
Ортақ келісім сапалы «Samsung» теледидарларының желісін шығаруды көздейді. Жаңа өндіріс желісі «Silk Road Electronics» кәсіпорнында құрылады. Әлемдік брендті өндіруге зауыттың әлеуеті толық жетеді. Бұл арқылы еліміздің, тіпті Орта Азияның жоғары технологиялық өнімге деген сұранысы өтеледі.
Соны жоба Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Өндірістік желіні іске қосу осы жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. Ал тұтынушылар келесі жылдың екінші жартыжылдығында Сараннан шыққан «Samsung» теледидарларын сатып ала алады. Бұл бастама – өңіріміздің тұрмыстық техника өндіру саласындағы тағы бір маңызды қадам.
«Silk Road Electronics» зауытының директоры Александр Критскийдің айтуынша, бұл ынтымақтастық жергілікті кәсіпорын әрі тұтастай алғанда еліміздің өнеркәсіптік дамуы үшін жаңа мүмкіндік жолын ашады. «Samsung Electronics» компаниясымен бірлесіп, біз отандық тұтынушылар үшін қолжетімді бағамен әлемдік деңгейдегі өнімдерді ұсынамыз», дейді зауыт басшысы.
Жаңа жобаның өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпалы бар.
– «Samsung Electronics» электроника саласындағы көпжылдық технологиялық көшбасшы болып танылысымен, ең жаңа технология мен бірегей пайдаланушы тәжірибесін топтап, өз тұтынушысына барынша жақын болуға ұмтылады. Елімізде өндірістің бастау алуы біздің компания үшін маңызды рөл атқарады. Бұл біздің өніміміздің жергілікті нарық үшін қолжетімділігін арттыруға теңдессіз мүмкіндік сыйлайды, – дейді «Samsung Electronics» Орталық Еуразия президенті Джонг Юджин.
«Silk Road Electronics» пен «Samsung Electronics» компанияларының бірлескен жұмысы өңірдің өндірістік әлеуетін ғана арттырып қоймайды, елдің индустриалдық инфрақұрылымын нығайтып, жоғары технологиялық өнімдердің отандық өндірісін өрістетеді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын «Artel» брендімен теледидар, электрлі су жылытқыш, шаңсорғыш, асүй тоқпеші, ауасорғыш, кір жуатын машина, желдеткіш секілді тұрмыстық техника түрлерін шығарып жатыр. Бүгіннің өзінде 130 мың техника сәтті саудаланды. Кәсіпорын өнімдерін сауда желілері мен интернет арқылы өткізіп отыр. Әсіресе «Kaspi.kz» қосымшасы секілді онлайн сауда платформаларын тиімді пайдаланады. Сату бөлімі менеджерлерінің біліктілігі арқасында ТМД елдеріне де экспорттайды. Бұл – компанияның алға қойған басты мақсаты. Егер шетел нарығына шықса, онда кәсіпорын мол табысқа кенеліп, мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.
Компания – еліміздегі тұрмыстық техника шығаратын жалғыз өндіріс орны. Енді «Samsung» маркалы теледидарларын нарыққа шығарса, онда зауыт тіршілігі тіпті серпіледі.
– Біздің компания әлемдік нарыққа энергияға тиімді, пайдалануға өте ыңғайлы тұрмыстық техниканы шығарып жатыр. Қызметкерлеріміз өндіріс кезінде техникалық инновациялардың игілігін кәдеге жаратуға ұмтылады. Өнім көпшілік талғамынан шығып, көзге тартымды көріну үшін дизайнына да ерекше мән береміз. Әлемдік бренд қалыптастыру мақсатында тәжірибемізді әрдайым толықтырып, ізденістен қол үзбейміз. Біздің компанияны көп жұмыс күтіп тұр. Отандық брендті күні ертең әлем мойындап жатса, онда Қарағандының да, Саранның да өндірісі ұлғаяды, – дейді серіктестіктің қоғам және мемлекеттік мекемелермен байланыс басқармасының жетекшісі Диляра Талғатқызы.
Қарағанды облысы