Пікір • 20 Ақпан, 2025

Ұлт кітабын оқу бір күнмен шектелмейді

75 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Цифрланған әлемдегі жетекші елдердің тәжірибесін зерт­тей келе, олардың технологиялық прогресте көш бас­тауының басты себебін ұғына түстік. Бұл елдердің та­бысты дамуы ең алдымен адам капиталымен тығыз бай­ланысты. Ал адам капиталын қалыптастырудың негізгі құралының бірі – кітап оқу, ғылыми ізденіс және өнер­тапқыштық. Біз өркениет көшінен қалмаймыз десек, жаһандық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек.

Ұлт кітабын оқу бір күнмен шектелмейді

Бүгінде әлем елдерінің интел­лек­туалдық деңгейін бағалайтын түрлі ұйым бар. Білім деңгейі индексі бойынша Германия, Швейцария, Канада алдыңғы орындарда тұрса, IQ көр­сеткішінен Қытай, Жапония, Сингапур сияқты мемлекеттер жеке-дара көш бас­тап келеді. Зияткерлік капитал индексінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия жоғары көрсеткішке ие.

Бұл статистика нені білдіреді? Техно­логиялық дамудан алдыңғы қатарда тұрған елдер кітап оқудың маңызын терең түсініп, оқу мәдениетін дамытуға айрықша мән береді. 2024 жылы әлемде ең көп кітап оқыған халық америкалықтар болды. Мәселен, олар аптасына орта есеппен ­7 сағатын кітап оқуға арнайды. Бұл жылына 357 сағатты құрайды. Ал италиялықтар жыл сайын 278 сағатын, қытайлықтар 154 сағатын, жапониялықтар 135 сағатын, кореялықтар 125 сағатын кітап оқуға жұмсайды. Ал елімізде бұл көрсет­кіш небәрі 65 сағатты құрап отыр.

Мұндай жағдайда кітапханаларды жаңғырту – аса маңызды мәселе. Жасанды интеллект бұл бағытта таптырмас көмек­ші бола алады. Мысалы, виртуалды кітап­ханашылар пайдаланушылардың сұра­нысына нақты әрі жедел жауап беріп, оқырманның қызығушылығына қарай кітаптар ұсынса, кітапханаға бару мәдениеті жаңаша сипатқа ие болар еді. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен виртуал­ды экскурсиялар ұйымдастырып, кітап қорын цифрлық форматқа көшіруді жеделдетуге болады.

Алайда аталған саланы дамытудың жолында бірқатар түйткіл де бар. Соның бірі – білікті мамандар тапшылығы. Қазір еліміздің кітапхана жүйесін дамытумен айналысатын орталық аппаратта аз ғана маман жұмыс істейді. Бұл фактор жан-жақты реформаларды жүзеге асыруға және жаңа технологияларды енгізуге кедергі келтіреді.

Бұдан шығатын қорытынды кадрлық саясатты қайта қарастырып, әлемдік тәжірибеге сүйену қажет. Дамыған елдерде осы сала мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүйелі түрде қолдау тауып келеді. Білікті IT мамандар мен инновациялық басқару саласының сарапшыларын тарту – кітапханаларды жаңғыртудың тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар кітапханашылар­дың білік­тілігін арттыру мәселесі де өзекті. Арнайы оқы­ту бағдарламаларын енгізіп, жасан­ды интеллект пен цифрлық құрал­дар­мен жұмыс істеуді үйрету қажет. Атал­ған курс­тарды онлайн форматта ұйым­дас­тыру арқылы шалғай аймақ­тар­дағы ма­ман­дарға да мүмкіндік жасауға болады.

Сондай-ақ университеттермен, кітап­ханашыларды даярлайтын білім меке­­мелерімен тығыз байланыс орнатып, тео­риялық білімді тәжірибемен ұштастыру керек. Бұл болашақ мамандардың еңбек нарығына бейімделуін тездетеді әрі кітап­хана ісінің инновациялық дамуына жол ашады.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тайдың үшінші отырысында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнық­тыруымыз керек», деген болатын. Сондай-ақ Президент жастарды кітап оқуға баулу арқылы жалпыұлттық деңгейде оқырман мәдениетін қалыптастыру керектігін баса айтты.

Расында, тәуелсіздік жылдарында кітапхана ісі назардан тыс қалып, 90-жыл­дардағы қиын кезеңдерде мыңдаған кітапхана жабылды. Бұл – орны толмас олқылық. Өйткені миллиондаған кітап қорынан айырылу – интеллектуалды әлеуетімізге үлкен соққы.

Түркістан облысына барған сапарымда Фараб кітапханасына ат басын бұрдым. Бұрын Шымкент қаласында жасөспірімдердің рухани-мәдени дамуы­на үлес қосқан Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы бар еді. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген кезде жетпіс жылдық тарихы бар осы кітапхана да жаңа мекенге ауысты. Бірақ балаларға арналған 234 мың кітаптың, оның ішінде сирек кез­десетін құнды дүниелердің арнайы залдарда емес, жертөледе сақталғанын көріп қынжылдық. Бұл – ұлттық құндылыққа бейжай қараудың белгісі. Жергілікті билік мәселені шешуге уәде берді.

Оқырман мәдениетін қалып­тастыруда жүйелі шешім қабылдау қажет. «Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе жастар арасында сұранысқа ие болуы керек», деген еді Президент Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде.

Расымен, кітап шығару ісін жүйелеп, таралымын арттыру үшін арнайы мем­лекеттік бағдарлама қажет. Қазіргі таңда отандық бас­палардан шығатын кі­таптардың ең жо­ғары таралымы 5 мың данадан аспайды. Бұл ел аумағы үшін өте аз. Кітап шы­ғару ісін дамытуда жа­зушылардың әлеу­мет­тік жағдайына да назар аудару керек.

Сонымен қатар қоғамда кітап оқу мәдениетін жандандыру үшін бірқатар нақты қадамдарды қолға алған жөн.

Біріншіден, үлкен қалалардан бас­тап аудан орталықтарына дейін кітап дүкендері мен сату нүктелерін қайта жандандырған жөн. Бұрын мұндай дүңгіршектер кең таралған еді, ал қазір ірі қалалардың өзі­нен оларды табу қиын. Яғни кітаптар мен газеттерді сататын шағын мобильді орталықтар желісін құрып, онда қазақ әдебиетіндегі туындыларға басымдық берілгені дұрыс. Бұл бастаманы «Кітап-Amanat» жобасы аясында үйлестірсе, ұтымды болады.

Екіншіден, кітапханалардың мате­риалдық-техникалық базасын нығайтып, кітапханашылардың еңбегін лайықты түрде дәріптеп, олардың әлеуметтік жағдайына тиісті деңгейде көңіл бөлу жағы жолға қойылуға тиіс.

Үшіншіден, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында республикалық және аймақтық деңгейде кітап оқу сағат­тары мен кітап апталықтарын тұрақты түрде ұйым­дастырып, халықтың назарын осы үрдіс­ке аудару керек. Халықаралық кі­тап күні мен Ұлттық кітап күнін жоғары дең­­гей­де атап өтіп, бұқаралық сипат беру қажет.

Ұлы Абайдың «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» дегені кітап оқу мәдениетін дәріптейтін негізгі ұстаным болуға тиіс. Себебі кітап – мәдениеттің кілті, өркениеттің өзегі!

 

Нұрсұлтан БАЙТІЛЕСОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты