
Игі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында елорда әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының бірлесуімен жүзеге асты. Мұнда оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай құрылады. Мәселен, 18 бен 50 жас аралығындағы азаматтарға цифрлық дағдыларды тегін оқуға болады.
«Joltap»-тың «Базалық цифрлық дағдылар» курсының оқытушысы Диас Махатовтың сөзінше, бүгінде жастар арасында бұл салаға деген қызығушылық жоғары.
– Былтыр сәуір айынан бастап жоба қатысушыларына цифрлық дағдыларды үйретіп жатырмын. Бес күндік оқыту курсында компьютермен жұмыс істеу тәсілдері мен тәжірибелік жұмысқа баса назар аударылады. Студенттерге арнайы жабдықталған кабинеттерде «Microsoft Office» секілді қажетті бағдарламаларды орнату әдістері көрсетіледі. Қатысушыларға міндетті түрде сертификат беріледі. Қазіргі уақытта 330-ға жуық елордалық осы бағытта оқуын сәтті аяқтап, арнайы құжат алды. Курстар цифрлық және жұмыс дағдыларының кең ауқымын қамтиды. Жаңа мүмкіндік ашып, қатысушыларға Астананың заманауи кәсіпорындарында жұмысқа орналасуға не өз кәсібін ашуға жол ашады, – деді Д.Махатов.
Әлеуметтік бастамаға қатысты астаналықтардан 100 мыңнан аса өтініш түскен. Ал ақпараттық орталық қызметін атқаратын модульдік пункттерде 26 мың адам кеңес алды. 3 мың азаматқа цифрлық көмек көрсетілді. Мамандар электронды цифрлық қолтаңба алуға, мектеп, балабақша және баспанаға кезекке тұруға жәрдемдескен.
Курсты сәтті аяқтап, қажетті дағдыларды меңгерген 5 мың қатысушы түрлі салада, айталық, қалалық өнеркәсіптік кәсіпорындарға, сервистік компанияларға жұмысқа орналасты. Сонымен қатар шеберханалар, дүкендер және фриланс жобалары сияқты жеке кәсіптерін ашып үлгерді.
Астаналық Айсұлу қазір жиһаз дизайны саласында жұмыс істейді. Декреттік демалыстағы бос уақытын пайдаланып, өзіне таңсық мамандықты меңгеруді ойлайды. Осылайша жоба көмегімен алдымен жиһаз құрастырушы, кейін мобилографияны меңгереді.
– «Instagram» желісіндегі хабарламаға көзім түсті. Мұны өзімді дамытуға, көзқарасымды кеңейтуге және жаңа мамандықты игеруге қажет мүмкіндік деп көрдім. Осыған дейін жиһаз жасау саласында жұмыс істегенмін, бірақ жүйелі білім жетіспейтін. «Joltap» курстары маған бар білгенімді жүйелеуге және жаңа дағдыларды меңгеруге көмектесті. Біз өлшемдерді есептеуді, материалдарды таңдауды және жиһаз құрастыруды үйрендік. Курс аяғында жиһазды өз бетімше құрастыра алатын болдым. Бұл білім мамандығыма деген сенімділікті арттыруға және біліктілігімді кеңейтуге септігін тигізді. Көп ұзамай кәсіби мобилографияны да оқып алдым. Яғни кәсіби құзыреттілігіммен қатар, табысымды арттыруға серпін берер жаңашылдықты үйрендім, – деп атап өтті жоба түлегі.
Айта кету керек, жобаны жүзеге асырудағы маңызды қадамның бірі жұмыс берушілерді білікті мамандармен байланыстыруға көмектесетін, оқыту мен қайта даярлаудың түрлі құралдарын ұсынатын «Jumystap.kz» платформасын ашу болған. Міне, бүгінде қосымша қаланың мамандарға деген сұранысын жедел шеше отырып, кадр тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесінде маңызды элементке айналды.
– Басқа жиһаз жасаушылар секілді ең алдымен өз үйіме қажетті шкаф жасадым. Нәтижесін көрген соң бұл іспен кәсіби түрде айналысуды ниет етіп, елордадағы жиһаз цехтарының біріне жұмысқа орналастым. Онда құрастыру және монтаждау негіздерін үйреніп, қосымша осы салаға қатысты интернетте қолжетімді ақпараттарды зерттедім. Жиһаз жасағаннан кейін оны тиімді сату жолдарын білу үшін «Joltap»-тың «Таргетолог» курсына қатысуға өтініш білдірдім. Әрі қарай жобаға өз ұсынымды білдіріп, жаңадан ашылған курстың оқытушысы болдым. Бастама елорда тұрғындарына 10 жұмысшы және 8 цифрлық кәсіп бойынша оқудан өтуге бірегей мүмкіндік береді. Жұмыс дағдылары көбіне тігінші, модельер-конструктор, бухгалтерлік есеп, шкаф жиһазын жасау негіздері, кассир-сатушы, аяқкиім жөндеу шебері, Kaspi сауда, электр және газбен дәнекерлеуші, май ауыстыру және дөңгелек жөндеу, бариста. Оған қоса SMM, веб-сайт әзірлеуші, видео монтаж, графикалық дизайн, контентмейкер, мобилография, маркетолог сынды заманауи бағыттары да бар, – деді «Joltap» жобасындағы «Корпусты жиһаз жасау негіздері» курсының оқытушысы Марат Базарбеков.
Жалпы, былтыр Астанада «Joltap» жобасы секілді басқа да жұмыспен қамту шаралары көмегімен 23,3 мың адам еңбекке араласты. Оның 13,7 мыңы – жастар. Жұмыс орындарын құрудың Өңірлік картасын іске асыру шеңберінде 67 634 жұмыс орны құрылды. Негізгі бағдарламалар қатарында «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны» және жаз мезгілінде елорданы абаттандыруға үлес қосатын «Жасыл ел» жобасы бар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, елордада NEET санатындағы жастардың үлесі 6,1%-ды немесе 26 447 адамды құрайды. Астаналық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, жоғарыда аталғандарға қосымша 35-ке дейінгі азаматтарды әлеуметтендіру үшін бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.
– 2024 жылы «Таза Қазақстан» акциясы барысында зиянды әдеттермен күресу мақсатында насыбайды өртеу және «Тәуелділікті спортқа айырбаста» атауымен науқан өткізілді. Ал есірткі заттары туралы жарнамалық жазуларды бояу бойынша рейдтер ұйымдастырылды. Экологиялық шаралар аясында жастар «Таза дүйсенбі», «Сәтті сәрсенбі», «Жасыл Астана» акцияларына белсенді қатысып, қаланы көгалдандыру және тазалау жұмыстарына атсалысты. Өткен жылы ойынқұмарлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Психиатрлар мен наркологтердің қатысуымен колледж студенттерімен 8 кездесу өткізіліп, 500-ден аса ақпараттық буклет пен парақша таратылды. «Еріктілер мектебі» аясында 2024 жылы волонтер ШЫҰ саммиті (200 ерікті) және Дүниежүзілік көшпелілер ойындары (1 600 ерікті) сияқты халықаралық іс-шараларда белсенді болды. «Жас сарбаз» жобасы шеңберінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылып, 110 мектеп пен 35 колледжде 10 мыңнан аса жас оқитын «Жас сарбаз» сыныптары мен клубтары ашылды. Астана жастарына қолдау көрсету мақсатында түрлі жобалар мен бастамаларды жүзеге асырып, олардың дамуы мен жүзеге асырлуы үшін қолайлы орта қалыптастырылып жатыр, – деді басқарма басшысы.