Төтенше жағдай • 21 Ақпан, 2025

Шет ауданында төтенше жағдай енгізілді

65 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Шет ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай енгізілді. Басты себеп – энергиямен жабдықтау жағынан мәселе туындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шет ауданында төтенше жағдай енгізілді

Қазір 27 елді мекенге электр қуатын беруге шектеу қойылды. Энергиямен қамтамасыз етуге жауапты «Шет-Энерго» компаниясы «Жезқазған электр тарату желісі» АҚ-ның талабын орындамаған. Жергілікті биліктің мәліментінше, «Шет-Энерго» біраз жылдан бері желілерді жаңғыртпаған. Салдарынан ақау шығып, үйлер мен әлеуметтік нысандар жиі жарық пен жылусыз қалып отыр. Ескертуге қарамастан компания қызмет сапасын жақсартуға тырыспаған. Қазір тозған электр желілерін шұғыл қалыпқа келтіру үшін аудан аумағындағы кәсіпорындар жұмылдырылды.

Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровтың айтуынша қос кәсіпорынның арасында келісімшарттың болмауы және электр желілеріне жауапты мекеменің ауқымды жөндеу жұмыстарын жасамауы, аудан аумағындағы 3 мыңға жуық тұрғын үй мен 43 әлеуметтік нысандарды жарықсыз қалдырып қана қоймай, өзге де орын алуы ықтимал қауіптерді тудырып отыр. 

«Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы орган ретінде апаттың алдын алу, келеңсіздіктерді жою  мақсатында аудан аумағында ТЖ жарияланды. Бұл кәсіпорын алдағы уақытта тұрғындарға сапалы қызмет көрсете алмауына байланысты заңдылықтар шеңберінде реквизиция жасау мәселесі қарастырылатын болады», дейді аудан әкімі.