
«Ұлттық музейдің негізгі миссиясы – тарихи жәдігерлерді жинау, толықтыру, халыққа жеткізу, сақтау. Жанашыр азаматтардың қолдауымен сыртқа кеткен кұнды жәдігерлерді елге қайтару, халықпен табыстыру жұмысы музейде жолға қойылған. Бізде біраз сондай заттар бар. Алда олар жайлы сыр шертетін жинақ шығарамыз. Өз қаражатымен музей қорын толықтыруға үлес қосқан азаматтардың тізімін, былайша айтқанда, «Алтын кітабын» дайындауды бастадық», деді Берік Әбдіғалиұлы.
Айта кетейік, батырдың қылышы – ХІХ ғасырға тиесілі жәдігер. Ардақ Назаров Жанқожа батырдың елдік жолындағы ерлігіне тоқталып, қылыштың тарихын айтып берді. Оның айтуынша, жәдігер украиналық іздеуші мамандардың қолына түскен. Олар кейін мұны Ресейге жіберген. Арнайы сараптамадан өткен соң Қазақстан азаматтарына табысталған. Жәдігердің екі жағында арабша жазу бар. Бірінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге саурат (сыйлық)», екіншісінде «Созақ, 1845 жыл» деп жазылған.
«1845 жылы Кенесары хан бастаған қазақтың батырлары Созақты қоқандық басқыншылардан азат еткен кезде қылышты Кенесары сыйлаған деп айтылады. Өйткені бұл шайқас кезінде Жанқожа батыр әскерімен ерекше ерлік көрсетті», деді А.Назаров.
Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Алмас Алматов батыр туралы тарихи деректерді сөйлетіп, эпостық жырлардан мысал келтірді.
«Жанқожа Нұрмұхамедұлының тарихтағы орны, ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болғаны жөнінде өте кең мағлұматтар соңғы уақытта зерттеліп жатыр. Бірақ жеке басына тиесілі жәдігерлер туралы дерек аз еді. Батырды оққа байлаған кезде әуелі атын алып кетеді. Одан кейін қару-жарағы алынады. Қылышы да олжаға кетіп, әрі қарай Ресей асып, енді елімізге оралып отыр. Соған қолұшын берген азаматтарға көптен-көп рахмет!», деді ол.
Бұл жәдігерлікті Ұлттық музей мамандары әрі қарай зерттей түседі деп сенеміз.