
Біздің кейіпкеріміз Виктория осы ауылдағы Олег Вьюшкиннің отбасында 2000 жылы дүниеге келген. Ұзамай Викторияның әкесі мен шешесі ажырасып, сүйкімді немересін әжесі Тамара Александровна алып қалып, өзі өсіреді. Әжесі – осындағы мектептің директоры болып ұзақ жылдар қызмет істеген, көзі қарақты жан. Ол мектепте қазақ сыныптарын ашып, немересі Викторияны да қазақшаға береді. Тілі орысша шыққан, үйде де, түзде де орысша сөйлеп жүрген балаға қазақ тілін үйрену оңай болмаған. Алайда әжесі оның қазақ тілін үйренуін қатты қадағалап, өзі білмесе де немересінің үйренгенін бақылап отырады. Түсінігі терең адам Қазақстанда тұрған адамдардың бәрі де қазақ тілін білгенін қалайды. Үйіне қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын да алып, Викторияға оқытып, мазмұнын сұрап, тыңдап отырады.
Асыл әженің еңбегі далаға кетпеді, Виктория мектепті «Алтын белгіге» аяқтап, өзі жақсы көретін мамандығы – полицияның Қостанайдағы университетіне түседі. Қазақ құрбылары Викторияның қазақ тілін білгеніне қызыға қарайды екен.
Викторияның өзі де қазақшаны жетік біліп, тіпті орыс тіліне қарағанда оны үздік игеріп алған. Тіпті қазақтың ділін де танып, бойына сіңіреді. Ол ол ма, 2023 жылы ислам дінін қабылдап, мешітте имамның азан шақыруымен Бәдрисафа деген мұсылман есімін алады. «Бәдрисафаны» қайдан алдың деген сұраққа ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жары, орыс қызы Александра Ивановнаның ислам дінін қабылдағанда «Бәдрисафа» атын алғанын басшылық еткенін айтады.
«Қостанайда оқып жүргенде, Ахмет Байтұрсынұлы туралы кино көрген едім. Сол фильмнен оның жары «Бәдрисафа» атын алғанын білдім. Сондықтан ислам дінін қабылдағанда мен де «Бәдрисафа» болуды қаладым. Бұл сөздің мағынасы да ғажап екен, «Бәдрун» деген толық айды, «сафа» (саф) деген кіршіксіз таза дегенді білдіреді. Сонымен, «кіршіксіз таза толық ай» болып жүрмін», дейді Бәдрисафа.
Қазір Бәдрисафа Петропавл қалалық 1-полиция бөлімінде учаскелік инспектор болып істейді. Полицияның аға лейтенанты шені бар. Барлық мәдени іс-шараға қатысып, домбырамен ән де айтады. Өзінің жұмысына да жетік. Қазір Рамазан айын тосып, ораза тұтуға да дайындалып жүрген көрінеді. Алдағы арманы жақсы тәрбие көрген қазақ жігітімен отау құру екенін де айтып қалды. Біз оның арманы орындалып, қазақ отбасының ошағын тұтатып, бақытты келін, үздік полиция қызметкері атанғанын тілейміз.
Солтүстік Қазақстан облысы