
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ғалымы экологияны жақсартуға бағытталған озық технологиялық үрдіс барысында әмбебап жемдік ақуыз қоспа, қалдықтарынан зоогумус түрінде өнім алудың заманауи әдісін зерттеді.
«Қара сарбаз» шыбыны дернәсілін көбейтіп, технологиялық желісін дамыту арқылы еліміздегі азық қоспалары өндірісін дамыта аламыз. Бүгінде азық қоспаларына сұраныс артып келеді. Оның себебі, біріншіден, мал шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың көбеюі болса, екіншіден, салаға мемлекет тарапынан қолдаудың жылдан-жылға артып келе жатқаны. Құрамажем өнеркәсібін қайта жандандыру – мал шаруашылығы өнімдерінің көбеюі мен ауыл-аймақтардың дамуына ықпал етеді. Ал құрамажем – мал шаруашылығы өнімдерін өндіру тізбегіндегі негізгі азық болғандықтан, сапалы жем-шөппен қамтамасыз етілген малдың өнімі де жоғары болады», дейді ол.
Қара шыбын (Hermetia illucens) дернәсілдерінен алынатын ақуыз-липидті концентрат – өте құнарлы шикізат. Бұл органикалық қалдықтарда өсірілген дернәсілдерді өңдеу нәтижесінде алынады. Өңдеу барысында бөлініп шығатын ақуыз және липид фракциялардың өзіне тән қасиеті бар. Ондағы ақуызды концентраттың құрамында құрғақ салмақта 40–60 пайызға дейін таза ақуыз алынады. Ақуыздары лизин, метионин және треонин сияқты маңызды аминқышқылдарына бай. Дернәсіл ақуыздары жануарлар үшін құнарлы азық, сіңімді әрі өте пайдалы.
«Концентрат тағамдық және азықтық қоспа ретінде аквамәдениетте, құс шаруашылығында дәстүрлі ақуыз көздеріне балама ретінде кеңінен қолданылып, теңіз бен соя өнімдеріне тәуелділікті азайтады. Липидтік бөлігі жануарлардың иммунитетін, терісі мен жүнінің сапасын жақсартуға пайдалы. Бұл – экологиялық таза өндіріс. Көмірқышқыл газы мен метанның шығуын азайтып, оларды құнды шикізатқа айналдыруға ықпал етеді. Қандай да бір иісі, дәмі болғанымен, жануарлар денсаулығына кері әсері жоқ», дейді ғалым.
Қара шыбын дернәсілдерінен алынған ақуыз бен липидті концентраттар тұтынушылық сипатымен қатар өндірістің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, азық-түлік, мал азығы өнеркәсібін маңызды ресурсқа айналдыруға әсері мол.
АЛМАТЫ