Заң мен Тәртіп • 19 Ақпан, 2025

Есірткі сатқанға – ауыр жаза

63 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Есірткі қылмысымен күрес – ел полициясының басты міндетінің бірі. Тәртіп сақшыларының қырағы қызметінің арқасында күн сайын түрлі қылмыс ашылып жатыр. Соның бірқатары кейінгі онкүндік ішінде тіркелді.

Есірткі сатқанға – ауыр жаза

Фото: istockphoto.com

Қаңтар айында Жамбыл облы­сы­ның полицейлері есірткі қыл­мысының 40 дерегін анықтады. Оның ішінде 8-і – аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз сақтау, үшеуі – есірт­кі сату, екеуі – есірткі өсіру, біреуі – есірткіні насихаттау мен жар­на­малау дерегі. Сонымен қатар ұйым­дасқан қылмыстық топқа қаты­судың бір фактісі тірелген. Синте­тикалық есірткі өндіретін зертхана ұйымдастырған төрт адамға қатыс­ты қылмыстық іс қозғалды. Ал Тараз қаласында үнді марихуанасын өсіретін зертхана белгілі болып, қызметі тоқтатылды. Облыстық де­пар­тамент дерегінше, бір ғана айдың ішінде заңсыз айналымнан 173 килодан аса түрлі есірткі заты тәркіленген.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, синтетикалық препараттардың таралуына қарсы күрестің тиімді әдісі – әлеуметтік желілерге монито­ринг жүргізу. Қаңтар айын­да «Кибер­надзор» арқылы 107 ин­тер­нет-сайт анықталып, бұғаттал­ған. Дегенмен есірткімен күресте қыл­мыстың салдарымен емес, себебімен жұмыс істеп, құқық бұзушылықтың алдын алған тиімді. Осыған орай жамбылдық ішкі істер органдары мүд­делі органдармен бірлесіп жоға­ры және орта оқу орындарында 113 профилактикалық іс-шара өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде 191 материал жариялаған.

Еліміздің теріскейіндегі қызыл­жарлық тәртіп сақшылары да кейінгі он күн­нің ішінде марихуана өсіретін бес зерт­хананы анықтады. «Polisia.kz» таратқан дерекке сүйенсек, Солтүс­тік Қазақстан облысы ПД есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл басқар­масының қызметкерлері есірткі фитозертханаларын анықтау жөнін­дегі жұмыстарды күшейткен. Нәти­жесінде, таяу күндері құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз егіп-өсір­ді деген күдікпен Петро­павл қаласының 27 мен 47 жас ара­лығындағы бес тұрғыны анықталды. Олардың барлығы қылмыс үстін­де, нақты дәлелмен ұсталды. Күдік­тілердің үйлерін тексеру кезінде жарықтандыру құрылғылары мен басқа да қажетті құрал-жабдық, тұқымдар мен қарасора түптері табылған. Полицейлер олардан 22 түп қарасора, 265 грамға жуық марихуана мен гашиш есірткі заттарын тәркіледі. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласында жергілікті полиция бөлімінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі қызмет­керлері де құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру үшін өз пәтерінде фитозертхана ұстаған жергілікті тұрғынды құрықтады. Ол тыйым салынған заттың өндірісін жолға қою үшін интернет арқылы қажетті жабдыққа, атап айтқанда фитобокс, диодты шам, фитолампа, тағы басқа керек-жараққа тапсырыс берген. Сонымен қатар қажетті тұқымды сатып алып, алғашқы өнімді күтіп отырған жерінен қолға түсті.

Тәртіп сақшылары оның үйін тексере келе сұр-жасыл түсті, өзіндік иісі бар қорапты тауып, тергеу іс-шаралары барысында оның марихуана екенін анықтады. Тәркіленген заттардың нақты құрамы мен салмағын анықтау үшін сараптамаға жіберілді.

Осы орайда полицейлер 2025 жылдан бастап елімізде есірткі өндіру үшін берілетін жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылғанын еске салады.

Ал Абай облысының полиция қызметкерлері ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлесті­руімен еліміздің оңтүстік өңірінен есірткі жеткізудің тұрақты арнасын жою бойынша іс-шара жүргіз­ді. Нәти­жесінде, автокөлікпен ірі көлем­де есірткі тасымалдап бара жатқан үш жергілікті тұрғынды ұстаған. Олардан нарықтағы құны 35 млн теңгені құрайтын 110 килодан аса марихуана тәркіленді.

Осы факт бойынша аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу бойынша қылмыстық топ жасаған іс-әрекетке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аймақта есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес белсенді түрде жалғасып жатыр.

Айта кетейік, еліміздің заңнама­сында есірткі қылмыстарын жасаға­ны үшін 14 жастан бастап қылмыстық жаза тағайындалады. Бұл – әсіресе ата-аналар үшін маңызды ескерту. Олар балаларының қандай іспен шұғылданып жүргенін жіті қа­дағалауы қажет. Егер жасөспірімнің қалтасында не картасында артық ақша пайда болса, сабақтан кейін белгісіз іспен айналысып жүргені анықталса, оның күдікті жүріс-тұрысын тексеру керек. Қырағылық кез келген қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді.