
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Былтыр республика көлемінде қылмыс деңгейі 5,3 пайызға төмендеген. Аса қауіпті қылмыстардың, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, мал ұрлығы, алаяқтық, қарақшылық және тонау қылмыстары азайғаны байқалады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру қажеттігін тағы да атап өтті. Бұл – әділетті Қазақстанның негізі. Сонымен қатар маңызды және нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, қылмыспен күрес, бандитизмнің алдын алу, қабылданған заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл. Бұл бағыттарды жүзеге асыру – біздің негізгі міндетіміз. Былтыр қабылданған кешенді шаралардың көмегімен елімізде қылмыс саны 12,5 мыңға, ал жалпы қылмыстық құқық бұзушылық саны 8 мыңға төмендеді, – деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Дегенмен елдің 20 өңірінің жетеуінде қылмыс саны өсіп отыр. Көрсеткіш көбейгендер қатарында Маңғыстау, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ұлытау, Алматы, Ақмола облысы бар. Алайда барлық қылмыстың 40%-ын құрап, антирейтингте Астана мен Алматы қаласы және Алматы облысы көш бастап тұр.
– Былтыр Астана қаласында барлығы 20 758 қылмыс тіркелді. Оның ішінде әйел құқына зиян келтіргені – 6 876 факт. Бұл жалпы қылмыс санының 33,1%-ын құрайды. 2023 жылғы есеппен салыстырсақ, көрсеткіш 1,53%-ға төмендеген. Негізінен қылмыс алаяқтық және денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру бабы бойынша көп анықталып отыр. Аталған қылмыс санының басым көпшілігі жастар арасында жиі жасалады. Әсіресе 30-39 жас пен 21-29 жас аралығын қамтиды. Есепті кезеңде отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында ӘҚБтК 73-бабы бойынша 7 241 құқық бұзушы тартылды (былтыр – 6 959). 9 247 тұлғаға қатысты қорғаныс нұсқамасы шығарылды (2023 жылы – 9 090), – деді Астана қаласының полиция департаменті Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлім бастығы, полиция подполковнигі Гүлмира Шырахметова.
Кейінгі жылдары киберқылмыс күшейіп келеді. Бұл мәселеде Ішкі істер министрлігінде бейінді департамент ашылды. Сондай-ақ елде жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыс үшін іздестіріліп жүрген 1 949 қылмыскер ұсталып, 1 361 жоғалған адамның дерегі анықталған.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес – полиция жұмысындағы басым бағыттың бірі. Қылмыстық топқа басшылық етіп, оған қатысудың 45 фактісі анықталып, жолы кесілді. Оның ішінде үшеуі – трансұлттық сипатта.
Жалпы, елде жасөспірімдермен, қоғамдық орындарда және қару қолдану арқылы жасалған қылмыс саны азайған. Заманауи тергеу әдістерін енгізудің нәтижесінде барлық қылмыс санаттары бойынша ашылу көрсеткіші жақсарған. Министрлікте есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылып, өткен жылы 12 ай ішінде 7 920 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Нәтижесінде, 22 тонна есірткі тәркіленіп, 63 зертхана жойылған.
Мамандар жол қауіпсіздігі мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Былтыр елімізде 30 мыңнан аса жол апаты тіркелген. Мұндағы олқылықтарды ескере отырып, тәртіп сақшыларына жергілікті атқарушы органдармен бірге жол инфрақұрылымын жақсартып, қауіпсіздік деңгейін арттырып, өрескел құқық бұзушылармен кешенді жұмыс жүргізу міндеті жүктелген.
– Бұл нәтижеге профилактикалық жұмыс есебінен жеттік. Биыл осы істі белсенді түрде жалғастырамыз. Ең бастысы – қылмыстардың алдын алу және олардың жасалуына ықпал ететін себептерді жою. 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялаймын. Ішкі істер органдарының аумақтық бөліністерінің басшыларына профилактикалық шараларды күшейту және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша нақты міндеттер жүктелді, – деді Е.Сәденов.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық бастамалар, заманауи цифрлық шешімдер, жастар арасында құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар, сондай-ақ ішкі істер органдарындағы кадрлық әлеуетті арттыру қылмыстардың алдын алуда маңызды рөл атқарды. Былтыр «Кадрлық әлеуетті арттыру жылы» деп жарияланған. Бұл маңызды қадам полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеруге және олардың жұмыс тиімділігін жақсартуға бағытталды.
– Қоғамда құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидасы мен құқықтық сауат артып келеді. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары заманауи тенденциялардан қалыспайды. Мәселен, «102» мобильдік қосымшасы – қандай да бір қауіп төнсе, не көмек қажет болса таптырмас құрал. Ерекшелігі сол – анкеталық деректерді айтып жатпайсыз, тіпті мекенжайды да жедел басқару орталығындағы оператор автоматты түрде анықтайды. Ізінше сол маңдағы патрульдік полиция санаулы уақыт ішінде көмекке келеді. Бұл жерде фото, бейне немесе аудио, мәтін түрінде де хабарлама жасай аласыз. Сонымен қатар қала көшелерінде «SOS» батырмалары орнатылды. Бұл адасып, телефонын жоғалтқан, құқықбұзушылыққа тап болған азаматтарға арналған. Былтыр 288 профилактикалық іс-шара өткізілді. Биыл да осы жұмыстар жалғасады, – деді Г.Шырахметова.
Айта кетейік Ұлттық статистика бюросы өткен жылы қазан-қараша айларында құқық қорғау органдарына және сот жүйесіне сенімділік деңгейіне қатысты зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, сұралғандардың 64,9%-ы өздері тұратын ауданда толық қауіпсіз сезінетінін, 29%-ы жеткілікті қауіпсіз, 5,2% қауіпсіз емес, 0,7% қауіпті екенін жеткізген. Респонденттердің жауаптарына сәйкес қауіпсіздіктің негізгі себептері ретінде жарықтандырудың болмауы не жеткіліксіздігі, жалғыз шығудан қорқу деп көрсетілген. Бұған қоса сауалнама қатысушыларының прокуратураға – 66,1%-ы, полицияға – 64,3%-ы, сот жүйесіне 62%-ы сенетіні белгілі болды.