Сұхбат • 22 Ақпан, 2025

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА: Жаңа буынды интеллектуалдық құндылық ұйыстырады

285 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде мемлекет жастарға ойлағанын іске асыруға, қарым-қабілетін шыңдауға мүмкіндік жасап жатыр. Тек оларға оқы, еңбек ет, идеяларыңды сәтті жүзеге асыр деген міндет жүктелгендей. Алайда кейбір мәселелер жастар саясатының әлі де осал тұстары бар екенін көрсетеді. Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Жұлдыз Сүлейменовамен осы жөнінде әңгіме өрбіттік.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА: Жаңа буынды интеллектуалдық құндылық ұйыстырады

– Жұлдыз Досбергенқызы, жас буынды еңбекке баулудың маңызы зор. Бұл ретте еңбек адамының дәстүрлі рөлін қазіргі экономикаға қалай бейімдеуге болады?

– Еңбек адамының дүние­танымы мен парадигмасын өзгерту – жүйелі реформалардың табысқа жетуіндегі негізгі фактор. Нақты әрі түбегейлі өзгеріс адамның санасы мен құндылықтар жүйесі трансформацияланғанында ғана орын алады. Технологиялардың қар­қынды дамуы, еңбек нары­ғының өзгеруі және жасанды интеллекттің ықпалы дәстүрлі кәсіптер мен дағдыларға деген сұранысты қайта қарауды талап етеді. Сондықтан жаңа экономикалық кезеңде еңбек адамының көзқарасы мен рөлі өзгеруге тиіс. Яғни жұмысты жай ғана атқару емес, кәсіби даму мен үздіксіз оқуды өмірлік дағдыға айналдырудың өзектілігі артады.

Бәріне белгілі, білім сапасын арттыру бағытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ауқымды реформалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы, педагогтеріміздің айлық жалақысының өсуі, педагогика және медицина мамандықтары шәкірт­ақыларының өсуі, халық­­аралық университеттер филиал­дарының ашылуы. Енді «Жұмыс­шы мамандықтары жылы» аясында кәсіптік және техникалық білімді реформалауға, еңбек адам­дарының мәртебесін артты­руға баса назар аударылады.

Қазіргі таңда жұмысшы маман­дық­та­рын қолдау бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, мемлекет тарапынан «Отбасы банк» арқылы 72 миллиард теңгеден астам қаражат ипотекалық бағдарламаларға бөлініп, жұмысшы мамандық иелерінің баспана алуына мүмкіндік жасалды. Алайда тек материалдық қолдау жеткіліксіз. Алдағы уақытта олардың қоғамдағы орнын күшейту үшін кешенді өзгерістер қажет.

Сонымен қатар, жұмысшы маман­­дар­дың еңбекақысын қайта қарастыру маңызды. Қазіргі таңда бұл саладағы жалақы төлеу тәртібі 2015 жылы қабыл­данған қаулыларға негізделген, яғни 10 жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр. Бұл қаулыларды бүгінгі экономикалық жағдай тұрғысынан қайта қарау қажет деп санаймын. Бұдан бөлек кәсіби дайындық пен қайта даярлау жүйесін жетілдіру – осы саланың дамуына серпін беретін негізгі қадамдар.

– Бүгінде жастар арасындағы жұмыс­сыздық – өткір мәселе. Бұл жағдайға қандай факторлар түрткі болып отыр?

– Жаңа заманның жаңа талаптарын елемеу уақыт ағымын ескермегенмен тең. Демек бүгінгі жас ұрпақтың өмірден өз орнын тауып, табысты мансап құруы үшін мына факторлар ескерілуі қажет.

Біріншіден, білім жүйесін еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіру. Қазіргі таңда жұмыс берушілер нақты тәжірибелік дағдылары бар мамандарға сұраныс жасайды. Алайда оқу орын­дарындағы білім көбіне теорияға негіз­деледі. Яғни университеттер мен колледж­дер дуалды білім беру жүйесін кеңейтіп, тәжірибелік бағдарламаларды енгізуге тиіс.

Екіншіден, жастардың IT, цифрлық технологиялар және креативті индус­трия саласында дамуын қолдау керек. Бола­шақ еңбек нарығының басым бөлігі цифрлық экономиканы қамтитындықтан, жас мамандарға осы бағытта білім беру маңызды. Яғни жас буынды роботтехника, киберқауіпсіздік, маркетинг, дизайн сияқты салаларға бейімдеген дұрыс.

Үшіншіден, soft skills – коммуникация, сыни ойлау, уақытты басқару дағдыларын дамыту. Қазіргі жұмыс берушілерге тек кәсіби білімі бар маман ғана емес, тез үйренетін, икемді, командада жұмыс істей алатын қызметкерлер қажет. Сондықтан азаматтарға ерте жастан осы дағдыларды сіңіруіне мүмкіндік жасаған жөн.

Төртіншіден, кәсіпкерлікке бейімдеу және қаржылық сауатты арттыру. Бар­лық жас жалдамалы қызметкер бола бер­мейді, олардың ішінде кәсіп ашуға ниет­тенгендері де бар. Бірақ бизнес бастау үшін тек қаржы емес, оны тиімді жүр­гізетін білім қажет. Осы ретте жастарға арналған стартаптар мен шағын бизнеске арналған бағдарламаларды кеңейту керек. Ал қаржылық сауатты мектеп, тіпті балабақшадан бастап үйретсе, артық етпейді.

Бесіншіден, 10-11-сыныптың оқу бағдарламасына белгілі кәсіпке үйретуді қосса, дұрыс болар еді. Бүгінде көптеген елде «Бір аттестат – бір мамандық» қағидаты сәтті қолданылады. Яғни оқушы мектепті бітіргенде, орта біліммен қатар белгілі бір кәсіптің иесі атанады. Бұл жастарға еңбек нарығына ерте араласуға, табыс табуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға жол ашады. Мысалы, оқушы мектеп кезінде шаштараз, тігінші, наубайшы, слесарь тағы басқа жұмысшы мамандығының нақты дағдыларын меңгерсе, бұл өзінің шағын кәсібін бастап кетуіне, қосымша табыс табуына жәрдемдеседі. Байқасаңыз, қазір көп түлек мектептен кейін қай бағытты таңдарын білмей абдырап, жүріп қалады. Өзінің қаламаған мамандығына оқуға түсіп, кейін оны аяқтаған соң, жұмыссыздар қатарын толықтырып жатады.

Мен бұл жерде нақты статистикалық, я болмаса шетел тәжірибесімен салыс­тыруды емес, барды бағалап, жоқтың орнын толтыра білуіміз шарт деген идея­ны ұсынғым келеді. Түптеп келгенде, жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы елдің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық тұрақтылығының негізгі көрсеткіші екенін естен шығармау керек.

– Бұзақы бала қайдан шығады? Қоғам­­да құқық бұзу­шы­лық пен қыл­мысқа жол бермеу үшін қандай шаралар қажет?

– Әрине, балабақшадан бастап адам құқығы, буллинг туралы тәрбие жұмыс­ын сапалы жүзеге асыруға көп көңіл бөлген жөн. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен Ұлттық құрыл­тайда көтерілген 9 өзекті мәселе бо­йынша Парламентте заң қабылданды. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зом­былықты кримина­ли­за­ция­лау­ға арнал­ған әйел­­дер­­дің құқықтары мен бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнін­дегі заңдар.

Буллинг ұғымына әкімшілік жауап­кершілік қарастырылды. Денсау­лыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу баптары енді криминализацияланды. Вейптерге тыйым салу жөніндегі заң, ең алдымен мектеп жасындағы жасөспірімдердің қолдануына тыйым салады. Ойын бизнесі, лудоманияға қарсы заң жастар арасында лудоманияның алдын алу және реттеу механизмдерін күшейтеді. Вандализм және табиғи нысандарды қорғауға қатысты заң қоршаған ортаның бүтіндігіне арналды. Бір сөзбен айтқанда, бұл бастамалар қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алуға, әлеуметтік қолдауға, «Заң және тәр­тіп» қағидатын негіздеуге бағытталды.

Өкінішке қарай, жаңа ғасыр қарқыны мен ақпараттық ағын жастардың бо­йында түрлі стрестік жағдайлар мен пси­хологиялық мәселелер туғызып отыр. Әлеуметтік желілер мен шексіз ақпарат тасқыны, жеке тұлғалық даму жолындағы қысымдар жастардың жан дүниесіне терең әсер етеді. Сондықтан жастардың психологиялық және эмоционалдық күйіне де мән беру керек.

Қазіргі таңда «Amanat» партиясы психо­логиялық қолдау мен қызмет көрсету саласындағы заң жобасын әзірлеп жатыр. Себебі жалпы білім саласындағы әлеуметтік қызметкерлерге деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттілігі туындап отыр.

– Ал жасөспірімдердің цифр­лық са­уатын дамыту үшін не істеу керек?

– Білім саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге бастамашы болып, смартфондарды оқу үдерісінде қолдануға тыйым салатын нормалардың қабылдануына үлесімізді қостық. Білім саласында қабылданған заңдар мен өзгерістер негізінде біз мектептерде сабақ барысында смартфондарды қолдануға шектеу қоюды ұсынып, осы бағытта нақты шаралар қабылданды. Бұл шаралар балалар мен жасөспірімдердің ақыл-ойының жетілу үдерісі толық аяқталмай тұрған кезге дейін, әлеуметтік желілер мен интернеттің әсерінен қорғауды мақсат етеді.

Әлеуметтік желілерде ұсынылатын контенттің сапасы мен мазмұнына назар аударған жөн. Бұл тұрғыда, әсіресе ата-аналардың жауапкершілігі өте жоғары болуға тиіс. Жас ұрпақтың цифрлық сауатын арттыру, олардың интернет­тегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және моральдық жауапкершіліктерін дамыту үшін барлық тараптың бірігіп жұмыс істеуі өте маңызды.

– Жастардың азаматтық ұстанымы, елдік деңгейдегі мәселелерге қатысуы туралы не ойлайсыз?

– Мен жастардың арасында жиі боламын, олардың саясатқа қызығушылығы бар және саясаттағы қиындық тура­лы жиі сұрайды. Осы орайда үнемі әлеуметтік стандарттардан гөрі интеллектуалдық құн­дылықтар жоғары екенін айтып жү­ре­мін. Жастарға осы қағидатпен өмір сүру маңызды екенін түсіндіруге тырысамын. Ең бастысы – сапалы білім және жақсы құндылықтар, темірқазық болатын өмірлік ұстанымдар. Адал еңбектеніп, нақты бір негізге сүйеніп жұмыс істесеңіз, болашақта мақсаттарыңызға жетуге болады.

«Адал азаматтың» қалыптасуы – Ұлттық құрылтай аясында көтеріліп, жүйеленген  «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының сапалы жүзеге асырылуымен тікелей байланысты болмақ. Бұл бағдарлама – өскелең ұрпақтың бойында адами құндылықтарды, жауапкершілік пен еңбекке құрметті қалыптастырып, дамытуда өте өзекті. Жақсылыққа жете­лей­тін, ел үшін қызмет ететін адал азаматтар тәрбиелеу – ортақ мақсатымыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше