Өнер • 19 Ақпан, 2025

Бірлікті нығайтқан өнер

55 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл 1 наурызда ТМД тарихында тұңғыш рет құрылған «Birlik» ансамбліне тура бір жыл толады. Шығармашылық ұжым әлем халық­та­рының мәдени мұрасын сақтау, оны ілгерілету, дәстүрлі музыка мен биді дәріптеу мақсатында Роза Бағланова атындағы «Qazaqconcert» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан құрылды.

Бірлікті нығайтқан өнер

Ән мен би – адам мен әлемнің үндестігі. Жаныңа сезім сыйлай алатын, жүрекпен сөйлейтін өнер. Сахнаға шыққан бишінің әр ұлттың төл әуеніне ырғалып, қи­мылдаған қозғалысы сол ел­дің мұрасын жаңғыртқандай әсер қалдырады. Ал әні ішкі жан дү­ниесінің тереңдігін, болмысын аша түседі. Осы қуатты құралды «Birlik» ансамблі игі мақсатта қолданып келеді. Әр этнос­тан құралған өнерпаздар ортақ сах­на­да өнер көрсетіп, өзара мәде­ни алмасуды күшейтіп, елде біртұтас ұлт қағидатын нығай­туға септесіп жүр.

Алғаш ұжымды жасақтауда еліміз­дің әр бұрышында кастинг өткізі­ліп, түрлі этнос өкіл­дері мен мульти­инструмента­листер арасынан 20 үздік биші мен музыкант таңдалған. Олар­дың қабі­лет-қарымын, техникаларын шыңдауда, композиция­ларды да­йындауда осындай ұжымдарда өнер көрсетіп жүр­ген, тәжірибесі бар, алыс шетел­ден мэтрлер мен мықты мамандар шақырылған. Олардың қатарында Ресей, Татарстан, Өзбекстанның еңбек сіңірген қайраткерлері бар.

«Бастапқыда ансамбльдің құра­мында 20 биші болса, қазір 24-ке көбейді. Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­кері Қарлығаш Әжиева осы ансамбльдің алғашқы концер­тінің қоюшы-режиссері болды. Ол өнер ұжымына көптеген талантты та­уып, сахнаға шыға­руға көмектесті. Ал бас балет­мейстер ретінде Жанатай Кожабеков шақырылды. Биыл еліміздегі маңызды оқиға­лардың бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерекесі тойланғалы отыр. Осы­ған орай 30 қаңтарда Алма­ты қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап жеке кон­цертімізді өткіздік. Іс-шара­да өнер ұжымы қазақ, орыс, әзербайжан, тәжік, ұйғыр, чешен, корей және татар ха­лықтарының билерін орындады. Бір айта кетерлігі, көрермендер дәл осы концертте «Жігер» не­оқазақ биінің премьерасын тамашалады», деді «Birlik» ан­самблінің көркемдік жетекшісі әрі бишісі Анель Марабаева.

Ансамбльдің бірегей репертуа­­­­ры елдегі 100-ден аса этностың музы­­­ка­лық мұрасы мен өнерін қамтиды. Қазақтың «Күй шашу», орыстың «Русский танец», өзбектің «Дучава», қырғыздың «Эргеме», татардың «Ақ Идель», тәжік­тің «Чилваи Хиромон», т.б. билері бар. Мұны былтыр тұсаукесер салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ерекше атап өткен еді.

«Өз ісіне, өнеріне жан-тә­німен берілген дарынды әртіс­тердің арқа­сында біздің бай мәдениетіміз бен тарихымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Бұл халықаралық ареналарда айқын көрініске ие. Ансамбльдің тұсаукесері Алғыс айту күніне орайластырылған. Осылайша, әртүрлі этносты біріктіре­тін, бірлік пен үйлесімнің нышанына және Қазақстанның төл брендіне айналатынына сенімдімін», деді А.Балаева.

Ансамбль аз ғана уақыт ішін­де біраз биікті бағындырып үл­герді. Өркениет көшіне ілес­кен әлемнің бірқатар елінде, атап айтқанда Түркия, Ресей, Түрікменстанның өнерсүйер қауымын тамсандырды. Биыл тіпті Еуропаға аяқ басып, концерт беруді де жоспарлап отыр.

«Birlik» – жастардың ортақ идея айналасында жұмы­лып, қо­ғамның игілігі үшін бір­лесе алуының айқын дәлелі. Ұжым­ның бөлшегі болу шы­ғар­­ма­шылықты арттырып қана қой­майды, ұжым мүшелерінде ын­­ты­мақ­­тастық пен түрлі мә­де­­ниетке деген құрметті қа­лып­­тастырады. Осы­лай­ша, қазақ өнерін жаңа деңгейге көте­ріп, халықаралық аренада Ота­нымыз­дың бай ұлттық өнерін таныс­тырып, еліміздің мәдени әртүр­лілігін көрсететін бірлік пен ке­лісім идеясын насихаттайды. Сондай-ақ өнер ұжымы әлемнің жетекші хореографтары және музыканттарымен мәде­ни ынтымақтастықты белсенді қолдап келеді. Енді ха­лық­аралық фестивальдар мен конкурстарға қатысуды көздеп отырмыз», деді А.Марабаева.

Демек өнер – шығар­ма­шылықтың ғана көрінісі емес, бір­ліктің де символы. Бұл адамдар арасындағы айырма­шы­лықтарды ұмытып, ортақ идея мен мақсатқа бағындыра алады. Мұның күші – ортақ тілде сөйлей білу, жүректен жүрекке жету, әлемді ізгілікке жетелеу жолында бір болу. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше