
Алмағайып кезеңдегі тарихи оқиғаларды арқау еткен қойылым ұлт азаттығы үшін арпалысқан Алаш арыстарының жанкешті тағдырын көз алдыңызға әкеледі.
Тарихи трагедияның бас кейіпкері Міржақыптың бейнесін актер Нұрлан Байшин, Алаш алдаспанының аяулы жары Ғайнижамалды талантты актриса Диана Тұрсынова, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын көп қырлы сахнагер Қабдол-Мәжит Иманов сәтті сомдап шықты. Театрдың белді актері Азамат Чукеев сомдаған Филипп Голощекиннің бейнесі арқылы зал толы көрермен қызыл жалаулатқан зұлмат заманның ызғарын анық сезінгендей болды.
Театр актері Нұрлыбек Кенжеахметов есімі беймәлім жалтақ, екіжүзді кейіпкерді сомдағанда, сол кездегі қызылкөз шолақ белсенділерге ортақ бейне деп түсіндік.
Драмалық қойылымның шырқау шегі – абақтыда жатқан Міржақыптың Ахметпен бақұлдасуы, Ғайнижамалмен қоштасуы дер едік. Осы тұста Міржақып, Алаш арманын ұрпаққа аманат
етіп, кіндік қаны тамған Қызбелімен, қалың елмен қоштаса келіп, бүтін алаш жұртының ұранына айналған «Оян, қазақ» өлеңін оқиды. Аса ауыр азалы әуеннің сүйемелдеуімен оқылған өлең көрерменнің көзіне жас үйіріп, аза бойды қаза қылғандай күй кештіреді.
Қойылым аяқталған соң зал толы көрермен өнерпаздарды сахнадан жібермей, қошеметке көміп қол соғып тұрып алды. Театр ұжымына аймақ басшысының атынан қошемет гүлі табыс етілді.
Театр ұжымы алдағы жазда Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай он шақты ауданға гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отыр.
Қостанай облысы