
Бітімгерлер қанша өтемақы алады?
Отырыста алдымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қорытынды әзірлеуі жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, құжат монополиялық нарықтағы бағаларға және экономикалық шоғырлануда бақылауды күшейтуді, тауар нарығын тергеп-тексеру мен талдаудың тиімділігін арттыруды көздейді.
Кейін жалпы отырысқа өзара ұқсас «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» және «2024 жылғы 14 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға хаттар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті.
Екі құжат төңірегінде Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев баяндама жасады. Халықаралық шарттар өткен жылдың 19 қаңтарындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бітімгершілік контингентін жіберу туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы туралы» Парламент қаулысын іске асыру үшін қол қойылған.
– Миссияға қатысу үшін қазақстандық персоналды және мүлікті ұсынудың әкімшілік, логистикалық және қаржылық шарттарды белгілейтін негізгі меморандумға 2024 жылғы 14 ақпанда қол қойылды. Құжат бітімгершілік операцияларға өз күштерін беретін барлық ел үшін стандартты. Былтыр наурыздан бері 139 әскери қызметшілер мен 26 әскери техникадан тұратын ұлттық контингент Голан биіктігіндегі бітімгершілік миссияға қатысты. Голан биіктігіндегі миссияның мақсаты – Израиль мен Сирия арасындағы татулықты қолдау, сондай-ақ Израиль мен Сирия әскерлерінің бөлінуін бақылау мен қадағалау. БҰҰ Қазақстанның аталған миссияға қатысқаны үшін жылына шамамен 5 млн доллар төлем жасайды. Оның ішінде шамамен 2,4 млн доллары жеке құрам төлемі, қалған 2,6 млн доллары техника, қару-жарақ пен мүлікті жалға алуға бағытталған, – деді Ш.Жазықбаев.
Яғни әр бітімгер әскери қызметшіге айына 1 448 доллар болатын мөлшерлеме бекітілген. «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» заңға сәйкес мемлекеттің бітімгершілік операцияға шығынын өтеу тәртібінде БҰҰ бөлінетін қаражат республикалық бюджет кірісіне түседі. БҰҰ-мен қаржылық мәселелерді реттеу мақсатында меморандумға қосымша келісім жасалды. Жобаны БҰҰ хатшылығымен келісу 9 ай уақытты алып, өткен жылдың соңында ғана қол қойылған.
Сондай-ақ спикер БҰҰ-дан түсетін төлемді екіге бөлінетінін жеткізді. Бір бөлігі әскери қызметшіге жалақы ретінде төленсе, ал мүлік, техникаға түсетін қаржы мемлекеттік бюджетке түседі.
– Қаралып жатқан халықаралық шарттар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарынан өзгеше қағидаларды белгілейді. Сондықтан олар ратификациялануға жатады. БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысу арқылы халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға еліміздің қосатын үлесі мемлекетіміздің беделін арттырады, – деді министрдің орынбасары.
Отырыста депутаттарды Таяу Шығыстағы соңғы оқиғалар мен Голан биігіндегі жағдайға байланысты Қазақстан бітімгерлерінің қауіпсіздігі алаңдатты. Сонымен қатар еліміздің әскерилері жараланған жағдайда өтемақы беру мүмкіндігі туралы сұрады. Ш.Жазықбаев өткен жылдың аяғында болған шиеленіс кезінде Қазақстанның бітімгерлік ротасы қақтығысты тоқтатуға қатысты іс-шараларға жұмылдырылмағанын айтты.
– Меморандум аясында тек бітімгерлік миссия бойынша азаматтық персоналды Дамаск қаласына эвакуциямен айналысты. Сондай-ақ басқа елдердің бітімгерлерін базаға көшіруге қатысты. Өтемақыға тоқталсақ, еліміздің заңдарымен бекітілген талап бойынша әрбір топ мүгедектігіне 6-дан 30 айлық төлемақыға дейін белгіленген. Қаза тапқан жағдайда 60 айлық мөлшерде төленеді. Ал БҰҰ жағынан 77 мың долларға дейін төлемақы бекітілген, – деді ол.
Талқылау аяқталған соң, қатысушылар заң жобаларына дауыс беріп, нәтижесінде үш құжат қабылданды.
ТМД жемқорлыққа қарсы бірлесіп күреседі
Мәжіліс Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялады. Келісімге 2022 жылы 14 қазанда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан мен Өзбекстан елдері Астанада қол қойған еді. Мақсат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық күш-жігер мен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру.
– Құжатта сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқықбұзушылықтар санының одан әрі өсу қатерін еңсеру үшін күш-жігерді біріктіру, ақпарат алмасуды қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту саласындағы өзара іс-қимылды дамыту көзделген. Келісімде сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді іздестіру мен қайтару, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды іздестіру, ұстау және ұстап беру бойынша негізгі бағыттар мен нысандар айқындалған. Бұған қоса арнаулы операциялар жүргізу, жедел-профилактикалық іс-шаралар қарастырылады, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Заң жобасы аясында қосымша баяндама жасаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Саурықов келісімде өзге де ынтымақтастық шаралары ескерілгенін айтты. Сондай-ақ ол құжат жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты қаралып, Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері оң қорытындыларын бергенін жеткізді. Нәтижесінде, қатысып отырған 96 депутаттың 95-і қолдап, құжат Парламент Сенатына жолданатын болды.
Мемлекет қаражатын тиімді пайдалану керек
Күн тәртібіндегі мәселелер ретімен қаралған соң Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кезекті депутаттық сауалдарға жауап берді. Алғаш болып сөз алған «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров мемлекеттік қаражатты тапсырыс алушылардың қажеттіліктеріне беруді қысқартуды ұсынды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бюджет қаражатын үнемдеп, тек ең маңызды және өзекті мәселелерді шешуге бағыттауды қатаң тапсырған еді. Алайда кейінгі жылдары инфрақұрылымдық жобалар құнының негізсіз өсуі айтарлықтай жиілеп кетті. Бұл үрдіс үкіметтің де, өңірлік билік органдарының да жүзеге асырып жатқан жобаларында анық байқалады. Жол құрылысы саласында жобалық-сметалық құжаттама (ПСД) құнының артық көрсетілуі салдарынан шамамен 10 млрд теңге көлемінде заң бұзушылықтар анықталғанын Антикор хабарлады. Мұндай жағдайларда мердігерлер бағаны көтеруді келісімшарттың «өзіндік міндетті бөлігі» ретінде қабылдайды, ал жаңа қаржылық құжаттама қайта қаралып, құны негізсіз ұлғаяды, – дей келе ол мысал ретінде Алматы метросының құрылысы барысында мердігер «Базис-А» компаниясына әр жолы қосымша миллиардтаған теңге бөлінгенімен, жұмыс көлемі азайып жатқанын айтты.
– Тағы бір мысал – Екібастұздағы үшінші энергоблоктың құрылысы туралы әңгіме 30 жыл бойы жалғасып келеді. 2012 жылы Екібастұз ГРЭС-2 жобасы аясында қазанды және турбоагрегатты жасауға 73,9 млрд теңгенің келісімшарты жасалып, 38 млрд теңге алдын ала төленген еді. Бірақ бұл жұмыс әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Жоғарғы аудиторлық палатаның мәліметі бойынша, 2023 жылы газ құбыры құрылысы жобаларының құны 10 млрд теңгеден аса сомада артық көрсетілген. Мұндай мысалдар жүздеп саналады және олардың барлығы мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану мәселесін көтеруге мәжбүр етіп отыр, – деді Ерлан Саиров.
Сондай-ақ депутат бірқатар ұсынысын ортаға салды. Айтуынша, бюджет қаражатын жоспарлау және оны нақты мақсаттарға жұмсау барысын қатаң бақылауға алып, халық қаржысының тиімді әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз ету қажет.
Ал депутат Ирина Смирнова Үкімет басшысына еліміздегі шетелдік агенттер туралы заң қабылдау ұсынысын жеткізді.
– Өткен пленарлық отырыста біз еліміздегі USAID қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдадық. Жақында Илон Маск «Азат Еуропа» және «Америка дауысы»» радиоларын жабуды ұсынды. Ол аталған бұқаралық ақпарат құралдары «ешкімге қызық емес» деген. Бүгінде елімізде 200-ге жуық үкіметтік емес ұйымды шетел қаржыландырады. Нақтырақ айтсақ, оның 70%-ына қаржыны АҚШ-тың құятыны анықталған. Біздің үкіметтік емес ұйымдарға қаржылық және материалдық-техникалық көмекті көрсетілген тізімдерге кірмейтін басқа да шетелдік құрылымдар мен елшіліктер ұсынады. Қолдау негізінен БАҚ пен сөз бостандығы, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либералды реформалар, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті арттыру саласындағы жобаларға беріледі, – деді ол.
Депутат осындай үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін қайта қарауды және саяси мүдделері «медианы қолдау», «адам құқықтарын қорғау» деген желеумен жұмыс істейтін шетелдік донорлардың жұмысына баса мән беруді ұсынды.
– Әлемде мұндай мәселеге кезіккен елдердің шетелдік агенттер туралы заңдарды қабылдау арқылы қауіптен айналып өткеніне, қарсылық танытқанына дәлелдер бар. Мәселен, аталған заңдар Израильде – 2016, Қытайда – 2017, Аустралияда – 2018, Ұлыбританияда – 2023, Францияда 2024 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. АҚШ-та «шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заң 1938 жылы қабылданған. Елімізге де осы тәжірибені негізге алып, ақпараттық ағындағы жаңалықтарды бағалап, салыстыра алуы үшін ұлттық заңнаманы құру қажет екеніне сенімдімін. Бұл ретте гуманитарлық және ғылыми ұйымдар үшін бірқатар ерекшелікті белгілеу қажет. Бұл тәсіл ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді, – деді депутат.
Бұған қоса Мәжіліс депутаттары білім саласындағы қажетсіз қанатқақты бағдарламалардың көп екенін, «Ауыл аманаты» жобасына қатысты түйткілдер барын, ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнес өкілдерін субсидиялау және мемлекеттік қолдау мәселелеріне қатысты қиындықтарды, онлайн алаяқтық секілді мәселелерді көтеріп, жауапты тұлғаларға сауал жолдады.