
Сурет: yassy-tur.kz
«Ет өңдеушілер Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдеріне мал экспортының жоғары деңгейі туралы хабар беріп отыр. Бұл отандық бордақылау алаңдары мен өңдеу зауыттарының толық пайдаланылмай қалуына әкеліп соғады. Салдарынан ет бағасы қымбаттап, килосы 1 800-2 000 теңгеден 2 800 теңгеге дейін көтеріліп, мамандардың айтуынша, бөлшек саудада 4 000-5 000 теңгеге дейін жетуі ықтимал», дейді «Ауыл» партиясының бас кеңесшісі Гүлнара Дәулетярова.
Оның айтуынша, сарапшылар мен сала өкілдері форвардтық сатып алу жүйесі арқылы бордақылау алаңдарының жұмысын ынталандыру үшін секторды қаржыландыруды 70 млрд теңгеге арттыруды ұсынып отыр. Бұл фермерлерге бордақылау алаңдарын малмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мал бордақылау алаңдарының қуатын арттырады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайға түсініктеме беріп, елімізде сиыр еті жеткілікті екенін айтты. Былтыр ет өнімінің өндіріс көлемі 400 мың тоннадан асып жығылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ға артық көрінеді. Ведомство бағаның көтерілуіне көрші елдерден қазақ малының етіне сұраныстың артуы себеп болып тұрғанын баса айтып отыр. Қазір министрлік етті мал шаруашылығы мәселелерін шешуге тиіс жұмыс топтарын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Елімізде алдағы екі жылда 98 мың бас ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңы мен 50 мың бас ұсақ малға арналған ірі бордақылау кешені салынбақ.
«Бағаның өсуі көп факторға байланысты. Оның ішінде отандық мал етін өндірушілердің өніміне сұраныстың артуы да бар. Министрлік мәліметіне жүгінсек, өткен жылдың соңында сиыр етінің экспорты 8 мың тоннаға артып, 22,1 мың тоннаға жеткен. Өндірілетін өнімді өткізудің тұрақты нарықтарының және қолайлы баға шарттарының болуы саланың одан әрі дамуының іргелі факторы болып саналады», деді Г.Шәңгерейқызы.
Маман сөзіне зер салсақ, квота тетіктерін қолдану ішкі нарыққа да реттеуші әсер етеді. Тірі ірі қара малдың (бұзаудың) экспортына квота түріндегі сандық шектеулер қойылады. Бұқаларды экспорттаудың шегі – 85 000 бас. Ал асылтұқымды малды экспорттауға толық тыйым салынған. Десек те, Батыс Қазақстан облысындағы «Терра Ақжайық» ЖШС қуаттылығы 15 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңын іске қосты. Алаң өткен жылдың қарашасынан бастап жергілікті ферма-қожалықтардан бұқа қабылдауды бастады.
Арыс қаласында 50 мың бас малға арналған бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр. Жоба мал шаруашылығына аустралиялық әдісті өңірге енгізу аясында жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Turkestan Agro.kz» ЖШС базасында 2 ірі жоба жүзеге асады. Біріншісі – етті мал өсірумен айналысатын репродуктор. Екіншісі – жаңбырлатып суару әдісімен 4 710 гектар алқапта малға азықтық дақылдарды өсіру. Нысандар аустралиялық «торлы» мал шаруашылығына арналған баспана жүйесі бойынша жұмыс істейді. Жобаның бірінші кезеңінде (былтыр жыл соңына дейін) бордақылау алаңына 15 мың бас мал жиналды. Екінші кезеңде тағы 10 мың, 2026–2027 жылдары 25 мың бас қосылады. Жоба құны 16,2 млрд теңгені құрайды. Өндірісте 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жобада инновациялық технологияларды қолдану мал бордақылау алаңын қажетті көлемде жеммен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мал өнімділігі мен ет өнімдерінің сапасын арттырады.