Қылмыс • 13 Ақпан, 2025

Алаяқтар айылын жияр емес

62 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада зейнеткерлер «Happy life kz» қаржылық пирамидасына алданды. 2016 жылдан бері биологиялық белсенді қоспаларды сатамын деген желеумен салымшыларды тартқан пысықайлар тұрғындарға әр жаңа қатысушы үшін сыйақы береміз деп уәде еткен. Абырой болғанда Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті олардың бұл әрекетін тоқтатты.

Алаяқтар айылын жияр емес

Күдікті былтырға дейін әр жаңа қатысушы үшін 10%-дан 300%-ға дейін табыс беремін деп сендірген. Салым құны маркетинг­тік стратегияға байланысты ­7 500-ден 2 млн теңгеге де­йін өзгеріп отырған. Осы­лай­ша, тартылған қара­жат­тың ­жалпы сомасы 286 млн теңгеден асқан.

Қаржылық тергеу жүр­гізу барысында күдікті заңсыз жолмен алынған қа­ра­жатқа элиталық тұрғын үй кешенінен 36 млн теңге тұратын пәтер сатып алға­ны анықталды. Соттың санкциясымен аталған пәтер­ге тыйым салынды. Сон­дай-ақ сот күдіктіге «ешқай­да кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» тү­ріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Тергеу әлі жал­ғасып жатыр.

Анықталғандай күдікті­нің қырық өтірігіне се­ніп, сан соғып қалған 35 аза­мат жеңіл табысты көз­деген. Басым көпшілігі – зейнеткерлер. Олар өз жинақтарының басқа салымшылар арасында ақ­ша бөлу схемасының бір бөлі­гіне айналатынын сезбеген.

Ал Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақ­станның Грузиядағы елші­лігінің көмегімен бір­неше рет алаяқтық жаса­ғаны үшін Қазақстан аза­матын қылмыстық жауап­кершілікке тарту үшін Тби­лисиден экстрадициялады.

2020 жылы аталған тұлға адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен субсидия алуға көмек көрсету сылтауымен Ұлытау облысының 88 тұрғынының қаражатын иемденіп, жалпы сомасы 30 млн теңгеден аса шығын келтірген.

«Екі сыбайласы әр­түрлі жазаға тартылды, ал күдікті қылмыс жаса­ғаннан кейін қашып кетті, сондықтан оған халықаралық іздеу жария­ланды. 2024 жылы ол Грузия аумағында анық­талып, Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге қай­тарылды. Қазір күдікті Ақтау қаласының тергеу изо­­ля­торына қамауға алын­­ды. Айыпталушыға қыл­­­мыс­­ты жасағаны үшін мүл­кі тәр­кіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бос­тан­­дығынан айыру жазасы қарастырылған», деді ми­нистрліктердің баспасөз қыз­меті өкілдері.

Субсидияға қатысты алаяқ­тық солтүстік өңірден де тіркелді. Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүс­тік Қазақстан облысы бо­йынша департаменті ауыл­шаруашылық өндірістік кооперативі басшысының 50 млн теңгеден аса субсидияны заңсыз алу схемасын анықтады. Мемлекет жоғары сапалы сүт өндірі­сін арттыру және импорт­қа тәуелділікті төменде­ту үшін сүт-тауар фермаларын ашуды белсенді түрде қолдап, ынталандырып жатыр. Алайда өндірістік кооперативінің басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жалған құжаттарды пайдаланып, сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген 50 млн теңгеден аса субсидияны заңсыз алған.

Өндірістік шығын­дар­ды растау үшін ауыл ша­руашылығы басқар­масына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өз­ара есеп айырысу туралы жал­ған құжаттар және май өндірісі туралы қасақана жалған ақпараттар беріп келген. Нәтижесінде, сот сүт жеткізу мәмілелерін заңсыз деп таныды. Қаржылық тергеу аясында заңсыз алын­ған субсидияларға күдікті «Toyota land cruiser prado 150» маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды. Ол мүмкін болатын тәркілеу­ден жасыру мақсатында сенім­ді адамға рәсімделген. Сот­тың санкциясымен аталған автокөлікке тыйым салынды. Ал күдіктіге қатысты сот екі айға «қамауға алу» түрінде бұлтартпау шарасын тағайындады.

Көкшетауда тұрмыстық техниканы жалға алумен айналысатын кәсіпкер­лер алаяқтың құрбаны болды. Олар WhatsApp мес­сенджерінде техника туралы ақпарат алмасады және жаңалықтармен бөліседі. Топ мүшелерінің бірі бел­гісіз адам одан «Kärcher» маркалы шаңсорғышты жал­ға алып, байланысын тоқтатқанын хабарла­ды. Бұл хабарламаға тағы бір кәсіпкер «Alteco» шой балғасын жалға алған адам жоғалып кеткенін айтып, жауап берді. Көп ұза­май топтың үшінші мү­шесі алаяқтың құрбаны бол­ғаны белгілі болды. Зар­дап шеккендердің үшеуі Көк­шетау қаласының поли­ция басқармасына алаяқтық әре­кеттер туралы арызбен жүгінді. Полицейлер дереу сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында олар ұрланған техниканы жергілікті лом­бард­тардың бірінен тауып, қылмысқа қатысы бар 29 жас­тағы ер адамның жеке ба­сын анықтады.

Жалпы, Бас про­кура­ту­раның ресми мәліметі­­не сүйенсек, былтыр елде 45 мың­нан аса алаяқтық дере­гі тіркелген. Ал бұл бар­лық қылмыстық істің 34 па­йызын құрайды.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше