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындады. Бағдарламаға «ХасСақнама», «Ұлы Жібек жолы», «Зәурен», «Аңсау», «Өрлеу», «Тұран жолбарысы», «Тарту» секілді шығармалар енген.
«Аралым», «Әлем» және «Тойбастар» хореографиялық нөмірлері көрерменнің шынайы ықыласына бөленіп, өзінің көркемдік мәнерлілігімен және бірегейлігімен тәнті етті.
Кешті «Тойбастар» нөмірі ашып, қазақтың ұлттық нақыштарын көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Жарқын қойылым жас бишілердің 20 жұбын біріктіріп, олардың күрделі де көзтартарлық қимылдары заманауи көрнекі шешімдермен айшықталды. Дәстүрлі сарын дизайнер Дариға Тайшықованың костюмдерімен үйлесім тауып, нөмірге айрықша бояу үстеді.
Ал «Аралым» нөмірінде хореограф ер адам бейнесін жермен, әйелдер болмысын сумен байланыстырып, қоршаған орта мен адами қарым-қатынастарға ұқыпты қарау керектігін меңзейді. «Әлем» туындысында әйелдің отбасының қорғаушысы әрі тұтас қоғамның ұйытқысы ретіндегі бейнесін көрсетеді. Томирис және Домалақ ана сынды аңызға айналған тұлғалардан шабыт алған қойылым қазақ әйелдерінің даналығын, батылдығы мен нәзіктігін айшықтады. Әртістердің кербез қимылдары осынау көпқырлылықты жеткізіп, биге рәміздік мән қосты.
Сонымен қатар бағдарламада Сұлтанбек Ғұмардың көрермен бұрыннан ұнататын, атап айтсақ, «turan» ансамблінің өңдеуіндегі А.Райымқұлованың музыкасына драмалық «Мәңгүрт» және «HasSak» ансамблінің «Аманат» композициясына жасаған айбарлы «RUH» қойылымдары ұсынылды.
Айта кетейік, аталған бағдарлама «Астана Операда» жас хореографтарды белсенді қолдап және дамытып жүрген балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен іске асып отыр.