Театр • 22 Ақпан, 2025

Шырғалаң жолдағы шешім

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында ғана шымылдығы түрілген «018-автобус» деп аталатын психологиялық драмаға мәртебелі көрермен «Сәкен театрының репертуарына енген өзгеше туынды» деп баға берді. Соған қарағанда Қазыбек Аманжол есімді жас драматург құндылықтың құлдырағанын, қоғамның дертін топтап келіп бір автобустың ішіне сыйдыра алғандай...

Шырғалаң жолдағы шешім

Драматургтің ойын­да­­ғы­сын сахнаға сәтті алып шық­қан шығарма ре­жиссері Бибі­ажар Диханның кәсі­би­лігі де рөл ойнағандай. Мұндай биік дәрежеде көркемдей алғанына драматургтің өзі де қайран.

«Сәкен театрының актерлері психологиялық драма­ның болмысын, моралін сезініп ойнады. Тіпті актерлік шеберліктері арқылы кейіпкерлерді шынайы етіп көр­сетті. Диалогтер өте сәтті шықты. Ре­­­жис­­серге де алғысым шексіз. «Мен осын­дай дүниені жазыппын-ау», деп таңғалғанымды несіне жасырамын?»  дейді Қазыбек Аманжол.

Психологиялық драмадағы Ма­ри­­­­­наның рөлін Сая Бекбо­сы­нова, Алинаны Айғаным Айтбаева, сту­дентті Нұртілек Асыл­бек, кемпірді Гүлнар Базар­баева, молданы Рахат Қош­жанов, үшінші әйелді Саягүл Тәшімбекова, екінші еркек­ті Талғат Садықов, екінші әйел­ді Аружан Каленова, бірінші еркекті Амангелді Мұқа­­шев, бірінші әйелді Нұр­бибі Мұқан, кәсіпкерді Бауыр­жан Нұрмағанбетов, саудагерді Жандос Шәкен, Закирді Ахай Жұмамұратов сәтті сомдап шыққан.

Жол. Жолаушы... Жер бетіндегі тіршілік иесінің барлығы да – өмір сапарында жүрген жолаушы. Ол сапар бірде өрге бастайды, енді бірде төменге құлдилайды.

Өзіндік планета іспетті «018-авто­буста» тағдырлары тоғысқан әр кейіпкердің өз ақи­қаты бар. Адамдық пен на­дандық, кесірлік пен кеса­пат­тық, адалдық пен арамдық ар­па­лысқа түсетін бұралаң жолда апаттан аман қалғанының да, аруаққа айнал­ғанының да көрерменге айтары, салар ойы негізді.

Сөйтіп, шығармашылық ұжым «018-автобуста» табыс­қан түрлі тағдырдан психо­логиялық портреттер галереясын жасапты. Автобус ішіндегі әлем арқылы бүгінгі қоғам келбетін бедерлеген.

Автобуста молда, кәсіпкер, әйел, өрекпіген жігіт отырады. Арасында жүкті әйел де бар. Әңгіме автобустағылар жүкті әйелдердің қоғамдық көлікте қатынауына на­разылық білдіруінен басталады. Кикіл­жің содан өрбиді. Молда болса уағызын айтып, кәсіпкер болса байлығын айтып масаттанады. Ал әйел жаралы жан сырын ақтарады. Өзін ақтау үшін қоршаған ортасын, қоғамды кінәлайды. Іс насырға шапқан соң, қоғамдық көліктегі жас дәрігер жүкті әйелді басқа көлікке отырғызып жібереді. Драманың соңында 018-автобус жол апатына түсіп, жолаушылардың барлығы тіл тартпай кетеді. Осылайша, автор үлкен өмірге шыр етіп келетін кіршіксіз нәрестені кірлеген қо­ғам­нан арашалап, аман сақтап қалады.

Иә, психологиялық драма бір­­неше буынның санасы дертке ұшы­ра­ғанын жеткізгендей. Түйінінде жас ұрпақты қоғам дертіне ұрындырмай сақтап қалғаны көрермен санасына сәуле құйғандай әсер берді.

 

Қарағанды облысы