
Сергеев су торабы – Есіл өзені ағынының негізгі реттеушісі. Өткен жылы су тасқыны кезінде Сергеев су торабының төменгі саласындағы топырақты сел шайып кеткен еді. Петропавл су торабына зақым келген жоқ.
Былтыр Үкімет республикалық бюджеттен гидротехникалық нысандарды ағымдағы жөндеуге және Сергеев пен Петропавл су тораптарында су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге 278,5 млн теңге бөлді. Жағалауларды бекіту үшін бұл нысандарға 1,4 мың текше метрден астам ірі кесек тастар әкелінді, Сергеев су құрылысы бөгетіне жақын төменгі сағасына түбін тереңдету жұмысы жүргізілді, 940 текше метр топырақ қоспасы қазып алынды.
«Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин қазіргі уақытта екі су торабы да қанағаттанарлық жағдайда және штаттық режімде жұмысын жалғастырып жатқанын баяндады. Биыл қосымша 14 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Өңірдегі «Қазгидромет» филиалының басшысы Қымбат Мерғалимова жауын-шашын мөлшері оңтүстік және шығыс аудандарда нормадан көп болатынын айтты. Яғни Сергеев суқоймасынан төмен орналасқан аудандар үшін су тасқыны қаупі жоғары.
«Сергеев су торабы – су тасқыны қаупі бар аймақтағы стратегиялық нысан, тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге де жауапты. Егер судың толу деңгейі 2 метрден асатын болса, орталыққа және жеке маған шұғыл хабарлауды тапсырамын», деп атап өтті О.Бектенов.
Петропавл қаласында Премьер-министр былтыр су тасқыны кезінде апатты жағдайда тоқтап қалған 1-көтергіш сорғы стансасын реконструкциялау барысын тексеріп, жаңа технологиялық жабдықтарымен танысты. 70-жылдары салынған сорғы стансасы 50 жыл бойы жөнделмеген. Аяқталған реконструкцияның нәтижесінде құрғақ жерде және су астында жұмыс істей алатын 2 сорғы орнатылды. Сондай-ақ сыртқы әсерлерден және механикалық зақымданудан қорғау үшін электр кәбілдері жер астымен жүргізілді. Бұл шаралар су басқан жағдайда да электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ықтимал апаттың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Есіл өзенінен өтетін көпір салу арқылы Петропавл қаласын айналып өтетін жолды реконструкциялау жоспарланған. Құны 71 млрд теңге болатын жоба бірінші кезеңде республикалық бюджеттен қаржыландырылып, 18 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар Премьер-министрге ЖИ элементтері бар технологиялық мүмкіндіктер, атап айтқанда, «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы таныстырылды. Бүгінде бұл жүйе Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін белсенді қолданылады. Биылдан бастап оны СҚО-дағы су тасқыны жағдайын бақылауға, одан әрі өзге де су тасқыны қаупі бар өңірлерге кеңейту мақсатында іске қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапары барысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, ылғал көрсеткіші Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының батыс бөліктерінде және Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының тау бөктеріндегі аудандарында шамадан тыс жоғары екені байқалады. Сондай-ақ бірқатар өңірде топырақтың қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда төмен.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биылдан бастап су тасқыны кезеңіне арналған жинақталған гидрологиялық болжамға қоса, әр аймақта егжей-тегжей ақпарат пен кеңестер беріліп жатқанын баяндады. Олар қауіпті аймақтарда орналасқан нақты елді мекендерді көрсете отырып, судың ең жоғары деңгейі мен шығынын, гидрологиялық бекеттердегі ағынның көлемін және су тасқыны басталуының болжамды күндерін көрсетеді. Сондай-ақ метеостансалар дерегі негізінде гидрологиялық бақылаумен қамтылмаған аумақтардағы еріген судың күтілетін көлемі туралы ақпарат беріледі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков «Tasqyn» су тасқынын болжаудың жаңа ақпараттық жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді енгізу туралы хабарлады. Өзендердің 128 учаскесіндегі 142 гидробекетте су тасқынын модельдеу жүргізіледі. Сонымен қатар суқоймаларынан жіберілетін су мөлшері бойынша жедел мәлімет автоматтандырылған және қауіп-қатерді ертерек ескертуге мүмкіндік беретін «GloFAS» жаһандық су тасқыны туралы ескерту жүйесімен біріктірілген.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бүгінде 74 нысан қалпына келтірілді, 46-сы жөндеу сатысында, 18-інің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Стратегиялық маңызы бар учаскелерді қоса алғанда, 1 мың шақырымнан астам канал, 153 шақырымнан астам өзен арнасы тазартылып, 205 нысанда жөндеу жұмысы жүргізілді. Былтыр көлемі 245 млн м3 болатын Ақтөбе суқоймасын реконструкциялау аяқталды.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, су тасқыны қаупі бар аймақта 1 223 елді мекен бар. Оларды қорғау үшін 576 шақырым топырақ үйінділері мен қорғаныс бөгеттері тұрғызылды, 822 шақырым су бұру жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды. Автомобиль және теміржол қатынастарында 960 су өткізу құрылысы орнатылды және ауыстырылды. 74 өзеннің қауіпті учаскелерінің 500 шақырымға жуығының түбі тереңдетіліп, жағалауы бекітіліп, арналар тазартылды.
Премьер-министр әкімдер мен ведомстволарға су тасқыны кезеңіне дайындықты наурыз айының басына дейін аяқтауды тапсырды.