
Шаһарда бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан, өзгешелігімен көз тартатын жаңа үйлерге қоныстану – әркімнің арманы. Сол арманға қала халқы біртіндеп қол жеткізіп жатыр.
Қаланың «Жастар-3» шағын ауданында тұрғын үйлер құрылысы өткен жылдың шілде айынан бастап жүргізілді. Кезекте тұрғандарға жалға берілетін 56 жаңа үй салынып, сатып алынды. Бүгін кілттері табысталған 23 үйден бөлек, 33 үй ақпан айының соңына дейін қолданысқа беріледі. Әр үйдің жалпы ауданы 76 шаршы метр. Жыл соңына дейін осы тұрғын ауданда жеке құрылыс салушылар есебінен тағы 150-ге жуық үй пайдалануға беріледі деген жоспар бар.
«Тұрғын үй кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрдық. Баспана жалдаудың құны біздей жандарға арзанға түспейді, оған қоса жиі көшудің өз машақаты бар. Әсіресе балаларым қиналып кететін. Енді, міне, өз баспанамызға қол жеткіздік, қуанышымызда шек жоқ», дейді алты баланың анасы Индира Иманболова.
Жұрттың көзқуанышына айналған таңғажайып кешендер мен көкпен таласқан көрікті үйлердің көптеп салынуына қыстың суығы, жаздың аптап ыстығына қарамастан тер төгіп жүрген құрыш қолды құрылысшылардың сіңіріп жатқан еңбегі ересен. Олар іскер де қабілетті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып келеді.
Бұған дейін 49 көпбалалы отбасына «Береке» коттедж қалашығындағы тұрғын үйлердің кілті табысталған еді. Бұл үрдіс облыста алдағы уақытта да жалғасады. Облыстық құрылыс басқармасы берген мәліметке жүгінсек, биыл 298 нысанның құрылысы жүріп, жыл соңына дейін оның 266-сы аяқталып, пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, барлығы 375,0 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген, оның 92,2 мың шаршы метрі бюджет қаражаты есебінен бой көтеріп, соның ішінде 36,7 мың шаршы метрі жалға берілетін, 55,5 мың шаршы метрі несиелік баспана болмақ. «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен 22,7 мың шаршы метр, жеке құрылыс салушылар есебінен 54,3 мың шаршы метр, жеке тұрғын үй құрылысы есебінен 205,8 мың шаршы метр үй тұрғызылмақ.
Қазірде бюджет қаражаты есебінен 115,3 мың шаршы метр немесе 1 472 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. 140 үйдің 107-сі жеке, қалғаны көпқабатты баспана болады. Ауданы 92,2 мың шаршы метрді құрайтын 1 204 пәтерлі 133 тұрғын үй ел игілігіне беріледі деп күтіліп отыр. Оның ішінде ауданы 55,5 мың шаршы метр немесе 727 пәтерге арналған 17 үй несиелік баспана. Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында 60 пәтерлі 1 үй, Көксу ауданы Балпық би аулында 60 пәтерлі 2 үй, Жаркент қаласында 120 пәтерлі 2 үй, Текелі қаласындағы С.Сейфуллин көшесі бойында 60 пәтерлі 1 үй салынып жатыр. Талдықорған қаласында 128 пәтерлі 5 үй, 110 пәтерлі 3 үй, 129 пәтерлі 3 үй тұрғызылады.
Жалға берілетін баспаналар да ретімен бой көтеріп келеді. Ауданы 36,7 мың шаршы метрді құрайтын 477 пәтерлі 116 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, облыс орталығында 98 пәтерлі 3 үй, 72 пәтерлі 2 үй, 107 коттедж салынады. Ақсу ауданындағы Жансүгір ауылында 60 пәтерлі 1 үй, Сарқан қаласында 120 пәтерлі 2 үй, сондай-ақ Көксу ауданы Балпық би ауылында тағы 20 пәтерлі 1 үй салынып, ел игілігіне беріледі. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ есебінен ауданы 22,7 мың шаршы метрлік 300 пәтерге арналған 5 үй тұрғызылады. Оның ішінде Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында 60 пәтерлі 1 үй, Талдықорған қаласында 240 пәтерлі 4 үй бой көтереді.
Инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту, жайластыру жұмыстары да ретімен жүзеге асырылады. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 30 нысанын салуға 7,3 миллиард теңге қаражат бөлінген. Осылайша, жыл соңында дейін 20 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр Талдықорғанда 1 283 отбасы тұрғын үймен қамтылып, кезек 8,3%-ға төмендесе, осы жылы тағы 1 483 отбасы тұрғын үйге қол жеткізеді. 1041 пәтерлік 28 үйдің, 107 коттедждің құрылысы аяқталады, халықтың әлеуметтік осал топтарына 300 пәтер сатып алынады. Сөйтіп, 2023–2025 жылдары облыс орталығында 5 мыңға жуық кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Жетісу облысы