
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесін Үкімет пен агенттікке тапсырды.
– Әкімдерді тікелей сайлау жүйесі елдегі маңызды реформалардың бірі болды. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – 2,5 мыңнан аса басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Бір сөзбен айтқанда, әкімдер корпусы жаңартылды. 2023 жылы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін пилоттық сайлауы өтті. Барлық облыста 45 әкім сайланды. Осы жылдан бастап республикадағы аудан әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Осыған орай бүгінде ауыл әкімдерін қайта даярлау бағдарламасының іске қосылуы орынды және дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Бағдарлама әкімдерді ауыл экономикасының дамуына әсер ететін негізгі факторларды айқындауды үйретеді. Сондай-ақ әкімдер ауылдық елді мекендерді дамыту жолдарын белгілеуді, басым бағыттары бойынша кооперациялық жобалар мен экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеуді меңгереді. Сонымен қатар әкімдер жергілікті өзін-өзі басқару үдерістеріне азаматтарды тарту әдістерін үйренеді. Оған жергілікті қауымдастықпен өзара іс-қимыл жасау және бірлескен жұмыс ұйымдастыру тәсілдері кіреді, – деді Қ.Бозымбаев.
Әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру жергілікті бюджетті тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алулар мен салықтар, коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау, аймаққа инвестиция тарту, мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдарын қолдану, қабылданған шешімдердің сәттілігіне әсер етуі мүмкін тәуекелдерді басқару, тиімді коммуникациялар және өзге дағдыларды дамытуды көздейді.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің лауазымды адамдары, «Amanat» партиясының және еліміздің өзге де саяси партияларының өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары, сондай-ақ өңірлерден аудан және ауыл әкімдері онлайн қатысты. Жиын барысында агенттік төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында әкімдерді оқытудың тиімділігіне ерекше мән беру қажеттігіне тоқталды.
– Cаяси партиялар Ауыл әкімдерін сайлау кезінде өздері ұсынатын кандидаттардың тұлғалық жауапкершілігі мен кәсіби даярлығына назар аударғаны жөн. «Адал азамат» идеалдарына сай, шынайы мақсатта ел игілігіне әділ қызмет етуді көздейтін адамдардың жұмысынан қашанда оң нәтиже күтуге болады, – деді Д.Жазықбай.
Бағдарлама практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, экономика, мемлекеттік басқару, құқықтану салалары бойынша сарапшылармен кездесу және оффлайн, онлайн форматта 240 академиялық сағат оқытуды қамтиды. Оқытудың қорытындысына сәйкес әкімдер өңірлерді экономикалық дамытуға қатысты жобаларын қорғайды.
– «Amanat» партиясы аталған жобаны Үкіметпен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірге, қоян-қолтық жүзеге асырады. Жоба тек оқу бағдарламасынан тұрмайды. Яғни бағдарлама келешекте тәжірибе алмасу мен үздік әдіс-тәсілдерді енгізу алаңына айналады, – деді «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.
Біліктілікті арттыру Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардағы филиалдары арқылы жүзеге асырылады.