
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Отырыста алғаш болып сөз алған Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында БАҚ-қа қатысты айтқан пікірін тілге тиек етіп, отандық медианың қазіргі жағдайы мен дамуы туралы ой қозғады.
– Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халық арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек», деген еді. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, Масс-медиа туралы жаңа заң қабылданды. Елдегі медиа кейінгі жылдары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Жаңа платформалардың пайда болуымен дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа сын-тегеурін мен мүмкіндік әкелді. Отандық медиа индустрия да креативті экономиканың маңызды бөлігіне айналды. Бүгінде сала айтарлықтай дамып, цифрлық трансформациядан өтіп жатқанына қарамастан, бірқатар жүйелі мәселеге тап болып отыр. Атап айтқанда, медианы қаржыландыру, аудиторияның сенімі, кадр тапшылығы мен технологиялық өзгерістерге бейімделу сияқты факторлар, – дей келе, сенатор әр проблемаға жеке-жеке тоқталды.
Б.Жексенбай айтуынша, елде цифрлық медиаға бейімделу қарқыны баяу жүріп, аудиторияның онлайн платформаларға ауысуына байланысты дәстүрлі медианың ықпалы әлсіздеу. Әсіресе өңірлік басылымдар технологиялық көштен қалып бара жатыр. Басты себеп – қаржы мен кадр мәселесі. Бұған қоса халық арасында медиа және ақпараттық сауат деңгейі жеткіліксіз. Салдарынан жалған ақпараттың таралуы белең алып, халық манипуляцияға еріп, ақпаратқа сыни тұрғыдан бағалауға қауқары жетпей жатыр. Осы тұрғыда әлі де құқықтық реттеуді жетілдіру міндеті тұр.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылдағы жұмыстың бағыт-бағдарына, мақсат-міндеттеріне тоқталды. Ол отырыста биыл бірқатар атаулы мерейтойлар мен мәдени іс-шаралар өткізілетінін айтты.
– Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бар. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және басқа да көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтеді. Аталған мерейтойлық әрі маңызды іс-шаралармен қатар, белгілі тұлғалардың мерейтойларын да жоғары деңгейде өткізу міндеті тұр, – деді А.Балаева.
Саланы цифрландыру мәселесінеде жіті назар аударылмақ. Мәселен, «E-museum» веб-порталы іске қосылып, Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі жасақталады. Бұл жоба тарихи-мәдени мұраларға 3D-модельдеу технологиясын қолдану арқылы онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
– Кино саласына қатысты өзекті мәселелер де ұдайы назарда. Солардың бірі – «Қазақфильмді» дамыту. Президент қол қойған заңға сай, енді мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл жерде ерекше атап өткім келетіні – мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді. 2024 жылы алғаш рет ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жаңа форматтағы конкурс өткізілді. Былтыр 16 ұлттық фильм прокатқа шықса, 2025 жылы 14 жаңа кинотуынды жарық көреді. Анимация саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 10 анимациялық жоба жасалып, балаларға арналған қазақша мультфильмдер өндірісі артады, – деді министр.
Бүгінде телеарналардағы сериалдардың да сапасы артып келеді. Былтыр мемлекеттік тапсырыс аясында 41 сериал дайындалып, көрсетілген. Министрлік ұлттық кино мен сериалдарды шетелге экспорттау мәселесіне де назар аударып, ұлттық стриминг платформасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұған қоса А.Балаева ел ішінде алауыздық туғызып, діни, этносаралық араздықты қоздыру фактілерін болдырмау үшін жауапкершілікті күшейту керек екенін де атап өтті.
Тағы бір маңызды бағыт – креативті индустрияларды дамыту. Мемлекет басшысы таяуда креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша заңға қол қойды. Енді креативті индустрияларды дамыту қоры жұмысын бастайды. Әр өңірде креативті хабтар ашылып жатыр. Бүгінде республика бойынша 12 креативті орталық жұмыс істейді, ал 2025 жылы тағы 8 орталық ашу жоспарланған.
Алқа жиыны барысында Мереке Құлкенов, Шерзод Пулатов, Ершат Оңғаров, Анар Еркебай секілді мәдениет, қоғамдық келісім, ақпарат, өнер саласының жауапты тұлғалары сөз алып, өз бағыттарындағы оң өзгерістерді, жобаларды баяндады.