
Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.
Осы орайда Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Біріккен Араб Әмірліктеріндегі арнайы мақсаттағы бөлімшелер жарыстарына қатысқан бірқатар офицерге «Ел қорғаны» медалін табыстады. Сондай-ақ арнайы операциялар күштерінің белгісі мен алғыс хаттар берді. Ал ерекше көзге түскен әскери қызметшілер мерзімінен бұрын әскери атағын алды. Осылайша сала басшысы Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілерін құттықтады.
– Мұндай халықаралық деңгейдегі жарыс әскерилердің жауынгерлік қабілетін шыңдауға, тәжірибе алмасуға ықпал етеді. Ең бастысы елдер арасындағы қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды нығайтады. Арнайы операциялар күштерінің «Жаубасар» командасы алғаш рет элиталық бөлімшелердің жарыстарына қатысып отыр. Жарыс бағдарламасы арнайы полиция күштеріне арналған. Дегенмен жақсы нәтиже көрсетті. Алда Иорданиядағы әскери арнайы мақсаттағы бөлімшелердің және Ұлыбританиядағы «Кембрий патрулі» жарыстары ұйымдастырылады. Оның нәтижелерінен сарбаздардың кәсіби даярлықтарын көре аламыз, – дейді Р.Жақсылықов.
Қазақстандық әскери делегация сапары аясында IDEX және NAVDEX-2025 халықаралық қорғаныс технологиялары көрмесінің жұмысымен танысып, зерделеді. ADNEC көрме орталығында олар қару-жарақ, әскери техника үлгілерін және қорғаныс мақсатындағы технологиялар ұсынған ірі әскери-өнеркәсіптік компаниялардың павильондарын аралады.
Көрме алаңында Руслан Жақсылықов БАӘ вице-премьері және қорғаныс министрі шейх Хамдан ибн Мұхаммед Әл Мактуммен кездесті. Тараптар екіжақты өзара іс-әрекет бағыттарын талқылап, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін растады.
Бұған қоса Қазақстанның Қорғаныс министрі қорғаныс өнімдерінің жетекші өндірушілерінің басшыларымен келіссөз жүргізді.