
Ақтоғайға шетелден туристер жиі келеді. Ертеден солай. Жыл өткен сайын Беғазы-Дәндібайдың мәдени ескерткіштеріне қызығушылық танытатын туристер тіпті көбейіп отыр. Онымен қоса Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған топырағына тәу ететіндер де көп. Арқаның ең биік нүктесі Ақсораңның биігін бағындырғысы келетіндердің де қатары артқан көрінеді.
Туризм сарапшысы Жазира Жанкина «шетелдік туристер қазір тамылжыған табиғат іздеп, тау мен тас аралағаннан гөрі елдің көне тарихын көп білгісі келеді», дейді.
– Бізге шетелдерден турист көп келеді. Әсіресе елшіліктермен тығыз жұмыс істейміз. Еуропалықтарды этнотуризм, экотуризм қатты қызықтырады. Қарағанды облысында алыстан келген меймандарды апаруға болатын жер көп. Әсіресе Ақтоғай ауданындағы Беғазы-Дәндібайды іздеп келетін мейман саны жыл сайын өсуде. Саяхатшылар бұл жердің тарихын интернеттен оқып алады да, көруге құштарлығы артады. Тиісінше бізге жүгінеді. Өзім жол бастап талай мейманды Ақтоғай елінің ғажап жерлері, тарихи мекендерімен таныстырып, алғысын арқалап қайтқанмын. Бұрын Ақтоғайдың өз басына жету мұң болатын. Жолы ойдым-ойдым. Қазір жол тақтайдай. Туризм дамуы үшін ең алдымен сапалы жол керек. Жақсы жол шаршатпайды. Енді Ақтоғайдан Қараталға дейінгі жолға асфальт төселсе, тіпті керемет болар еді, – дейді Жазира Құрмашқызы.
Шабанбай би ауылы халқының сырттан келген мейманына шаңырағының есігі ашық, дастарқаны әзір. Бұған бұл елді мекенде экотуризмді дамытамыз деп БҰҰ грантын ұтып алған «Авалон» туристік агенттігі жол ашып берген. 2007–2008 жылдан бастап Қытай, Франция, Америка, Аустралия секілді алты құрлықтан туристер ағылған.
2013 жылдан бері ауылдағы «Сұлутас» қонақүйі табысты қызмет көрсетіп келеді. Қонақүй иесі Раушан Дүйсенбекова «Авалон» туристік агенттігі ұйымдастырған семинарға қатысып, қызмет көрсету сапасын жетілдірудің алғышартын жан-жақты ұғынып алыпты. Онымен қоса түрлі туризм сарапшыларының ақыл-кеңесін қағазға түртіп алып, іске асырыпты.
«Аулымыздың аты озып, қуанып жатырмыз. Енді тіпті турист ағылады деп жер аяғының кеңігенін асыға күтіп отырмыз. Жылына бірнеше мемлекеттен 100-ге тарта турист келеді. Бір кездері туризм ошағына айналатыны тіпті түсімізге де кірмеген еді. Сол себепті бұл көрсеткішке қуанамыз. Алыстан келген меймандардың көбі біздің қонақүйімізге түседі. Шетелдіктердің талғамы әртүрлі. Көңіл қалауына байланысты тағамдарын әзірлейміз. Үш мезгіл. Әсіресе ұлттық тағамдарымызға тамсанатындар көп. Ақ сүттен әзірленетін ас түрлері оларға таңсық болса да тамсанып жейді», дейді Р.Дүйсенбекова.
Айтпақшы, қонақүйдің журналы бар екен. Келген туристер өзінің пікірін білдіріп, қолтаңбасын қалдырады. Осы уақытқа дейін бірде-бір сыни пікір жазылмапты. Арқа елінің дарқан көңіліне, қонақжай құрметіне дән риза болған қонақтар қызмет көрсету сапасын бас бармақпен бағалапты.
Иә, мұнда топтасып келетін отандық туристер де жетіп артылады. Әсіресе оңтүстік өңірден келетін тур Ақсораңға ғана емес, тұтас Арқа жеріне маршрут сызып алыпты. Балқаш көлін жағалай келіп, Бектау ата, одан Әлихан Бөкейханның ата қонысына, Талдыбейітке соғып тәу етіп, Беғазы-Дәндібайдың тылсым тарихымен танысады. Содан Ақсораңның етегіндегі Шабанбай би ауылына келіп тоқтап, Ақсораң шыңын бағындырады да, Қарқаралыны бетке алатын көрінеді.
Ал жылда жаз бойы Ақтоғай ауданының үздік әрі белсенді оқушыларына арналған «Арай» лагері жұмыс істейді. Ауыл шетіне киіз үй тігіліп, балалар тау-тасты аралап, қасиетті мекеннің сырына қанығады. Былтыр 350 баланы қабылдапты.
Еліміздің туризм әлеуеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым назарында. «Еліміздегі туризмнің əлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға əлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мəселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деген еді Президент. Сонымен қатар туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды.
Міне, Қараталдың (көптің ауызында осылай аталады) үздік туристік ауыл атануы – болашақ инвестор әкелер игіліктің алғашқы қадамындай. Әрі өңіріміз үшін өшпес тарихи сәт.
«Үздік атанғалы бері жастардың да талпынысы күшті», дейді ауыл әкімі Асқар Мұратов. «Бұл жаңалыққа ауылдың еңсесі көтеріліп қалды. Жылда «Авалон» туристік ұйымы туризмге қатысты семинар өткізетін. Соған қатыссақ деген жастардың ниеті тіпті күшейді. Гид болсақ, туған жердің тарихымен келген меймандарды таныстырсақ, турист тартудың түрлі тәсілін меңгерсек деген арман-ойлары бар. Мемлекеттің грант секілді қандай да бір көмегін тиімді пайдалансақ деген ынталары қуантып отыр. «Авалон» компаниясы осы маусымда ұжымымен келіп, жастарды оқытып, қызмет көрсетуді жақсартамыз дейді. Бізде әлеует бар. Ауылдың маңайының өзінде бірнеше нүкте бар. Ақсораңның шығыс бетіндегі Мырзақожа сайындағы сарқыраманың сұлулығы, Әулиетаудағы тылсымға толы екі бірдей үңгір келушілерді таңдандырмай қоймайды. 20 шақырым жердегі Қыпшақ ғибадатханасында, Желтау тауындағы таңбалы тастарда, Жекежал қыстағы мен Қарашоқы тауындағы Бүркіт бейнесінде, Әулиетау үңгіріндегі біздің заманымызға дейінгі 3 мың жыл бұрын жосамен салынған суреттерде түрлі аңыз-әпсана жатқаны анық. Онымен қоса балбалтастың 38 түрі бар. Осының бәрін білгісі келетін туристер біреуін қалт жібермейді ғой. Ауылымыз өркениеттен алыс емес. Ұялы байланыс ұстайды. Beeline, Altel, Activ, Tele2 желілері бар. Интернет тартымдылығы – 4G. Тіпті әр үй Wi-Fi орнатып алған. Аудан орталығына әкелетін Қарағандының да, Балқаштың да жолы тамаша. Енді биыл аулымыздан Ақтоғайға дейінгі жолдың 15 шақырымына асфальт төсемек. Жалпы, арасы 40 шақырым ғой. Жартысын асфальттаса деген үмітіміз бар. Өйткені осы бір қуанышты жаңалықтан соң аулымызға ат шалдыратын мейман көбейеді», дейді әкім А.Кәкенұлы.
Гидтерді оқыту бойынша халықаралық тренер Арина Жаманқараева да бұл жаңалықты туризм ошағына айналу үшін үлкен мүмкіндік дейді. Әрмен қарай жетілдіріп, нағыз этноауыл жасаса, жарнамасын үдетсе деген пікірін қоса кетті. Алматыдағы туризмнің қара қазанына айналған миллионер ауыл Сатыны мысалға келтірді.
«Ақтоғай ауданына жол түскенде көрдік, барлық мүмкіндік барын. Енді тау етегіне киіз үй тігіп, шетелдіктерге ауылдың қоңырқай тіршілігін көрсетсе, керемет болар еді. Қазір ауылды аңсап жүрген қаладағы ел де көп. Ауылы жоқ олар сіздерге ағылады. Instagram желісінен парақша ашып, жарнаманы күшейту қажет. Таргетпен жұмысты ширату керек. Ақтоғайға келген туристердің 70-80 пайызы осы ауылға келеді. Дәп Ақсораң тауының баурайы, тарихи орындардың бәрі осы аймақта. Осы ауылға Сатының мәдениетін толығымен әкелу керек. Қазір Саты ауылының кішкентай балалары да туризммен айналысады. Баланың өзі айына 1 миллион теңгедей табады. Атын жалға берсе де. Мысалы, Ақсораңға шығу үшін ат жалға берсе болады. Аяғы ауыратын кісілер, үлкендер бұл қызмет түріне жүгінеді. Осылай ат туризмінің өзін қолға алуға болады. Одан бөлек «УАЗик» алып, сонымен де туристерді тау-тасқа тасу пайдалы. Мұнан ақша табасыз, турист тартуға да жол ашасыз. Осындай қарапайым жолы арқылы туризмді түлетуге болады. Мұндағы халық өте қонақжай екенін білемін. Еті, қымызы сондай дәмді. Мұның өзі турист тартуға сеп. Тек мәдениетті қалыптастырған жөн. Сондықтан мен ауылдың келешегіне сенемін», дегені үміт сыйлағандай.
Белгілі туроператордың тағы бір ұсынысы көңілге қонады. Қаладағы көлік көп өтеді деген жерге билборд іліп, Ақтоғайдың әсем жерлерін, тарихи мекендерін неге жарқыратып, жарнамалап қоймасқа?
Қорыта айтқанда Шабанбай би ауылының туризммен шекесі шылқып кетуге мүмкіндігі жетіп артылады. Миллионер ауыл атануға әлеует бар, әрекетті де бастады.
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы,
Шабанбай би ауылы